Шаған тауының етегінде Шопандар тойы өтті

Уақыты: 18.07.2023
Оқылды: 1428
Бөлім: РУХАНИЯТ

Таң атпастан Шаған тауының етегіне жиналған халықтың қарамы қалың. Бөктерге ақшаңқан киіз үйлер мен шатырлар тігіліп, ыңғайлы жердің біріне сахна орнатылып, қатар-қатар орындық қойылыпты. Алаңқайдың бір жағында аудан кәсіпкерлері келген жұртқа қызмет көрсетсе,  аламан бәйгеге шабатын жүйріктері мен су жорғаларын жаратып жүрген шабандоздар мен  белдесетін балуандардың сайыстың басталуын асыға күтіп жүргенін байқадық.

Шараның ең қызықты тұсы  күн арқан бойы көтерілгенде басталды. Жұрттың қуанышын Көксу ауданының әкімі Марлен Көлбаевтың құттықтау сөзі еселеді.
– Қымбатты қонақтар, қадірменді жерлестер, Көксу өңірінде өтіп жатқан шопандар тойына қош келдіңіздер. Ата-бабаларымыз ежелден мал бағудың қыры мен сырын терең меңгеріп, төрт түлікті шөбі шүйгін, суы таза жайлауда өсірген. Жетісу облысы – ауыл шаруашылығына қолайлы, мал шаруашылығын дамытуға ыңғайлы аймақ. Оның осы саладағы бәсі басым. Бүгінгі күнде ауданда 197 түйе, 20 мыңға жуық жылқы, 43 мыңнан аса ірі қара, 170 мыңнан аса қой мен ешкі бар. Оған 175 шаруашылық жұмылдырылған. Осы көрсеткіш арқылы мал шаруашылығы бойынша облысымызда алдыңғы қатарда келеміз. Десе де оны баптап, өсіру сіздердің – шопандардың, фермерлердің, шаруашылық иелерінің еңбегінің арқасында жүзеге асады. 

Сондықтан еңбекті бағалап, тиісінше құрмет көрсету біздің міндетіміз. Бүгінгі той осындай мақсатпен ұйымдастырылды, – деді ол. 

Осыдан кейін аудан әкімі өңірдегі мал шаруашылығын өркендетуде ерінбей еңбек етіп, еселі үлес қосып жүрген бірқатар азаматты марапаттап, алғыс білдірді. Сахнаға бірінші болып жақында Абай облысында өткен аламан бәйгеде баптаған жүйрігі топ жарған Мұрат Күлтенов көтерілді. Қашанда ат мініп, жүйрік баптап өскен қазақпыз ғой. Еліміздің батысы мен шығысынан, оңтүстігі мен солтүстігінен жиналған жүздеген жүйріктің арасында 140 шақырым алыстықтан алқынбай жеткен жүйріктің жүлдесі иесіне тән болса, қуанышы барлық көксулықтарға ортақ еді. 

Аудан әкімінің қолынан Алғыс хат алып, заттай марапатқа ие болған малшылардың қуанышы еселене түсті. Өйткені жаз жайлау, қыс қыстаудағы қиындыққа қарамай атакәсіпті жалғастырып жүрген жандар осындай ұлы дүбір тойды ұмытқалы ширек ғасырдан асып кеткен. «Сыйлық қымбат емес, сүйіну қымбат» дегендей, малшылардың ел мен жұрттың қарапайым еңбек адамдарын құрметтеп, қошемет көрсетіп жатқанына көңілдері марқайып, қуаныштан жүздері бал-бұл жанып жатты. 

– Кеңес өкіметі тұсында шопандардан қадірлі адам болмайтын. Кеңшар мен ұжымшарлар арасында кімнің төлі көп, сол төрге шығып, тіпті, депутат болып та сайланатын. Бертін келе бұл дәстүр ұмытылды. Кеңшарлар тарады, ұжымшарлардан татулық кетті. Дегенмен, сол мәдениетімізді сақтап қалуға тырысып жатырмыз. Әрине, мемлекет тарапынан қолдау болмай бұл істің бұлыңғыр тарта беретіні анық. Ауданның арда азаматтарының ауызбіршілігінің арқасында бүгін осындай келелі жиынға куә болып отырмыз, – дейді «Алмалы» шаруа қожалығының шопаны Тілеуберген Жақыпов. 

Бұл жерге жұрт той тойлау үшін жиналды десек қателесеміз. Кездескен, пікірлескен адамдардың лебізінен өзгелердің жетістігін көріп, өздерінің тәжірибесін де елге жеткізуді мақсат еткенін аңғардық. Сол қатарда аталарының өсиетін аяқсыз қалдырмай, төрт түлікті түлетуді азаматтық борышы санап жүрген азаматтарды да кездестірдік. Соның бірі – Қабылиса ауылдық округі «Рауан» шаруа қожалығының жетекшісі Олжас Болатұлы.

