ТАЛДЫҚОРҒАНҒА "ZIYAT" КЕЛЕ ЖАТЫР

Уақыты: 26.07.2023
Оқылды: 1580
Бөлім: РУХАНИЯТ

Республикадағы кітапсүйер қауымға кең таныла бастаған Алматыдағы Ziyat кітап дүкені енді Талдықорған қаласында кітап жәрмеңкесін өткізбек. Игі шарада еліміздегі сатылымы ең жоғары деп таңдалған рухани байлық ұсынылады.  

Қазірде қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетінің жауһарларын жинаған, балаларға арналған алуан түрлі кітаптары бар Ziyat кітап дүкенінің қазынасы мол.

Мәселен, әйгілі Хәрри Поттердің қазақ тіліндегі аудармасы, «Тентек балақайдың күнделігі» мен «Итбас» атты сериялы комикстар, Лев Толстой, Франц Кафка, Харуки Мураками, Орхан Памук, Светлана Аликсиевич, Джордж Оруэл сынды әлемге әйгі қаламгерлердің тұңғыш рет қазақ тіліне аударылған кітаптары да бар.

– Жаз келген сайын кітап дүкеніміздегі кітаптарды өңір-өңірге апарып, жәрмеңке өткізу дәстүрге айналып келе жатыр. Былтыр Орал мен Атырау қалаларында болғанбыз. Сонда өңірге шығу керегін байқадық. Алматы мен Астана секілді ірі орталықта мұндай жәрмеңкелер жиі өтеді. Әрі бұл қалада кітап дүкендері де көп. Ал аймақтарда кітап дүкендері кездесе бермейді. Болса да, жаңадан шығып жатқан тамаша кітаптар жоққа тән. Қазір кітап оқу сәнге айналды ғой. Баспалар да көбейіп, әлемге танымал бестселлер кітаптар біздің де ана тілімізге аударылып жатыр. Сол кітаптар елдің түкпір-түкпіріне, оқырман қауымға бірдей жетсе екен деген тілегіміз бар. Талдықорғанда тамаша бір әдеби ортаның барын білеміз. Баршаңызды кітап туралы әңгімелесуге шақырамыз, – дейді Ziyat кітап дүкенін құрушысы Аслан Тілеген. 

Еліміздегі беделді баспалардың өнімдері де осы кітап дүкенінде. Отбасының барлық мүшесіне керекті кітаптар да осында. Жаз келген сайын өңірдегі оқырман қауыммен жүздесуді мақсат тұтқан Ziyat Талдықорғанға алғаш рет келе жатыр.

Кітапты сүйетін барша оқырманды 29 шілде күні кешкісін Жастар саябағында күтеді. Қапы қалмаңыздар. 

7-su.kz ұсынады