Ғасыр қойнауындағы қазына

Уақыты: 03.09.2023
Оқылды: 911
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Сарғабанда болған оқиға» повесіне, яки, жазушы Кемел Тоқаевтың шығармашылық әлеміне қайта оралмас бұрын ойға әсер еткен бір дүниенің басын ашып айта кеткен абзал. Ол – ұлт пен рух жөніндегі біртұтас байлам бола ма, «бас асау ашудан гөрі қылбырауға түскен намыстан» туындаған көзқарас па, мұны оқырманның өзі бажайлай жатар. Біз осы қазақты қырына алатындай, бұратана, жабайы, киргиз-кайсак, қара, т.б. таусылып бітпейтін «әсіре» кемсітуден туған теліме-атауларға ие болатындай сорының сорпасы бетіне шыққан халық па едік?

Ұлы ақын, дәуір данышпаны Абайдың қара сөздеріндегі сын жебесі ұлтқа бағытталған ба, әлде ұлттың кемшілігіне ме? Бұл мүлдем бөлек тақырып болса керек. 

Хакім шілдің қиындай шашырап шаруа баққан елін бір бағытқа бұра алмай, кеудедегі пенделік кемшілік пен даласындай дарқандықтан туындаған әлжуаздығы мен момындығын сынға алса, қаралығы мен хақты танымай, ендігі бірде өз бойындағы асылын көрмей жат елдің жасығына тамсанғыш әуесқойлығын «әсіреқызыл тез оңар» деп сөгіп, «біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп ағайын бірлігін, жұрт ынтымағын алға тартқан жанашырлығынан сын айтса керек. Ал өзгенің сары тісі шеміршегіңді омырса, оған не дей алмақсың?!  Қалай үн қатпақсың?

***
Ойын мұнардың мұнарына бүркемесе ішкен асы бойына сіңбейтін Асқар Сүлейменов «Бесатар» повесінде қазаққа қатысты кемсітушілікті, жеккөрушілікті, өктемдік пен үстемдікті ғажайып бейнелі түрде береді. Соның бірін әйгілі кейіпкері – Крейгельдің аузына қазақты кемсіткен теліме атауды «шапандар» деп бір салса, бір сөйлемінде: «...осы өлкеге, осы өлкенің момындық пен ашу өрлігі болып айрықша бір келісіммен бірігіп-кірігіп жататын жазықтары мен тау-тасына, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ еліне, Сычевкадан емге табылмайтын арқары мен бөкеніне деген мұздай бір кекке кептеле беретіні», – деп кекірейген Крейгельдің қазаққа ғана емес, тау-тасындағы аң-құсына да зәрдей ащы кек тұтқанын айтады. Ол былай тұрсын, әумесер кейіпкерінің зар ашуын: «Құныға бір оқитын кітабы «Идиоттың» авторының көксау бір қазаққа жазған хатын оқып бұлқан-талқан болғаны да бар-ды» (қараңыз: «Бесатар». «Атамұра» баспасы. 13-бет) деп суреттейді. Шеке тамырды тулатқан ұлттық намыс пен «бас асау ашу» осы жерде атойламай қайтсін?! Сенің ұлтыңды бір кемсітіп, дәргейіне келуге жарамайтын бұралқы бұратана көрсе, биігіңе шыққан жұлдызды «көксау бір қазаққа» деп кекетсе, мұндай штрихтар, әдеби детальдар алдыңнан мың сан рет оралып, мың сан рет ұшырасса нар қазағыңның намысы үшін шоқ құшқандай шабаланбай қайтерсің?

...Әйгілі жазушы М. Әуезов заманында қос ұлттың ұлыларының достығы туралы ғажайып мақала жазды. Ол – «Ф.М. Достоевский и Чокан Валиханов».  Бұл жазба алғаш рет «Дружба народов» журналының 1956 жылғы 3-санында жарияланған-ды. Өз кезегінде әр жылдары шыққан жинақтарына қайталай басылып тұрған. Ал енді  аталған мақалада заманның қос заңғары туралы жазған Әуезов жарқын естеліктерді жаңғыртады. Федор Достоевский 1854 жылдың наурыз айынан бастап 1859 жылдың 2 шілдесіне дейін Семей қаласында тұрған. Әуелде 7-Сібір шебі батальонында қатардағы солдат боп қызмет етіп, кейіннен унтер-офицер дәрежесіне көтерілген классик жазушы, жергілікті қазақ көпесі, Құнанбайдың күйеубаласы Меңлібай Тінібаевтың үйіне қонаққа барып, қымыз ішіп, аңға шығып жүреді. Қазақ даласында  қатын алып, жақсы  тіршілік кешкен Достоевский  кейіннен томдықтарына енген «Степанчиково селосы және оның тұрғындары», «Ағайдың түсі» атты шығармаларын осы өлкеде жазған. Шоқан Уәлиханов Құлжа, Қашқар сапарына барып-қайтқан кезінде Семейде ұзақ аялдап, Достоевскиймен етене сырласқан. Мақалада Әуезов осы деректерді келтіре отырып. Ф. М. Достоевский мен Ш. Уәлихановтың 1854 жылдан бастап қалыптасқан достық қарым-қатынасын, бір-біріне идеялық тұрғыдан жасаған ықпалын, сол кездегі әлеуметтік-саяси жағдай туралы пікір алысуларын, Достоевскийдің Шоқанға деген ыстық ықыласын жазушының хаттары арқылы кеңінен талдап көрсетеді. 

