Қазақ әдебиетінің алтын қорына мол мұра қалдырған

Уақыты: 27.04.2023
Оқылды: 1517
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ әдебиетінің алтын қорына «Үйірі жоқ көкжал» атты роман, «Көл түбіне кеткен ел», «Ұрпағың үзілмесін», «Ердің сыны», «Серінің соңғы сәлемі» сынды повестер мен сыршыл да шыншыл поэзия қалдырған Ғабиден Құлахмет мынау жарық жалғанның жанарында бар-жоғы 51 жыл ғұмыр кешкен жан.

Қаршадайынан қалам мен сиясауытты серік еткен қаламгердің артында елдің игілігі үшін атқарған адал еңбегі мен жұртқа жасаған жақсылығы қалғанын замандастары растайды. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары бола жүріп, кең-байтақ еліміздің әрбір өңірінен шыққан жас таланттарға қолдау көрсеткені шындық.

Кейіннен туған жері Абай облысының Үржар ауданындағы Шолпан ауылында мал өсірумен айналысып, аядай ғана ауылдың әлеуметтік тұрғыдан өсуіне үлес қосты. Ауылдың ортасынан мешіт салдырып, шалғайдағы жастардың бұқаралық спортпен айналысуына ықпал етті.

Ғабиден Құлахметтің шығармашылығын өскелең ұрпаққа таныстыру мақсатында қаламгер ұрпақтары осыдан екі жыл бұрын игілікті іс бастапты. Аудан мектептеріндегі әдебиетке құштар оқушыларды ақын өлеңдерін мәнерлеп оқуға, шығармашылығын зерттеуге, өлең арнауға шақырып, арнайы іріктеуден өткен үздіктерге ақшалай сыйлықтар тағайындаған. Сол бастаманың жалғасы жақында ауыл мектебінде өтіп, жергілікті жұртшылықты бір серпілтті.

Бұл жолы байқау 4 номинация – ақын өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқу «Неңді аңсаймын, бала шағым...», Ғабиден Құлахметтің 1 өлеңін зерттеу жұмысы «Ақын әлемі», арнау өлеңін жатқа оқу «Жыр арнадым, ақын аға, өзіңе!», қаламгердің 1 өлеңінің желісімен сурет салу «Бояулар сыр шертеді» деген тақырыптармен өткізілді.

Одан бөлек, қаламгердің ұл мен қызы Ғазиз, Шыңғыс, Тоғжан әкелерінің атынан Шолпан ауылындағы «Жүзағаш орта мектебі-балабақша» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде үздік оқитын оқушыларға стипендия тағайындапты. Атаулы әдеби байқау басталардың алдында өткен жиналыста үздік оқушыларға шәкіртақы таратылып, ілім-білімге ұмтылған жеткіншектерді бір қуантты.

Орта мектептің сахнасында өткізілген шараның ашылуында қаламгердің ұлы, Парламент Мәжілісінің VІІ шақырылым депутаты Ғазиз Құлахмет сөз сөйлеп, әдеби байқауға қатысушыларға сәттілік тілеген соң 46 оқушы кезек-кезекпен өз өнерін ортаға салды. Сонымен «Неңді аңсаймын, бала шағым...» номинациясы бойынша жүлделі үш орынды «Жүзағаш орта мектебі-балабақша» КММ-нің 11-сынып оқушысы Балауса Қанатқызы, «Көлденең орта мектеп-балабақша» КММ-нің 8-сынып оқушысы Ералы Қасенов, «Тұрсабеков атындағы орта мектеп-балабақша» КММ-нің 10-сынып оқушысы Аяулым Тілеуғажиева еншілесе, ғылыми жұмыстан «Ақтанберді атындағы орта мектеп-балабақша» КММ-нің 9-сынып оқушысы Гүлім Зейнолла, «Сейфуллин атындағы орта мектеп-балабақша» КММ-нің 8-сынып оқушысы Әзел Байегізова, «Тұрсабеков атындағы орта мектеп-балабақша» КММ-нің 10-сынып оқушысы Сабина Тұрсынова алдыңғы орынды ретімен алды. Ал «Жыр арнадым, ақын аға, өзіңе!» аталымы бойынша 1-орынға Еркежан Ешенова, 2-орынға Бексұлтан Бекенұлы, 3-орынға Сырым Жұмағали есімді оқушылар лайық деп танылды.

Төртінші номинация – «Бояулар сыр шертеді» аталымында жас суретшілердің ақынның 1 өлеңінің желісімен салған жұмыстары қазылар алқасын әрбір суретті мұқият қарап, әділ баға беруге жетеледі. Соған сәйкес Айшабибі Оразанбай, Айша Оралхан, Нұрай Абдуллина есімді оқушылар кезекпен жүлделі үш орынды еншіледі.

Сол күні кешкісін қаламгер Ғабиден Құлахметтің атынан ауыл тұрғындарына ауызашар беріліп, Құран бағышталды.
Ертеңінде ақын, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғабиден Құлахметті еске алуға арналған волейбол турнирі ашылып, Үржар, Аягөз аудандары жастарының біліктілігі сыналды.

Таңшолпан ШӘРІПБАЙ
Алматы