Жамау Бұхарбаевқа белгітас қойылды

Уақыты: 04.06.2023
Оқылды: 1665
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ақсу ауданына қарасты Есеболатов ауылындағы ақындар аллеясында құйма жырдың иесі, ақын Жамау Бұхарбаевтың құрметіне белгітас қойылды.

Алмас тілді ақын, талантты журналист Жамау Бұхарбаев 1949 жылы Ақсу ауданында дүниеге келген. Ол бар-жоғы 45 жыл ғана өмір сүрсе де артына өшпестей із қалдырды. Арынды ақын 1991-93 жылдары «Жерұйық» газетінде тілші болып, Сарқан және Көксу аудандық газеттеріне басшылық етті. Ол жергілікті жердегі «Азат» қоғамын, «Аққұс» шығармашылық қауымдастықтарын басқарды. Облыстық тіл басқармасының салт-дәстүрлер бөлімінің меңгерушілігін атқарды.

Ақынның соңында «Баспалдақтар», «Жәннатым менің», «Пері қызына хат», «Жайдарман», «Жаралы аққу» кітаптары қалды. Есеболатов ауылында шындықты жырлап өткен ақынға көше есімі берілген. Ауылдық мектепте 2019 жылы Ж. Бұхарбаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті ашылды. Онда ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған стендтер, деректі фильм, фотосуреттер, буклеттер, ақынның жыр жинақтары бар. Бұл білім ұясында ақынның 70 жылдығына орай мектеп оқушылары арасында облыстық жыр мүшәйрасы өтті. 

Игілікті іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Ғазиз Есжанов, Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінің директоры Жангелді Немеребаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Сарқан аудандық мәслихатының депутаты Жомарт Игіман, ескерткіштің демеушісі Берікбол Қасымов, Ақсу ауданының Құрметті азаматы Болатхан Боранбаев, өлкетанушы Жемісбек Толымбеков, ақын ағамыздың інісі Қанат Бұхарбаев қатысты. 
Шара барысында Н. Есеболатов атындағы мектептің оқушылары ақын өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды. Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Есжанов, Ақсу ауданының Құрметті азаматы Болатхан Боранбаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жомарт Игіман тебіреніп тұрып естеліктер айтып, мемориалдық стеланың лентасын қиды. Ғазиз Есжанов ақынға ескерткіш стеланың ашылуы игі іс екенін айтып, осыны ұйымдастырған қоғам белсенділеріне алғыс білдірді.

Жомарт Игіман: «Ақын шығармаларынан туған жеріне деген сүйіспеншілікті байқайсыз. «Жазушы» баспасынан шыққан «Баспалдақтар» дейтін жинақта Жәкеңнің Жартоған дейтін топтама өлеңдері жарық көрді. Сол топтамада он шақты өлеңі Жартоғанға арналыпты. Жартоған деген Ақсудың бір тоғаны. Бірақ, бала күннен осында шомылып өскендіктен ақын үшін үлкен өзенге айналды. Тасқа Жамаудың Жартоғанға арнаған өлеңі жазылды», – дей келе ақынның артында мол ақындық мұра қалдырғанын атап өтті.

Ақынның інісі Қанат Бұхарбаев: «Жамау үйдің үлкені. Мен кенжесімін. Ағам бізді жетектеп, өсіріп жеткізді. Ақын ағамды құрметтеп белгітас орнатқан халқыма үлкен алғысымды айтамын», – деді. 

Осыдан кейін жиналған жұртшылық шындықты жырлап өткен ақын жайында естеліктер айтып, белгітас жасап, шығармашылық мұраны насихаттауға атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді. Шарада ақынның шәкірті Жанар Рахипова жиналған қауымға, мектеп ұжымы мен кітапханаға Жамау Бұхарбаевтың шығармалары топтастырылған «Жамау жүрек» кітабын табыстады. Соңында ақынға арнап ас берілді.

Айта кетейік, ақындар аллеясы Ақсудың біртуар азаматтарына арналған. Мұнда 110-нан астам алма ағашы мен бірнеше түп шырша егілген.

А. НАЗАРҰЛЫ
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