БАҚЫТ ТУШАЕВ: "ҚАЙРАТКЕР ДЕГЕН СӨЗДІҢ ҚҰНЫН АРЗАНДАТЫП АЛДЫҚ"

Уақыты: 11.07.2021
Оқылды: 1657
Бөлім: РУХАНИЯТ

Белгілі актер Бақыт ТУШАЕВ өзінің өнер жолы, арман-мақсаты жайлы "Жетісу" газетінің тілшісіне сұхбат берді.

– Бәке, сіз жаңа жылды "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері" деген мәртебелі атақпен бастадыңыз. Құтты болсын! Бұл – сөз жоқ, өнеріңізге берілген үлкен баға. Қайраткер атанудың жауапкершілігін қалай сезініп жүрсіз? Әңгімені осыдан бастасақ.

– Рақмет! Еңбегің еленіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөлену өнер адамы үшін үлкен абырой. Актер бақыты дегеніміз осы шығар. Алайда, мынаны ашып айтқым келеді. Мен үшін қайраткерліктің жүгі ауыр. Бұл тым биік ұғым. Кез келгеннің пешенесіне бұйыра бермейтін құрмет. Соған лайық болу ел алдындағы жауапкершілігімді одан да салмақтай түсу деп есептеймін.

Бүгінгі таңда қоғамның әр саласында ақ адал еңбегімен жетістікке жетіп, алғыс арқалап жүрген отандастарымыз аз емес. Бірақ олардың бәрін қайраткер деп тану өмірдің өлшеміне келе ме, келмей ме?! Осы мәселе ойландырады. Есесіне, әр саланың үздіктеріне берілетін өзіндік атағы болғаны жөн шығар деймін. Бұрын солай еді.

Мәселен, сахна саңлақтарының Қазақстанның Халық әртісі деген көңілге қонымды мәртебесі бар еді. Қазір ол өзгеріп, бәрін қайраткерге теліп жатырмыз. Осы арқылы қайраткер деген сөздің құнын арзандатып алдық. Осыған алаңдасам, пікірімді дұрыс түсінерсіздер. Сөз жоқ, мемлекет тарапынан өнер адамдарын қолдап жатқанына ризамын. Ал атақ-дәрежені иелену болдым-толдым деген сөз емес. Керісінше, ол саған зор жауапкершілік жүктейді. Одан сайын қанаттандырады. Шабытыңа шабыт қосылады. Мен атақтың салмағын осылай деп түсінемін.

– Бәрекелді, мына айтқан сөздеріңіз қоғамға үлкен ой салатын пікір екен. Мен сізді сахнадан тыс алғаш рет Еңбекшіқазақ ауданындағы Жаңашаруа ауылында жолықтырған едім. Аталған елді мекенде мектеп ашылғанда ауыл тұрғындарымен бірге сіздің де қуаныштан бал-бұл жайнап жүргеніңізді көрдім. Сол ауылдың түлегі екеніңізді сонда барып білдім. Ендеше, балалық шаққа бір саяхат жасап қайтсақ. Өнерге деген сүйіспеншілік сол кезден басталған шығар?

– Иә, дұрыс айтасыз. Жаңашаруа – менің туған ауылым. Біздің мектептегі өміріміз тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңге тап келді. Кешегі соғыс заманындағыдай қиыншылық болмаса да, жоқшылықтың не екенін сезіндік. Дүкендердің қаңырап бос тұрғанына куә болдық.

Әлі есімде, біз оқыған мектепте жылу жүйесі атымен жоқ еді. Шағын пештің екі сыныпты жылытуға ғана қауқары жететін. Оған мектеп оқушылары отын дайындайтын. Еңбек сабағын ағаш кесумен өткізетінбіз. Электр жарығы ауылға күніне екі-ақ сағат беріледі. Айлап, жылдап айлық көрмеген мұғалімдердің күнкөрісін айтсаңызшы. Осының бәрін қазір ой елегінен өткізсем, сол кездегі адамдардың шыдамдылығына қайран қаламын. Қиналып жүрсе де еңселерін тік ұстап, сыр білдірмейтін.

Бір қуанарлығы, ауылдағы кітапхана жұмысын тоқтатқан жоқ. Қазыбек деген досым екеуміз кітапқұмар едік. Сол ермегіміз өнер мен әдебиетке деген қызығушылығымды бала кезден оятты.

Жоғары сыныпқа көшкен кезде «Ауыл кеші тамаша» атты шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырдық. Онда өзіміз сүйіп көретін «Тамашаның» тарландары – Құдайберген Сұлтанбаев, Тоқсын Құлыбеков, Лидия Кәденова секілді майталмандардың әзіл-сықақтарын сол кісілерге ұқсап хал-қадірімізше сахналадық. Ауыл жұрты бұл бастамамызға ерекше қуанды.

