Мұрат Әуезовтің жинағы түрік тілінде жарық көрді.

Уақыты: 07.09.2023
Оқылды: 856
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тектінің тұяғы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің жарқын өкілі Мұрат Әуезовтің «Бірлік» атты жинағы түрік тілінде жарық көрді. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы штаб пәтерінде өткен келелі жиында түріктің қоғам қайраткерлері, көрнекті өкілдері мен түбі бір жұрттың жанашырлары бас қосты.

Жинақтың түрік тілінде жарық көруі бекер емес. Себебі, кітапта күллі түркіге ортақ тарихи тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы берілген. 
Сиясы кеппеген кітаптың тұсаукесер рәсімінен кейін асылдың сынығы Мұрат Әуезовтің 80 жылдығына арналған «дөңгелек үстел» өтті. Түрік пен Қырғыз елінің ғалымдары Әуезовтің еңбектері туралы сөз қозғап, өмірі жайында әңгіме өрбітті. Бұл тұрғыдан алғанда  Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысы Сұлтан Раев: «Мұрат Әуезов те, Мұхтар Әуезов те қазақтың біртуар тұлғалары. Оның еңбектерін туыстас жұрт жақсы білуі тиіс. Әке мен ұлы да түркі идеясын дәріптеген. Оған қарсы ұстанымдармен үнемі күрескен», – деп пікір білдірсе, торқалы тойға қатысты Әуезовтің ұрпағы Зифа-Алуа Мұратқызы Түркия астанасында тойланып жатқан әкесінің тойы ерекше қуанышқа бөлегенін, әулет үшін ерекше маңызды күн екенін айтып, түркі ғалымдарының асқар тауына қарата айтқан әр пікірі жанын жылытып, жүрегін нұрландырғанын, осы күн әулет үшін ерекше маңызды сәт екенін айшықтады.

"Жетісу-Ақпарат"