Осынау тарихи шындықты қайталап еске салуымыздың сыры жоғарыдағы «Құныға бір оқитын кітабы «Идиоттың» авторының көксау бір қазаққа жазған хатын оқып бұлқан-талқан болғаны да бар-ды»  деген сөйлем емес пе еді?! Әлем оқырманының олжасына айналған «Нақұрыстың» («Идиот»)  авторы Достоевский екені хақ. Ал «көксау бір қазақ» дегені Әуезов айтқан, «құрт» ауруынан (?) орда бұзар жасында қайтқан Шоқан Уәлиханов екені даусыз. Осыдан барып сенің ұлтыңның басынан қарғығысы келіп, күллі Ресей империясын білімімен, алғырлығы һәм зеректігімен мойындатқан «Аққан жұлдызыңның» өлімінің себебін де тарқатып, «жабайы» халықтың оқымыстысы «көксаулықтан» өлгеніне ішмерез кекпен мысқылдай жымиғаны, мұқатқаны рас та!
***
Қай заманда болмасын қайырымға келмейтін, қайта ашуға болмайтын асау ағын мен уытты шындық болады. Біздің бүгініміздің жарық да нұрлы, шұғылалы болуы үшін сол ағынға ұлы денесін тосып екпінін азайтқан, ашы шындықтың уытына тәнін төсеп күшін кеміткен кешегілерге, ұлыларға көптен-көп қарыздармыз. Ұлтарақтай жер мен сол мекенде күн кешкен ұлы елін қарумен де, қаламмен де қорғаған бекзат болмыстыларға бүгінгі жас буын айрықша махаббатпен қарауы тиіс. Сол санатта жазушы Кемел Тоқаев та бар.

Жалпы, шытырман жанрдың шебері Кемел Тоқаевтың тұтас шығармашылығын оқып, парақтап-тарақтап шыққанымыз тұрғысында алғашқы толғамда атап өттік. Жазушының барша әңгіме, повесть, романдарының сюжеті, кейіпкерлері де көз алдымызда. Дегенмен біз «Сарғабанда болған оқиға» туындысын ғана алып, оның кристал қырларындай сан тұсына сана жетелетуді ғана мұрат еттік. 

Аталған шығармада көптің аузына түсе бермеген, көп сыншы, жазушы айта қоймаған бір дүние бар. Ол – жазушының өз ұлтына деген махаббаты, рухының тазалығына деген ішкі құрметінен туындаған дүниелер. 