Тіпті, көрші елді мекендерден де шақырту түсе бастады. Одан түскен қаржыға мектепке қажетті құрал-жабдықтар сатып алдық. Сөйтіп, мұғалімдерге көмектесеміз деп жүріп, өнер әлеміне қарай ойысып кеткенімізді өзіміз де байқамай қалдық.

Ауылда жаңа мектеп бой көтергенде менің көз алдыма сол суреттер келді. Қазіргі балалар сәулетті ғимаратта білім алып жатыр. Қарап отырып, шүкір дейсің. Ауылға барған сайын оқушы жиеніме: «Сендер өздеріңе берілген мүмкіндікті босқа жібермей, сабақтарыңды жақсы оқыңдар. Бізде ондай мүмкіндік болған жоқ. Адамды биікке жетелейтін білім», – деп ағалық ақылымды айтудан еш жалықпаймын. Өткеннің өнегесін балаларымның да есіне саламын. Өйткені, өнерге деген құштарлық бізді адал өмір сүруге үйретті.

 – Өмір деген қызық қой. Өнер академиясына оқуға түскенде баяғыдан еліктеп өскен «Тамашаның» тарланы Құдайберген Сұлтанбаевтың шәкірті болып шыға келдіңіз. Ұстаздар ұлағаты туралы не айтасыз?

– Мен қоңырқай тіршілік кешкен қарапайым шаруа отбасында ержеттім. Әкем Әуелхан ұжымшардың қара жұмысын істеді. Шешем Нұргүл мектепте еден жуды. Артымнан ерген үш қарындасым бар. Неге екенін білмеймін, өнерге ынтық болып өстім. Бес жасымнан домбыра тарттым. Ән айтқанды жақсы көрдім. Ауылдың үлкендері мені тоқтатып алып: «Әнші балапан, бір шырқап жіберші» деп басымнан сипайтын. Ол кезде «Тамашаның» дүрілдеп тұрған кезі. Теледидардан көрсетілетін концерт пен думан арманыма қанат бітірді.

Мектепті тамамдаған соң денсаулығыма байланысты дер кезінде оқуға түсе алмадым. Өнер академиясы үшінші жылы ғана маған есігін айқара ашты. Менің алғашқы ұстазым – Жанас Ысқақов ағай. Елімізге белгілі киноактер. Екінші курсқа дейін сол кісіден тәлім алдық. Ары қарай да шәкірті болар ма едік, бірақ Алланың жазуына не шара?! Жанас ағамыз жұбайымен бірге жол апатына түсіп, қайтыс болды. Бұл қайғы қабырғамызды қайыстырды. Ағайымыздың жарқын бейнесі әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Бұдан кейінгі ұстаздық жолды Құдайберген Сұлтанбаев ағамыз жалғастырды. Ол кісінің мына бір айтқан сөзі өмірімізге азық деп есептеймін: «Тұнған талант болсаң да, бар атақты еншілесең де, адамдық қалыптарыңды сақтай біліңдер. Осы сөзімді ешқашан ұмытпаңдар», – деп отырушы еді жарықтық.

Жанас аға да, Құдайберген аға да бізге әкеміздей қамқорлық көрсетті. Бір күні Құдайберген аға бізге «Жазғы демалыста жер-жерді аралап концерт берейік» деді. Біз бұл бастамаға қуана келістік. Сөйтіп, «Құдайбергеннің театр студиясы» құрылып, оның ішінде «Тамашаның» әртістері бар, біз бар – бәріміз гастрольге шығып, ел араладық. Ол кезде алатын стипендиямыздың мөлшері 2100 теңге болатын. Ал ауылдағы әкемнің айлығы 5000 теңге. Бір ай бойы Ақтөбе, Орал қалаларында концерт қойдық. Одан түскен ақшаны Құдайберген ағамыз бәрімізге теңдей етіп бөліп берді. Әрқайсымыз 60000 теңге ақша алып, қарық болғанымыз бар. «Ал енді осы тапқан-таянғандарыңды ауылда жүрген әке-шешелеріңе апарып беріңдер. Күзде оқуға жарқырап тұрып киініп келіңдер», – деді. Міне, Құдайберген ағамыз осындай адамгершілігі мол, кең жүректі азамат еді. Ұстаздарымның арқасында өнер академиясын қызыл дипломға бітіріп шықтым.

– Театрдағы алғашқы қадамыңыз қалай басталды?

