"АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ КЕМЕҢГЕРІ!". АХАҢНЫҢ ТОЙЫ ЮНЕСКО КӨЛЕМІНДЕ АТАЛЫП ӨТУДЕ

Уақыты: 27.01.2023
Оқылды: 1473
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мұхтар Әуезов: «Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын», - деді. Төл тарихымызда орын алатын Алаш азаматтарының бірегейі, қазақ елінің азаттығының туын көтерген, еліміздің рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлына – 150 жыл толды. Бұл мерейтой бүгінде тек қазақ елінде ғана емес, ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуде.
       Сексенінші жылдардағы біздің ұрпақ Алаш арыстарының еңбектерін көрмей, шығармаларын оқымай өскеніміз, әрине өкінішті. Кеңестік жүйенің біржақты, солақай саясатының кесірінен Алаштың қаншама боздақтары елі үшін, болашақ үшін атаусыз қалды десеңізші. Тәуелсіздіктің арқасында ұлы арыстарымыздың есімдері ақталып шықты. Олардың әрқайсысы өз істерін жетік білетін кемеңгер тұлғалар. Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайберді, Міржақып Дулат, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтардың есімдері тарихымызда ғана емес, әрқайсымыздың жүрегімізде де сақталып қалды.
      Ахмет Байтұрсынұлы – ірі ғалым, ақын, қазақ тіл білімі мен әдебиеттің реформаторы, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі ретінде танылған. Ол «Алаш» партиясының, сонымен бірге «Алашорда» үкіметінің негізін қалаушы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері.Сонымен қатар, лингвист, түркітанушы, аудармашы, публицист, сол кезеңде қазақ халқына шамшырақтай нұрын төккен «Қазақ» газетінің ұйымдастырушысы, әрі бас редакторы ретінде де ұлт тарихында өшпестей, терең із қалдырды. Оның әкесі Байтұрсын Шошақұлы да әділдік жолында ауылдастарын қорғап, 15 жылға Сібірге жер аударылады. Әкесінің ел-жұрты үшін құрбан болуы жас Ахметтің жүрегіне әсер етіп, әділдік жолында шыңдалып өсуіне үлкен септігі тигені де анық.
       Әкеден ерте айырылған Ахмет інісі Ерғазының қолында тәрбие алады.  Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған бастауыш қазақ мектебін бітіреді. 1891 жылы Торғайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесінде, ал 1895 жылы Орынбордағы мұғалімдер мектебіне түсіп, білімін жетілдіре береді. Ауыл мектептерінде ұстаздық қызметте атқарады. Ахмет Байтұрсынұлы туралы көп айтуға болады. Ел үшін атқарған еңбектері де ұшан-теңіз. Әйтседе, ғұлама ұлт ұстазының қазақ балаларына тұңғыш қазақ әліппесін құрастыруы өте бір баға жетпес даналықтың белгісі дегіміз келеді. Яғни, ол қазақ баласының тұңғыш алғашқы сауат ашу жүйесінің де негізін қалайды. Араб алфавитінің негізінде ұлттық әліппиге реформа жасады. Қазақ тіл білімін жүйелеп, түсінікті етіп, бір ізге түсіреді. Қазақша терминдер құрастырады. Дыбыс жүйесі – фонетика, сөз жүйесі – морфология, сөйлем жүйесі – грамматика салаларын негізін қалап, терең зерттеп, бірнеше оқулық жазып шығады. «Тіл – құрал», «Әдебиет танытқыш» атты еңбектері тіл мен әдебиет ғылымдарының негізі болып, әрі осы салалардың өрістеп, қанат жаюына жол ашады. Осы еңбектерінің өзі-ақ ұлт ұстазының ел алдындағы қадыр-қасиетінің тым биік екенін де көрсетсе керек. Реті келіп тұрғанда  осыдан бір ғасыр бұрын жастарымызды еңбекке, өнер-білімге үндеген асыл сөздерінің астарына бір үңіліп көрейікші. Ахмет Байтұсынұлы: «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек. Бай болуға – кәсіп керек. Күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек»,- депті. Бүгінгі күннің де талабы осы емес пе?!
       Ұлы реформатор-педагог Ахмет Байтұрсынұлы әуелі 1912 жылы «Оқу құралы» деп ұсынып, кейін ұдайы толықтыру, жетілдіру нәтижесінде 1927 жылы «Жаңа Әліпби» деген атпен мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің бас кітабы, бұдан кейін кезеңде жарық көрген барлық «Әліппелерге» берік іргетас болып қаланғанын көпшілік жақсы біледі. Ахмет атамыз Қазақ автономиялық республикасының алғашқы Халық ағарту комиссары, бүгінгі тілмен Оқу министрі болып қызмет істегенін де атап өткеніміз жөн. Осы ретте Жаңа Қазақстанның қазақ мектептеріне қайта оралған «Әліппенің» де ғұмыры ұзақ болғай дегім келеді. Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Ақбөпе ЖИЕНҚҰЛОВА,
Көксу ауданы