Хош, «Сарғабанда болған оқиға» повесіндегі негізгі кейіпкерлер мен олардың образы тұрғысынан алып қарағанда да, жалпы жазушының сөз саптауы, қалам сілтеуінде де ұлтына деген ішкі перзенттік сенімнің басым екенін аңғаруға болады. Әуелі повестің алғашқы бөлімінде қойшы Рахымның қансырап емханаға түскені мен  ақ төсекте жатып: «Ма-а-ма, бұған сенсеңіз...», – деген жан алқымға келген сәттегі әлжуаз қарсылығы мен қатқыл ескертпесінен кейін шығарма ритмі күрт жоғары нотаға көтеріледі. Бірден шытырман дүние иіріміне шым батыра жөнеледі. Содан кейінгі тергеушілердің іске араласуы, сол ескертпеге сүйеніп жазықсыз қазақ ағайынның жала арқалап қалуы – бәрі де оқырманды алға еріксіз жетелейтін дүниелер. Жұмбақ дүниенің шатқалы мен ойы, қыры мен ойпаңы көбейіп, із тастамай кеткен әккі қылмыскерлердің иіс шалдырмасын білген соң Алматыдан Талғат Майлыбаевтың тапсырмамен «Сарғабан» оқиғасын ашуға келгені, мазмұндай берсең шығарманың жалпы композициялық құрылымының шымыр, әрбір кейіпкер шахмат тасындай белгілі бір дәрежеде өзінің салмағымен шығармадан орын алғанын аңдаймыз. Бұл орайда проза жанрында белгілі бір дүниені көркем жеткізу үшін шығармаға қосатын «жанама кейіпкерлер» болатынын айта кеткен жөн. Ондай ұрымтал да жақсы тәжірибені Кемел Тоқаев та қолданған. Мәселен, бас дәрігердің қызметшісі, яғни, медсестра Аида Глухова мен алтын тасымалдаумен айналысатын Мирзоев, тіс дәрігері Олег – жанама кейіпкерлер. Шығарманың өн бойындағы детальдардың тұйыққа тіреліп немесе оқырман санасында сауал туындамас үшін ойпаңды жазық қылып, шатқалды текше қылып көрсету үшін, көркемдік бояудың қанық болуы үшін қолданылған, туындыдан алып тастауға болмайтын кейіпкерлер. Осы жерде қазақ проза жанрының көш басында тұрған Жүсіпбек Аймауытов сынды көптеген жазушының тұтас шығармасында жанама кейіпкердің асқан шеберлікпен шығармаға енгенін, бүгінде оның өзі бір дәуірдің шындығын айғақтайтын ғажайып кейіпкерлерге айналғанын байқауға болады. Мәселен, Ж. Аймауытовтың «Ақбілегіндегі» Диуананы алайық. Шығарманың қақ ортасынан пайда болатын, ел кезіп жүрген диуана Қарамұрттан қорланған қазақ қызына көмектесіп, өксігін басып, жанарының жылауық сығындысын құрғатуға тырысады. Намыс пен ыза кернеген, дүниенің қорына айналған Ақбілекке жалған дүниенің әділетсіз, қайырымсыз екенін ұқтырады. Ал сол диуана протатипі кім (prototypon – төркін бейне)?  Әрине, қазақ! Қайырсыз дүниеден мейірсіз көшіп бара жатқан тұтас буынның басына түскен құлдық хәлдің, арын ақ шыттай кірлетпеген ұлттың тәніне дақ, сүйегіне таңба салған әділетсіз қоғамның оспадарлығына опынған елдің басын сипаған қазақ қана емес пе? «Біріңді қазақ бірің дос» дегендей, сол сұрқай заманда қазақтың қазаққа ғана жаны ашыды. Міне, сол секілді Кемел Тоқаев кейіпкерлерінің де шығармадағы орны, ұлттық сезіммен қарағанда өзіндік салмағы бар.

Заманында Есениннің: «Біз әрбір сөзімізді орыс халқының игілігі үшін нақылға айналдыра білуіміз қажет», – деп күллі Ресей қаламгерлеріне өз үндеуін тастағанын білеміз. Сондағысы не? Әлем халқы ұлы ақын санаған Есенин мұны кім үшін айтты? Өз елі үшін. Орыстың игілігін көздеп қана осылай деді. Ал «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деп айтқан әл-Фараби бабамыз неге «қазақтың» қас жауы деген жоқ? Өйткені екеуі екі өлшемдегі сезім хәлімен ой толғады. Бірі ұлттық тұрғыда атойлаған сезімін алға тартса, бірі адамзаттық көзқараспен байлам жасады. Бұл орайда екіұдай емес, екі арналы сезім хәлін кешкен олардың жай-күйін теріске шығара алмаймыз. Кез келген ұлттық сана тұрғысында айтылған тұжырымның ауқымы кеңейсе, арнасы келіссе адамзаттық пәлсапаға ұласуы да мүмкін. Бұл орайда да Кемел Тоқаев кейіпкерлерін осынау толғамға телуге болатындай.

    ***
 «Сарғабанда болған оқиға» повесіндегі қандықол қарақшылардың қолынан жан тапсырған Рахым мен оның туыстары кім еді? Әрине, қазақтар. Ал қылмыскерлер кім? Әуелгі қылмыскер елге сыйлы болып көрінген, сан жылдан бері көпшіліктің алқауында өмір сүріп, дүниеден тарықпаған, ауданға барынша сыйы мен салмағы өткен, сонымен қоймай алтын тасымалдау ісі арқылы құлқынын қамдап, тергеушілерге сынықсүйем із қалдырмауға тырысқан өте әккі – аудандық емхананың бас дәрігері Цой.  Онымен жақтасқан сыбайласы ше? «– Құдай үшін ағаш күпшегімді әкеп берші. Мына шибұт балдағыңмен жүре алатын емеспін. Қолтығымды әбден қажап бітті.
– Мен оны отқа тастадым. 
– Әзілің бе, бұл? Ағаш аяғыммен ойнама. Ол менің кәрі серігім. 
– Сондықтан да оны отқа жақтым». 

