АЛҒЫС – ҚАЗАҚИЯМА!

Уақыты: 01.03.2023
Оқылды: 2177
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алғыс саған, көк Тәңір,

Алғыс саған, қара Жер!

Мұсылманмын, Хаққа құл,

Аллам, пана бола гөр!

Алғыс саған, Сақ бабам,

Түп-тегімсің ғаламат!

Найза ұшымен сақтаған,

Сайын дала – аманат!

Алғыс саған, көк байрақ,

Айбынымсың, қорғаным.

Алғыс саған, кең байтақ,

Тауым,

Далам,

Орманым.

Алғыс саған, алты Алаш,

Өр рухыма тірек, сен.

Ырыс-бағым тарқамас,

Ынтымақты ту етсем!

Алғыс, қобыз, домбырам,

Алғыс, киіз үйге де!

Сендер менің мол мұрам,

Ежелгі жыр, күй көне.

Алғыс жүйік тұлпарға,

Бауырында жау сүйреткен.

Алғыс, қыран, сұңқарға,

Тік қарауды үйреткен!

Алғыс текті атаға,

Ар, иманнан жаралған.

Алғыс әзиз анаға,

Ақ сүтінен нәр алғам.

Алғыс ханға, батырға,

Алғыс таққа, қылышқа.

Алғыс отты ақынға,

Айбар болған ұлысқа!

Алғыс саған көк аспан,

Алғыс саған қара жер,

Алғыс бұлтқа тау асқан,

Алғыс қырға ала бел.

Нұрын төксін мәңгі Күн,

Жар бол, азат ұяма!

«Әр қазаққа – жалғызым»

Алғыс –

Қазақияма!

 

Мирас Асан,

Ақын