«ҚЫЗ ЖІБЕК» ЖАПОН ТІЛІНЕ АУДАРЫЛДЫ

Уақыты: 25.03.2023
Оқылды: 1995
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Қыз Жібек» жырының Жамбыл Жабаев жырлаған нұсқасы жапон тілінде жарық көрді. Туындыны аударған Жапонияның фоль- клортанушылар ассоциациясы мен Еуразия Жазушылар одағының мүшесі – Шарафат Жылқыбаева.

Еңбекке пікір жазған Хоккайдо университетінің Құрметті профессоры Такэда Масанао:
– Бұл қазақтың салт-дәстүрін ғана емес, жалпы Орта Азияның мәдениетін танытатын құнды шығарма. Кітаптан Қазақстанның көркем табиғатын, көшпенділердің байырғы тұрмыс-тіршілігін танып-білуге болады, – деп өз бағасын беріпті.
Кітаптың алғысөзінде қазақ фольклоры мен жыршы-жыраулар поэзиясы туралы мәлімет беріліп, «Қыз Жібек» эпосының жиналып-зерттелу тарихы баяндалған. Сондай-ақ, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы мен қазақтың жыраулық дәстүрінің ерекшелігі, эпостардың қазақ мәдениетіндегі орны жайында жазылған. Туындының соңына эпоста кездесетін этнографиялық терминдердің түсініктемесі берілген.
Кітап Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ағымсалы Дүзелхановтың қылқаламынан туған «Қыз Жібек» топтамасындағы суреттермен безендірілген. Эпостың түпнұсқасы Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінде сақталған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"