ЖЕЛІЛІК БАЙЛАНЫС - БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУДЫҢ НЕГІЗІ

Уақыты: 27.12.2022
Оқылды: 2341
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгінде білім беру жүйесін реформалау мақсатында түрлі әдіс-тәсілдер енгізіліп жатыр. Ізденістің өзіндік пайдалы жақтары да мол екендігін уақыт дәлелдеп келеді. Сондай тәсілдің бірі мектептердің өзара желілік байланысын нығайта отырып, мұғалімдер қауымының сабақ үдерісіндегі жаңалығын талқылау, оны өз сабағына енгізу, сөйтіп эксперимент жасаудың да маңызы зор.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «...Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үдерістеріне әрқашан сай болуымыз керек. Бұл үшін бір орында тұрып қалмай, ілгері жылжу басты мақсат болуы тиіс. Сондықтан білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершіліктер жүктеледі», – деп атап өткен. 
 Білім сапасын сол өндірістік салада тікелей жұмыс істеп жүрген мұғалімнің ізденісін сабақта қолдану арқылы жетілдіру мақсатында Балқаш ауданындағы Ақдала орта мектебі әкімшілігінің ұйымдастыруымен Береке орта мектебі базасында «Жобалар жәрмеңкесі» атты семинар өтті. Оны Ақдала орта мектебі директорының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Ж. Оспанбаева жүргізіп, шараның мақсатымен таныстырды.  Ақдала орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Айдана  Нұрлан өзінің сабақ жүргізу кезінде пайдаланып, нәтижеге жетіп жүрген «Математикалық геймификация» жобасын ұсынды:
 – Математикалық геймификация жобасы оқушыларды сындарлы ойлауға, креативтілікке және бір-бірімен топта жұмыс істеуге үйретеді. Геймификация ойынын ойнауға ұялы телефон немесе ноутбук қажет. Математикалық геймификация ойынын qiziz.com сайты арқылы ұйымдастырдым және оны 5 бөлімге бөлдім, – деп тәжірибесімен бөлісті. 
 Шығармашыл ұстаз «Мотивация», «Деңгей», «Дағды», «Сыйлық» және «Нәтиже» бөлімдерінің тапсырмалары туралы айта келіп, математикалық геймификация ойыны оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, оларды үздік нәтижеге жұмыс істеуге үйрететінін баяндады.
«Қазақ тілі сабағында қолданылатын әдістерді Гугл форма жүйесі бойынша қолдану» тақырыбында өз тәжірибесін ортаға салған аталған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнұр Жаханова жас ұрпақтың ақпараттық жүйеге қызығушылығы артып келе жатқанына тоқталды. Және ұялы телефонды қолдануды әдетке айналдырған оқушылардың бар екенін де жасырмады. Осындай кереғар кезеңде оқушыларды бар зейінін өздері қызығып жүрген ақпараттық құралдар арқылы  сабаққа аудару туралы толғанғанын жеткізді. Сөйтіп Гугл форма арқылы оқушыларға тапсырмалар беру, оны жариялы түрде тақтада көрсеткішпен көрсетудің тиімділігін түсіндірді. Синек әдісімен енгізілген бұл жүйе оқушыларды ізденісін, гугл дискіде сақтауға, олардың білімін бағалауға тиімді. Аталған тәсілдің басты жетістігі сабаққа қатысқан оқушылардың тапсырмаларды орындауға тартылуы дер едік. Сондай-ақ, әр оқушы өзінің білім деңгейінің көрсеткішін интерактивті тақтадан көріп отырады.