– Қазақтың қазақ болып қалуы, осынау ұлан-байтақ жердің иесі атануы төрт түлік малдың көктеуі мен жайлауын, күзеуі мен қыстауын күзеткен аталарымыздың еңбегінде жатыр. Осыған дейін Базарбай, Мырзатай, Болат есімді аталарым мыңғыртып мал өсіріп, көл-көсір тіршілік еткен адамдар. Міне, сол ата жолын төртінші буын болып мен жалғастырып келемін. «Мал баққанға бітеді» дегендей, қиындығы көп болғанымен қадірі мен қасиеті де мол. Жыл он екі ай малдың соңында жүрген еңбеккерлердің жаз жайлауға шығып, арқасын кеңге салатын тұсы осы. Осындай орайлы сәтінде малшылар тойын өткізіп, мерейімізді тасытып жатқанына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді ол.

Әрине, мал күтімі деген де оңай емес. Ақ таяқты қолға алып, алдына төрт түлікті иіріп ұстағанның бәрін осы саланың маманы деуге  келмейді. Бабын таппаса мал да өспейді. Түрлі кеселдің кесапаты да төрт түліктің жанына қас болатыны белгілі. Сондықтан кейінгі жылдары облыста мал дәрігерлеріне деген сұраныстың да артқанын білеміз. Десе де осы тойда төрт түліктің ауру-сырқауын дәл басып, оны емдеудің дәстүрлі жолын бүгінгі технологияға ұштастырған кәсіби мал дәрігерлерін де кездестірдік. Мәселен, мал дәрігері Зәуреш Құдайбайұлының айтуынша, қазіргі таңда малға ота жасап, түрлі кесапаттан арашалап қалуға болады екен.

– Аталарымның бәрі қой бақты. Қытайда мал дәрігері мектебін бітіргендіктен сонда үйренген тәжірибемді бүгінде жалғастырып, тентек қойдың миына ота жасап,  ірі қара мен ұсақ малды қолдан төлдетіп, әріптестеріме үйретіп жүрмін. Байырғы қазақ малсақ еді. Малдың жай-күйін жүріс-тұрысынан-ақ танитын. Қазір қазақтың байырғы мал бағу үрдісінен алыстап барамыз. Мүмкін болса, аталарымыздың дәстүрлі мал шаруашылығын қайта жаңғыртқанымыз жөн, – дейді ол.

Тойға жиналған жылқышы, бақташы, шопанмен немесе басқалармен пікірлессең де малшы қауымның берекесін тасытып, беделін биіктеткен шараға деген жақсы лебізін естисің. Ал қатар-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер мен шатырларда  дастарқан жайылып, сыбаға үлестіріліп, қымыз сапырылып, қазақтың кең қолдылығын тағы да паш етті. 

Тойдың ең қызықты сәттері балуан күрес, арқан тартыс, аударыспақ, теңге ілу, аламан бәйгемен айшықталды. Ат  қазақтың қанаты ғой. Бәйге біткенше жиналған қауымның делебесі қозып, балуандар күресін қызыға тамашалаған көпшіліктің көңіл-күйі көтеріңкі болды. Желмен жарысқан жүйріктер жарысының қорытындысы бойынша Мәмбет ауылынан Айбарыс І орынды жеңіп алса, балуандар белдесуінде 1-орын Әділхан Жалғасқа, теңге ілуден 1-орын Бейсбек Ерланға, арқан тартыстан ерлер арасында 1-орын Балпық ауылдық округі командасына, әйелдер арасында 1-орын Қабылиса ауылдық округі командасына тиесілі болды. Жеңімпаздармен қатар ІІ, ІІІ орын иегерлері де марапатталды. Жеңімпаздарды ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Төлемісов пен Мәжіліс депутаты Болат Керімбек  марапаттап, ауданымыздың тұрғындарын құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Расында, атакәсіпті ардақтап, атажолын жалғастырған еңбеккерлердің алар асуының да төмен болмайтыны белгілі. Осы тұста Жетісу жерінде бірінші рет осындай ұлы дүбір той өткізіп, жұрттың сенімін еселеген, олардың алдағы кәсібін өркендетуге жігер берген аудан басшыларына да ризашылық білдіре кеткен жөн.

Қажет АНДАС
Ақтекше ауылы
Көксу ауданы

Суреттерді түсірген Руслан ҚАДЫРОВ