Бүгін – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні

Уақыты: 21.05.2023
Оқылды: 1335
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ халқының келешегі үшін аянбай күрескен Алаш көсемі, ұлы тұлға Әлихан Бөкейханұлы: «Еуропа мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ», – деп жазыпты. Осы бір сөздің астарында талдап айтсақ талай дүние жатыр. Бүгінде өнерімен әлемді мойындатып, халықтық қасиетімен, қонақжайлық, меймандостық, адалдық, бекзаттық болмысымен күллі ғаламға аты жайылған қазақ елінің мәдениеті мәйекті десек артық айтқандық емес-ау.

Рас, ел мәдениеті арқылы оның ішкі қуатын, рухы мен айбынын, келешегі мен бүгінін бағамдай аламыз. Ел Президенті мәдениет саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл ретте  Жетісу облысындағы мәдениет саласының көрсеткіші көңіл көншітерлік. Өткен мен бүгінді жалғастырып, болашақ ұрпақ игілігі үшін әрі ұлттың руханияты мен рухына жұмыс істеп келе жатқан бұл саланың ағымдағы жылғы желісі 308 нысанды құраған. Қазіргі таңда 133 Мәдениет үйі мен клубтар, 147 кітапхана, 12 музей, 2 галерея, 10 архив, 4 облыстық мәдениет мекемелері бар.

Бұл ретте тек мәдениет саласындағы көрсеткіштерге тоқталып өтпей, ондағы жайдарман жаңалықтар мен атқарған жұмысын да атап өткен жөн. Мәселен, бір ғана Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры жетісулық жұртшылықты қоғам шынлдығы мен өмір көрінісін айғақтайтын, адами қасиеттер мен кемшіліктерді ашып көрсететін тағылым-тәрбиеге негізделген көптеген қойылым қойды. Бір ғана ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында театр көрерменге 23 мәрте шымылдығын түріпті. Репертуарда 17 драма, 7 тарихи-драма, 2 ертегі, 7 трагедия, 1 мюзикл, 8 комедия, 2 реквием, 1 махаббатнама қойылымы бар өнер ошағы жақында Н. Гогольдің «Ревизор» трагифарсын сахналамақ. Көрерменін осындай премьералармен қуантып, олардың өміріне қуаныш сыйлап, танымына тағылым сеуіп келе жатқан бір ғана театрдың өңір мәдениетіндегі ықпалы осындай. Ал облыстық филармония, мемлекеттік жүйедегі 147 кітапхана. Халықтық атағы бар аудандардағы театрлар мен мәдениет ұйымдары, өнер бірлестіктерінің ел игілігі үшін сіңіріп жатқан еңбегі толайым. Сонымен бірге, еліміздің түкпір-түкпіріне сапарлап барып, ән мен күйдің бесігі болған Жетісу мектебіндегі жауһарлармен көпшілікті сусындатса, бірқатар өнер мекемесі алыс-жақын шетел сахнасында қазақ өнерін насихаттап жүр.

Елдің рухы әдебиеті мен мәдениеті арқылы асқақтайды десек, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында аймақтағы мәдениет саласы бойынша 7680 шара ұйымдастырылып, 397 716 адам қамтылыпты. Солардың ішінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Тағы бір таң, ақпанда», Ғали Ормановтың туғанына 115 жыл толуына орай өмірі мен шығармашылығына арналған «Әдебиет әлеміндегі лирик ақын» тақырыбында көрме, Ақын Сара Тастанбекқызының туғанына 170 жылдығына Талдықорған қаласы мектептерінде «Жетісудың Сарасы – бар қазақтың дарасы» атты жылжымалы көрме, көркемөнер галереясында Бикен Римованың 100 жылдығына арналған «Сахна саңлағы» атты фотосуреттер көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының алаңында ұлы ақын, жазба әдебиетінің негізін қалаушы, Абай Құнанбайұлы ескерткішінің ашылу салтанаты өтті. Міне, осындай рух тасытатын, өскелең ұрпақты өнерге, білімге негіздейтін байқаулар, танымдық-тағылымдық іс-шаралар облысымызда дүркін-дүркін ұйымдастырылып тұрады. Мұның бәрі мәдениетіміз бен өнерімізді асқақтату, жас ұрпақты руханиятқа баулу үшін жасалынып жатқан дүниелер деп білеміз. Ендеше, тарихының тамыры терең, руханияты кемел халқымыздың ертеңгі Мәдениет және өнер қызметкерлері күні құтты болсын демекпіз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Сурет ғаламтордан алынды