– 2006 жылы академияны бітірген төрт бала – Әсет Иманғалиев, Жұлдызбек Жұманбай, Есжан Қамидуллин және мен Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына бардық. Ол кездегі театр директоры Талғат Теменов бізді екі сөзге келмей жұмысқа алды. Ең алғаш ойнаған рөлім «Тазша бала» болды. Режиссері – Тілектес Мейрамов. Содан бастап 16 жыл бойы осы театр сахнасында өнер көрсетіп келемін.

- Сіз Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» Жантықтың рөлін сомдадыңыз. Бұл образ сізге қаншалықты әсер етті?

– Жантықты екінің бірі батылы барып ойнай бермейді. Жалпы, театрда бірінші құрам және екінші құрам деген болады Бірінші құрамда бұл рөлді Рахман Омаров ойнады. Ол кісі маған қарағанда ысылған актер. Тәжірибесі мол. Әрине, алдында біршама қобалжу болды. Рахманнан кейін Жантықтың рөлінде ойнаған мені көрермен қалай қабылдар екен? Осы ой маған маза бермейтін. Сөйтіп шамам келгенше өзіндік образ жасауға тырыстым. Жантықтың рөлін сомдап болғаннан кейін қатты шаршайсың. Кәдімгідей есеңгіреп қаласың. Өйткені, ол бейне – күрделі. Кезінде бұл рөлді Құдайберген ағамыз да ойнапты. «Қазақ театры үшін ең үлкен образ ол – Жантық» деп айтып отыратын. Қай заманның болсын өз Жантығы бар ғой. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» шығармасының осы күнге дейін өзекті болуы сол Жантықтың арқасы шығар деп ойлаймын.

Нағыз актер үшін үлкен рөл, кішкентай рөл деген болмайды. Саған қандай кейіпкер жүктеледі, сен соны бүкіл жан-тәніңмен сомдай білуің керек. Сонда ғана халықтың қошеметіне бөленесің. 

- Рөлге қалай дайындаласыз?

– Жаңа рөл алған кезде біраз күн қоғамдық көлікпен жүремін. Адамдардың арасынан өзіме жүктелген образды іздеймін. Мен Иран-Ғайыптың «Фатима» атты пьесасындағы Мұхтар Әуезовтің рөлінде ойнадым. Режиссері – Мұрат Ахманов. Ұлы жазушының образын сомдау оңай болған жоқ. Екі айға жуық ұйқысыз түндерді бастан кешірдім. Ең алдымен Мұхтар ағамыздың зиратына барып, Құран бағыштадым. Музейімен сырластым. Ондағы әр жәдігерге зер сала қарадым. Оның ақыл-парасатқа толы бейнесін жан-тәніммен өзіме қабылдауға тырыстым. «Махаббат қызық, мол жылдардағы» Әуезовтің прототипі Мұхит Әуенов болған ғой. Сол шығармадағы бейнені пайдаландым. Сөйтіп, өз Әуезовімді сахнаға алып шықтым. Спектакль біткен соң жазушының ұлы Мұрат аға қолымды алып, ризашылығын білдірді.

Міне, содан бері бұл қойылым он жылдай театрда сахналанып келеді. Бірақ мен Әуезовтің бейнесін толық сомдай алдым деп әлі де айта алмаймын.

Режиссер актерді баптайды, дайындайды, бағыт береді. Жеме-жемге келгенде бүкіл жауапкершілік өзіңе жүктеледі. Берілген рөлді сахнада жарқыратып көрсете алу тек өзіңе ғана байланысты.

Образдың сәтті шығуы үшін актер еш нәрсеге алаңдамауы қажет. Ол отбасындағы әлеуметтік мәселемен басын ауыртпаса, көйлегі көк, көңілі тоқ болса қандай ғанибет! Өкінішке қарай, бізде олай емес. Қазіргі актерлердің күнкөрісі керемет деп айта алмаймын. Несиеге алған пәтердің ақшасын ойлағанда ойың сан-саққа бөлінеді. Осы мәселелер дұрыс жолға қойылса деп үміттенесің.

– Сахнаның киесі деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Адам болған соң басы ауырады, балтыры сыздайды. Бірақ, ауырған екенсің деп қойылымды кейінге ысыра алмайсың. Өйткені, спектакльді қалың көрермен күтіп отыр. Амал жоқ, өзіңді қинап сахнаға шығасың. Сол сәтте көзге көрінбейтін бір күш саған дем береді. Сахнаның киесін сол кезде барып сезінесің.

