ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ҚАЛАМГЕРЛЕРІ БІРІГІП, АУҚЫМДЫ ЖОБАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРДЫ

Уақыты: 29.01.2022
Оқылды: 1385
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ пен қырғыз төскейде малы, төсекте басы қосылған туыстас. Алатаудың күнгейі мен теріскейін жайлаған қос халық қашанда ниеттес, пейілдес. Жақында қос ақын – Қазақстан Республикасы «Серпер» сыйлығының иегері Саят Қамшыгер мен Қырғыз Республикасы «Өнер шебері» Атантай Акпаров қос елдің қаламгерлерін бірлесе тәржімалап, әдеби жобаны жүзеге асырды.

Бұған дейін Саят Қамшыгер мен Дәулетбек Байтұрсынұлы аударған 21 ақынның өлеңі Халықаралық Түрік академиясының қолдауымен «Қазіргі қырғыз поэзиясы» деген атпен Астанада кітап болып басылып шыққан болатын. Сол жұмыстың қарымтасы ретінде 22 қазақ ақынының жырлары қырғыз тіліне аударылып, «Азыркы казак поэзиясы» деген атпен оқырманға жол тартты. 2000 дана таралыммен шыққан кітапты қырғыз ақындарына аудартып, құрастырған және оны жарыққа шығарған - Дүниежүзілік өнер академиясының Президенті Атантай Акпаров мырза.

Жинаққа Гүлманат Әуелхан, Бақытгүл Бабаш, Нұржан Байтөс, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Жұлдыз Бейсек, Нұрмұхан Жанұзақ, Жанаргүл Қадырова, Әділғазы Қайырбеков, Ғалым Қалибекұлы, Саят Қамшыгер, Гүлімай Әбішқызы, Кәдірбек Құныпияұлы, Ерғазы Манап, Жанбақыт Мерекеұлы, Ілияс Мұқаев, Сағыныш Намазшамова, Ермек Сахариев, Дәркен Танабаев, Талапбек Тынысбекұлы, Қайырбек Шағыр, Анар Шамшадинова, Әлібек Шегебаев сынды 22 қаламгер кірген.

Ұлт пен ұлт, мемлекет пен мемлекет тұтастай құшақтасып дос бола алмайды. Сол елдердегі жекелеген адамдардың, тұлғалардың өзара барыс-келісі, шығармашылық тығыз қарым-қатынасы халық пен халықты жақындатады. Мұндай мәдени қатынас ұлғая келе мемлекеттерді достастырады. Осынау екі жыр жинағының жарыққа шығуы, оқырман қолына жетуі екі ел арасына салынған көпір деуге болады. Өйткені, салынған мәдени өткелден жұрт өте бастайды, бірін-бірі түсінеді, тани алады. Саяси дипломатиядан тиімді саналатын әрі өтімді, адамдарды достық пен сүйіспеншілікке бастайтын қадам әдеби дипломатия деп аталады. Оның жарқын да көркем жолы ғасырларға ұласары анық.

Әрине, мұндағы 22 ақын күллі қазақ поэзиясына өкілдік етпейді. Бірақ, ол теңіздің дәмін білдіретін тамшы. Іс басындағы өнер адамдарының болашаққа жасап отырған игі қадамы. Адамзатқа ортақ рухани құндылықтарды тоғыстырып отырған тура бағыт. Осы уаытқа дейін аударылып жатқан ағылшын, француз, испан, поляк, орыс, моңғол, жапон, түрік тілдеріндегі кітаптарымыз секілді бұл да үлкен теңізге құятын бір-бір бұлақ іспетті.

Бек СҮЙІНДІК