Мектептің информатика пәнінің мұғалімі Жадыра Қойшығұлова «Информатика пәнінен ерекше білім беруді қажет ететін оқушының көру ақпараты арқылы ақпаратты қабылдауын дамыту» жобасына мұғалімдердің қызығушылығы басым болды. Себебі «Үйден оқыту» мәселесі – мектепте қиындықпен жүзеге асыратын жұмыс. Денсаулығы жоқ оқушылардың өмірге, сабаққа қызығушылығы да төмендеу болатыны хақ. Бірақ қоғам байлығы – адам. Сондықтан әр оқушыға тұлға ретінде қарау – мұғалімнің басты парызы. Осы орайда, ерекше білім беруді қажет ететін оқушымен жұмысқа ерекше ынта қою орынды. Цифрлық ресурсты пайдалануда дислексиясы  бар Байдәулетов атты оқушыны Қазақ политехникалық университетінің грантына ие болуы – басты жетістік. Данияр Назеркенің жақсы оқушы атануы да ұстаз тәсілінің тиімділігі деуге болады. MIT App Inventorб ұлттық технологиясының  мүмкіндігінің пайдасы ұшан-теңіз. Адамзат баласы осы MIT App Inventor бұлттық технологиясының  мүмкіндігін тиімді пайдаланып, өз қажеттілігін қамтамасыз етуі маңызды. Ерекше білім беруді қажет ететін  оқушылармен MIT App Inventor бұлттық технологиясының көмегімен түрлі тапсырма тізбегі орындалуда. 
Мектептің информатика пәні мұғалімі Ахмет Жәнібековтің «Бұлттық технологияны» пайдалану әдісі де – үлкен ізденістің көрінісі. Қазіргі таңда MIT App Inventor бұлттық технологиясының  мүмкіндігінсіз және бұлттық технологиясыз кез келген жұмысты істеу мүмкін емес. Жаһандану дәуірінде ақпараттық технология қарқынды даму үстінде. Түрлі смартфон, теледидар, компьютер, сенсорлы компьютер барлығы адамзат баласының тұрмыс-тіршілігін, қажеттілігін, экономикалық, қаржылық, әлеуметтік салада пайдасына жарап тұр. Компьютерлік құрылғылар арқылы денсаулық саласында, білім мен ғылым, техникалық, ғарыш, байланыс саласында жоғары деңгейде адамның қажеттілігін қамтамасыз етіп отыр.  Бүгінгі таңда мектептің бүкіл құжаттары осы технология бойынша сақталуда. Кез келген мұғалім туралы мәлімет алу керек болса, тез іздеп таба қоясың. 
Семинардың талқылау бөлімінде Береке орта мектебінің директоры Е. Жебегенов семинардың тигізген көмегінің көп болғанына тоқталды. Ал Ақдала орта мектебінің директоры А. Қалиева мектептегі ізденістің мол екеніне, осы арқылы білім сапасының артуы, оқушылардың білім алуға деген белсенділігінің жоғарылай бастағанын тілге тиек етті. Алдағы уақытта басқа мектеп мұғалімдерінің озық тәжірибесін тарату да күн тәртібінде тұрғанын жеткізді.
Аудандық білімді дамыту оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Ж. Төлеубекова: – Қазіргі таңда желілік байланыс арқылы мектеп өміріндегі жаңалықтарды насихаттау жолға қойылып келеді. Осы орайда, Ақдала орта мектебінде осы бағытта атқарылып жатқан шараны ерекше айтқым келеді, – деді ағынан жаралып.
ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен ҚР БҒМ-нің кеңейтілген алқа отырысында ҚР Оқу-ағарту министрі     Асхат Аймағамбетов: «Ауылдық және қалалық мектеп оқушылары арасындағы білім сапасы бойынша алшақтықты азайту – білім беру жүйесінің басты міндетінің бірі. Жетекші оқу орындары ауыл мектептеріне әдістемелік көмек көрсетіп, олармен тәжірибе алмасатын болады», – деген еді. Бұл сол шараны жүзеге асырудың бірден-бір жолы деуге болады.
Семинар жоғары деңгейде өтті. Қатысқандар: «Осындай семинар жиі өтіп тұрса» деген өтінішпен тарады..

Жетпісбай ҚОЙШЫҒҰЛОВ,
Балқаш аудандық білім
 беруді дамыту 
оқу-әдістемелік 
орталығының аға әдіскері