ҚОЙШЫНЫҢ ҚОНЫШЫНДА ТОЗАТЫН ГАЗЕТ-ЖУРНАЛДЫ ҚОЛДАН ЖОЮ КІМГЕ ПАЙДА?!

Уақыты: 02.10.2022
Оқылды: 1528
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жуырда ҚР Прламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан үлкен мәсле көтерді. Жасынан газет-жорнал кеміріп өскен журналистің мәртебелі мінбердегі сөзін естісеңіз жаныңыз рахаттанып, нағыз ұлтын ойлаған азамат деп қол соғарыңыз анық. Жанарбек Садықанұлы бүгінгі қазақ баспасөзінің жағдайын толғады. Газеттердің жойылып кету алдында тұрғанын және жүйесіз бір-біріне біріктіріліп, өз бағытынан адасып қалғанын жеткізді.

Шындығында қазақ газеттері өлместің күнін көріп, баспаға дейін әлсіреп барып, оқырманның қолына әзер жетеді. Ең алдымен қамқорлық жағдайы нашар. Журналистерінің жағдайы да мәз емес. Ел арасында төртінші билік саналатын БАҚ өкілдері қазіргі таңда билікке жәутеңдеумен келеді. Жанарбек Әшімжан бір ғана республикалық қазақ газеттерінің мәселесін тілге тиек етті. Оның астарында облыстық, аудандық басылымдардың тұрғанын да айта кеткен жөн.

Қоғам ортасында: «Газетті кім оқиды?» – деген қыңыр сөз пайда болды. Жалпы әлеуметті интернет жүйесіне байлап қойдық. «Интернетті аш та ақпаратты керегіңше оқи бер» деген байлам айтылады.

Иә, ол рас, интернет жылдам, ақпарат бірден тарайды. Бірақ, ішіндегі ақпараттың нақты екеніне көз жеткізу мүмкін бе?! Сөз бостандығы деп ерінбегеннің барлығы ойына келгенді жаза беретін болды. Осыны оқып алған қоғам интернеттегі жетесіз сөздің жетегінде кетіп барады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – деген тәмсілдің бір ұшында газет-жорналдар да байланып тұрғандай. Әр басылымның өзіндік жолы бар, айтар сөзі мен ой-толғамы, бағыт-бағдары өзгеше.

Ал бүгін барлығы басқаша. Мемлекеттік қолдаудан алшақ қалған басылымның айтары да ауысқан секілді. Депутаттың айтқанын қазір қолға алмаса, ертең кеш болады. Қазіргі қазақ газеттері мемлекеттік тапсырманы орындайтын құралға айналды. Жоғарыдан көрсетілетін көмек мемлекеттік тапсырысты алумен ғана шектелді. Олардың да айтатын жауабы дайын. Мемлекеттік тапсырысты алға тартады. Бар басылымды бір шаңырақтың астына топтастырудан ештеңе өзгермейді. Баспасөз бағытынан жаңылмаса, қалған пайданы көріп тұрған жоқпыз.

Газет-журнал - идеологияның басты қайнар көзі. Біз осы тұнық бастауды өз қолымызбен лайлап жатырмыз. Әсіресе, аудандық гезеттердің халі мүшкіл. Кей аудандық газеттер жабылудың аз-ақ алдында. Өйткені мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізе алмай әбігерге түседі. Ханталапайға түскен мемлекеттік тапсырысқа таласып, ұтқаны майлы жілікке қарық болады, ұтылғаны шелектің түбін жалап, көз жасын төгеді. Бұдан бірінші кезеңде аудандағы оқырман сорлайды. Ұтып алған басылым, ауданға қатысы жоқ басқа өңірдің газеті болуы мүмкін. Мемлекеттік тапсырысты орындадым деп, ауданның бір-екі жаңалығын жылт еткізеді де шырт түкіріп жүре береді.

Меніңше, мемлекеттік тапсырысты бөлудің жүйесін қайта қарастыру қажет. Барлығына бірдей мүмкіндік беріп жатырмыз дегенімізбен, біз оқырман мен сан жылғы тарихы бар басылымдарды күйретудеміз. Мұның соңында халық тұрғанын естен шығармағанымыз абзал. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет– халықтың көзі, құлағы, һәм тілі», – деді. Ұстаз айтқан тәмсілге қарсы жұмыстың жемісі халықтың көзін соқыр, құлағын керең, тілін дүбәра күйге түсірді.

Сондықтан, газет – халықты тәрбиелейтін құрал екенін естен шығармағанымыз жөн. Қаңтар оқиғасында көшеге шығып кеткен жастар интернеттегі әлеуметтік желіде желдей ескен жалған ақпараттың соңына ілесті. Әрбір қазақ басылымы халықтың бірлігіне, тыныштығына, сауаты мен ой-өрісін кеңейтуге, сөздік қорын байытуға жұмыс істейді. Жанарбек Әшімжан айтқан «Балдырған» мен «Ақ желкен» талай бүлдіршіннің қанатын қомдап, сауатын ашып, зейінін еселейді. Облыстық газеттер сол өңірдің оқырманын жақсылыққа үндейді.

Бір сөзбен айтқанда, газет-жорналға деген биліктің көзқарасы өзгеше болса дейміз. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «БАҚ туралы» Заңды қолға алып, баспасөздің басынан кешіп жатқан проблемаларын бір жолға келтіру керек. Бұл ұлттың болашағы үшін кезек күттірмейтін шаруа. Интернеті бізден он есе асқан дамыған елде газетін жойған жоқ. Газет-жорнал оқу үлкен мәдениеттілік екенін қоғам болып көрсетуіміз керек.

Түйін:

Бұрын қойшының етігінің қонышында тозатын газет-жорнал, бүгінде биліктің қолынан жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр. Қазіргі жағдай ауылдағы қой баққан шопанның мәдениеті бүгінгі интернет аңдыған қала қазағынан он есе жоғары екенін айқындап тұрғандай. Біз, қай-қайысымыз болса да мәдениетсіз, бейәдеп, нақты ақпаратсыз сөйлейтін кейбір блогердің соңына емес, аталы сөз айтатын, ой-толғамы жоғары, қара сөздің қаймағын қалқыған газет-жорналдың соңына ілесейік.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