Әмина Ержанова: Бізде Құраннан басқаның бәрі белгілі бір шекті мәнге ие

Уақыты: 30.03.2023
Оқылды: 1454
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қасиетті сахнада ойнаған әр рөлін тағдырмен ұштастыра сомдап,  кейіпкердің артықшылығымен өз бойындағы қасиетті салыстырып, кемшілігінен сабақ алуға тырысатын, сол сұрғылт сүрдекке із тастамауға талпынатын жас әртіс бар. Театр майталмандарының сара жолын жемісті жалғастырып келе жатқан, жаны әдебиетке құштар, өнерге іңкәр оның актерлік қарым-қабілетіне өз кезегінде ерекше сүйсінгенбіз. Аз жылда жетісулық көрерменнің көзайымына айналып үлгерген Әмина Ержанова есімді осынау өнер адамымен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Әмина Ержанқызы, Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының бірер жыл талантты әртісі болдыңыз. Өнер мен өмір өлшемі, парқы мен нарқы туралы пайымға барып көрдіңіз бе?
–  Рас, менің өнер жолындағы ең алғашқы баспалдағым – Бикен апа театры. Жаны жомарттыққа іңкәр, жүрегі жылы өнер адамдарымен өткен аз жылда көптеген жетістікке, рухани кемелденуге қадам басқан секілдімін десем, артық айтқаным емес. Ең алғаш М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні» трагедиясында Ғазизаның рөлін сомдадым. Тағдырдың тауқыметін тартқан қаршадай қыздың өмірін айна-қатесіз көрермен көзіне ұсыну, оның шарасына тұнған жастан қабір құшақтаған аянышты хәліне дейінгі сүрлеу-соқпағын сомдау жүрекке салмақ салады. Сол секілді көптеген қойылымда барынша өз рөлімді ойнап шықтым.
Негізінен, өнер мен өмір парқын данышпандар да айна-қатесіз ажыратып бере алмайды-ау. Француз жазушысы В. Гюго: «Бұлдыр философия адам рухын адастыруға алып барады» деп жазады. Бізде Құраннан басқаның бәрі белгілі бір шекті мәнге ие ғой. Жазудың да, заңдылықтың да белгілі бір жерге дейінгі шегі, мазмұны, өмір сүру кезеңі яки тағдыры бар. Десе де, театр менің тағдырым іспетті. Сондықтан көрерменге шындық ұсынған, қоғамның айнасы болған театрдағы әр қойылымнан өмірдің парқын жете түсінесің. Әрбір қойылымда азаматтық ұстанымға иек сүйеп, кейіпкер арқылы көрерменге уақыттың, мезгілдің мәнін ұқтырғың, өмір шындығын түсіндіргің келеді. Сахнада ойнамайсың, өмір сүресің. Осы ретте айта кету керек, рөлді шынайы беріліп сомдау, кітап оқу адам көкірегінің көзін ашады. Жүрегіңді жібітеді. Жан сарайыңның күмбезін нұрмен зерлеп, сәулемен өрнектегендей болады. Ал маған осындай мүмкіншілік берген тағдырға, өнер жолындағы тұсауымды кескен Бикен апа театрына, оның ұжымына ерекше ризашылығымды білдіргім келеді.
– Бикен апа театрынан не үшін кеттіңіз? Алға қойған мақсаттарыңыз қандай?
– Менің табиғатым қызық. Тіпті, ойлауым да басқаша секілді. Көпшіліктің «ағаш бір жерде тамыр жаяды, өседі, мәуелейді» деген сөзіне аса келіспеймін. Біз ақыл-сананың, сезімнің жаратылысы – адамбыз ғой. Сондықтан «көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деген нақылға сай өлшеулі ғұмырда өлшеусіз еңбек еткің келсе, бір жерді тиянақ етпеу керек. Бүгінгі таңда көп жас белгілі бір орынға, қызметке отырған соң ол жерден кеткісі келмейді. Менің жаным мұндайға әуес емес. Қазаққа ғана емес, орайы келсе, талантым мен қарым-қабілетім жетсе адамзатқа еңбек еткім келеді. Сондықтан да болар, Бикен апа театры тұсауымды кесіп, томағамды шешсе де,  аз жыл аял қылып, үлкен мақсатпен Алматыға көштім.
Адам баласының жер бетіне келгендегі өзінің миссиясы болады. Сол секілді бойыңа өнер дарыды ма, оны шыңдау жолын шартарапты шарласаң да табуға тиіссің. Толыққанды, дегдар адам болу үшін бір жерді қазық қылу, тиянақ ету жарамайды. Бұл менің өзіндік пікірім, байламым. Десе де, жоғарыда атап өткендей, Бикен апа театрына ерекше ризамын. Қарыздармын. Еңбек жолымды осынау театрдан бастадым деп болашақта айтудың өзі мен үшін үлкен мәртебе.
– Әлеуметтік желі арқылы байқап жүрміз, бүгінде шәкірт тәрбиелеп жатырсыз. Осы жағына тоқталып өтсеңіз.
– Қазіргі таңда «ҚазМедиа» Production өнер орталығында қызмет етіп жатырмын. Актерлік шеберлік бағытында ұстаздық етудемін. Бұл жерде оқушылар, колледж, университет білімгерлері де бар. Болашақта актер боламын деген жастарға театр, кино бағытында дәріс беріп, сахнада өзін-өзі ұстау, актерлік қабілетін шыңдау, таным-талғам тұрғысында білгенімізді үйретіп жатырмыз. 5-6-курсқа тәлім беремін. Қазіргі таңда пьеса талқылап, қойылым қойғалы жатырмыз.
Жалпы, ұстаз білгенін ғана үйрететін адам деген нақтылы көзқарас жоқ қой. Ұстаз болған соң жастарға білгеніңді үйрете отырып өзіңнің біліміңді толықтырып, кемшілігіңмен жұмыс жасайсың. Сол арқылы өнер жолындағы қажет еткен тұсыңды қырнап-сырлап, толыққанды дегдарлыққа жетесің. Шәкірт тәрбиелей отырып өзіңе жетіспеген тұстарды аңдап, оны жетілдіруге талпынасың. Міне, осы жағынан алғанда шәкірт тәрбиелеудің артықшылығын айрықша ұғына бастадым. Ал елге, жастарға бір пайдам тисе, білгенімді үйретсем өзімді бақытты жан сезінемін. 
– Талабыңызға нұр жаусын. Сұхбатыңызға рахмет!

Асыл Сұлтанғазы