Аталған диалогтағы күпшекті отқа жағушы, түлеуі жеткен тұлпардың аунаған жерінен түк таппайтындай сақсынып қылмыс істейтін Цойдың серігі де өзге ұлттың өкілі еді. Ол – Борис Натанович! Екінші дүниежүзілік соғыста ұрыс алаңынан қашып кеткен сатқын. Отанын сатқан опасыз. Өзге ұлттың өкілі. Міне, осы екеуі бірлесіп орманға тиген өрттей өркениетке қатерлі болған «өтірікті» ұран еткен, онымен қоймай адам өлтірген қылмыскерлер еді. Ал  алтын тасымалына тікелей араласып, ортада делдалдық жұмыс атқарған Мирзоев ше? Оның да өзге ұлт өкілі екенін жазушы атап өткен. Бұл орайда Кемел Тоқаевтың ұлтына деген махаббаты өзінен-өзі қылаң бермей ме?

«...Ел үстіне әңгіртаяқ ойнатып, елдің өңменіне бесатар кезену еміп отырған үрпіні шайнағанмен бірдей», – дейді «Бесатар» повесінде жазушы Асқар Сүлейменов. Бұл жерде жазушы Крейгельдің зар ашу, өршіл кегін емес, қазақтың қазаққа жасаған опасыздығын айтып, тұнығына тас атқаннан да қатерлі екенін толғағаны мәлім. Бұл орайда кез келген қаламгер өз ұлтына, өзінің ұлттық санасына, құндылығы мен қасиетіне адал болуы керектігін де еске салғымыз келеді. «Құныға бір оқитын кітабы «Идиоттың» авторының көксау бір қазаққа жазған хатын оқып бұлқан-талқан болғаны да бар-ды», – деген Крейгельдің масқаралауы мен кекетіп-мұқатуындай әрбір жазушы тарихтың тақсіретін молынан тартқан елін сүмірейтіп, сорлатып, төмендетіп көрсеткеннен не ұтпақ? 
Әрине, қылмыскерлер қазақтың арасында да бар. Әйтсе де өзге елдің үстемдікке бейім, жаныштауға бейіл халықтың ұрдажықтары мен қаламгерсымақтары, билікке бұт артатындары «бұратана», «қара», «жабайы», «бодан» деп кемсітіп жатқанда олардың аузына ас салғандай өз еліңді қаралауда алдыңа жан салмағанның несі абырой?  Міне, осындай сана қайшыласып, парасат майдандасып жатқан шақта Кемел Тоқаев өз халқын адал құндағынан қозғаған жоқ. Яки, қылмыскерлерін қазақ қылып көрсетпеді. Бұл ұлтқа деген сүйіспеншілік пен рухының тазалығына деген тағзым емей не?!
«...Қаламгер де мүсінші секілді. Мүсінші қолындағы шикізатынан тұлпар не есек жасап шығарады. Ешкімнен ақыл сұрамайды. Сол секілді қаламгер де өзінің кейіпкерін қалай көрсетеді, қай ұлттың өкіліне таңады, нендей істерге итермелейді, өзінің ырқындағы дүние». Тұтас аузынан шыққандай жазбасақ та осынау пікірді бір жиында естіп ек. Сол осы арада ойға оралып отыр. Расында кер заманның күллі мехнатын мойнымен көтерген қазағын қылмысқа таңбай, адам өлтіру, кісі тонау секілді дүниелерден аулақтатқан Кемел Тоқаевтың ұлттық сезіміне осы жерде қаныға түсесің. Ал шығармашылық кеңістігіндегі осындай кейіпкерлерден жәбір тартқан, жапа шеккен қазақ екенін көрсетуінде де тарихи шындық жатыр емес пе? «...Өзің еміп отырған үрпіні шайнағанмен бірдей» дегендей, өз ұлтының адалдығына, өз ұлтының ақжүрек, кең қолтық, мейірбан екеніне шек келтірмеген тұсы «Сарғабанда болған оқиға» повесінде ғана емес екенін айта кеткен жөн. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