АЛТЫ АЛАШТЫҢ АЛЫБЫ

Уақыты: 10.08.2023
Оқылды: 886
Бөлім: РУХАНИЯТ

Күмбірлеген кеуденің шанағына қонған сазды көмейден құйқылжытып, құбылтып төге білу де өнер. Ал күллі адамзаттың данышпандары айтқан ұлы тұжырымдарға ортақ, рухани кеңістігі негіздес пәлсапалық ойларымен дараланып, бір ел әдебиетінің бастауында қасқайып тұрудан артық мехнатты, терсіңді еңбек болар ма? Шырайлы Шыңғыстаудың тұнығымен сусындап, саф ауасымен мейір шөлін қандырған Абай Құнанбайұлы дәл осындай тебіренісімізге түрткі болған данышпан.

Күллі Орта Азия халықтары арасынан хакімдік шыңға шынардай біткен ұлы Абайдың кертіп жатса түгесілмес телегей мұрасының өзі оның асқақтығын айқындайтындай. Тамырының тереңге салынғандығын, қасиет тұтқан әдебиетіміздің құбыласына айналғандығын ұғындыратындай.

«Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы, боқтан сасық боласың өлсең тағы» деп жаратылыс атаулының ең саналысы болған пенденің тұтас ғұмырына тұжырым жасап, оның бірінен-бірінің артықшылығы «білімде», «нұрлы ақыл, ыстық қайрат,  жылы жүректе» екенін айнытпай айшықтап бергені де аян. Құран мен қиссадан келістіріп кестелеген қара сөздерінің маржандай тіркестерінде бұтарланбас байлам жатыр.

Өміршең өнеге, адамзаттық жұқпыны көзқарас пен әлжуаз сана соқтығысынан тұтаған оғаш ойларға деген үлкен жауап, тағдыр мен Тәңір арасындағы нәзік жіптің қай тұстан басталып, қайдан түйінделеріне дейінгі аралықтағы парасатты пайым жатыр.

Міне, кешегі қазақ сахарасында данышпандық тұғырына көтерілген әл Фараби, ілім-ғылым мен діни наным тұрғысында тақуалықтың шыңы мен шыңырауын ажыратып берген Ясауи сынды ғұламалардай телегейлікке түпсананы тартып алар Абай жаратылысының кристаллдай сан қырлылығы осында болса керек.

Ендеше, бүгінгі жаңашылдыққа бет бұрған, жаһандану көшінде руханияттың ошағын маздатып, құндылықтарды қастерлейміз деп бетбұрыс жасаған шақта «Абай күнін» атап өту исі қазақтың, айбарлы алты Алаштың асыл міндетіне кіруі тиіс. Біз де осынау елдік мәселені алға тартып, Абай баба шырағын маздату, шығармашылығын насихаттау мақсатында терсіңді еңбек етерміз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