Корея мен Қазақстанның өзара мәдени шаралары өтеді

Уақыты: 29.08.2023
Оқылды: 617
Бөлім: РУХАНИЯТ

2022-2023 жылдар Корея мен Қазақстанның өзара мәдени алмасу жылы деп жарияланды. Кореяның Мәдениет, спорт және туризм министрлігі мен Корея халықаралық мәдени алмасу агенттігі бірігіп, түрлі салада мәдени-ағарту іс-шараларын өткізбек. Осыған орай қос ел достығын насихаттайтын мәдени шаралар туралы ақпарат беруді жөн санадық.

Кореяның өнер академиясы Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясымен бірлесе отырып  «Корея және Қазақстан: диаспора уақыты мен кеңістіктер қиылысы» атты тақырыпта 4 деректі фильм түсіріп жатыр.

23 қыркүйекте Алматы театрында Ұлттық халық аспаптар оркестрі мен пансори шебері, сондай-ақ, қазақтың дәстүрлі аспабы  домбырада ойнайтын музыканттар бірлесіп концерт өткізеді. Концертте түрлі музыкалық шығармалар – дәстүрлі халық әндерінен бастап, қазақ композиторы Еркеш Шәкеевтің классикалық шығармаларына дейін екі ел арасындағы достықты дәріптейтін ұлттық аспаптармен қайта өңделген заманауи музыка орындалады.

Кореяның «Бучон» халықаралық анимация фестивалі және Қазақстанның «Байқоңыр» халықаралық қысқаметражды фильмдер фестивалі бірлесіп анимациялық фильмдердің арнайы көрсетілімін ұйымдастырады. 8 қыркүйекте Қазақстанда «Корей анимациясының арнайы көрсетілімі» өтеді. Онда Кореяның 12 анимациялық фильмі көрермен назарына ұсынылады.

Корей халықаралық мәдени алмасу қоры Республикалық мемлекеттік академиялық корей театрымен бірлесе отырып, қалың көрерменге театр туындысын сахналамақ. Қойылым 11 және 12 қарашада Қазақстанның ұлттық және мемлекеттік театрларында көрсетіледі деп күтілуде. Сонымен қатар, 14 қараша мен 8 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасының Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында атақты фотограф Ким Ок Сонның жеке көрмесі өтеді. Көрмеде фотограф әртүрлі себептермен көшіп келген адамдардың өмірі мен маңызды тарихи оқиғаларды қамтитын 50-ден астам жұмысын ұсынады.

"Жетісу-Ақпарат"