Нағыз актерлер сахнаны құдірет тұтады. Мәселен, Лидия Кәденова апамыздың күйеуі қайтыс болғанда, сол күні «Келіндер көтерілісі» атты комедиялық спектакльде ойнады. Көрермен күлкіге қарық болып жатты. Бірақ, ол кісінің жаны жылап тұрғанын ешкім де байқаған жоқ. Тілектес Мейрамов ағамыз да тура сондай халді басынан өткерген. Жалғыз ұлын өлтіріп кеткен күні театрды тастап кеткен жоқ. Өйткені, ол кісілер сахна үшін жаралған адамдар.

– Сізді көрермен қауым тек театр әлемінде ғана емес, кино актері ретінде де жақсы таниды. Әсіресе, «Бәсеке» атты сериалда сомдаған рөліңізді қызыға тамашалады. Бұл сериал комедиялық жанр болғанымен көрерменге үлкен ой салды десем қателеспеймін. Осы кинотуынды жайында әңгімелеп берсеңіз.

– Қарап отырсаң, өмірдің өзі бәсеке ғой. Бұл сериалда нағыз еңбектің бәсекесі туралы айтылады. Адал кәсіпкерліктің алға басатыны дәріптеледі. Аярлықпен, көреалмаушылықпен келетін бәсекенің жолы қысқа екенін көрерменге ұқтырады. Сондықтан бұл сериалды көпшілік жанына жақын тұтты.

«Бәсекеге» режиссер Әнуар Матжанов Олжас екеумізді ешқандай кастингсіз қабылдады. Өйткені, соның алдында ғана «Әулет» деген сериалда бірге ойнаған едік. Киноның сценарийі маған бірден ұнады. Режиссермен бірігіп, кейбір тұстарын өзімізше одан әрі жетілдірдік. Сөйтіп, бұл сериал халықтың қошеметіне бөленді. Сол арқылы жаңа кәсібін ашқан азаматтар да көбейді десем артық айтпаймын. Кеше ғана «Асылтас» деген фирма құрылып, өзіміздің дәстүрлі тағамдарымыздың бірі – құртты заманауи үлгіде шығарды. Соны ашқан кәсіпкер өзінің бизнес идеясына «Бәсеке» сериалының себепкер болғандығын алға тартты. Тіпті, өзіме де бұл телетуынды әсер еткені соншалық, шағын дүкен ашуыма түрткі болды. Қазіргі қоғамға дәл осындай туындылар ауадай қажет.

– Нені армандайсыз?

– Кез келген азаматтың туған жер алдындағы перзенттік парызы болады. Жаңашаруа деген аядай ғана ауылдан Халық әртісі Мәкен Рахымжанова, композитор Кеңес Алпысбаевтар шыққан. Осындай өнер адамдарын түлеткен ауылда Мәдениет үйінің болмауы көңілімізді құлазытады. Бұл ұсынысты бұрынғы әкімдерге де айтқан едік. Енді жаңадан тағайындалған аудан басшысына да арнайы кіріп, осы мәселені көлденең тартатын боламыз. Құдай қаласа, ауылымыздан Мәдениет үйі бой көтеріп, оған Кеңес Алпысбаев ағамыздың есімі берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Екіншіден, Шелек ауылы бұрынғы аудан деген мәртебесін қайтадан иеленсе. Өңірдің барша тұрғыны осыны қалайды. Бұл да өзекті мәселе болып отыр. Аталған олқылықтар оң шешімін тапса деп армандаймын.

– Сіз әлеуметтік желіде қоғамда болып жатқан оқиғаларға қатысты ойыңызды ашық айтып жүрген азаматтың бірісіз. Көңіліңізді толғандыратын қандай мәселелер бар?

– Көңіл толмайтын тұстар, әрине, бар. Мәселен, мектеп оқушыларын театрға күштеп апаруды доғару керек деген пікірлер көп айтылуда. Бұл, меніңше, дұрыс емес. Театр – тазалық әлемі. Оған барған адамның өнерге деген сүйіспеншілігі оянады. Ендеше жас ұрпақты біз неге театрға апарып көрсетпейміз? Сол театрға барған жүз баланың кем дегенде жартысы келесі жолы міндетті түрде қайтадан театр есігін ашатын болады. Олар өздерімен бірге басқа балаларды да ертіп келеді. Сөйтіп, рухани дүниеге деген көзқарасы өзгереді. Театрдың тұрақты көрерменіне айналады. Таным көкжиегі кеңейеді. Интеллигенция қалыптасады. Одан ұтпасақ, ешқашан ұтылмаймыз. Ұлттық идеология дегеніміз, міне, осы.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен - Болат МӘЖИТ