АЛАШ АРДАҚТЫСЫ

Уақыты: 11.09.2023
Оқылды: 2140
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жер жаннаты Жетісудың 19 әулие, би, батыры мекен еткен қасиетті Қаратал ауданының Кәлпе ауылында өмірге келген, қазақ әдебиетінде шырғалаң оқиғалы детектив жанрының негізін салушы Кемел Тоқаұлы биылғы қазан айында 100 жасқа толады.

Қазақ әдебиетінде детектив жанрына тұңғыш түрен салған көрнекті қаламгер, майдангер жайында өз замандастарының, достары мен жазушы әріптестерінің, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Естеліктер ескірмейді» деген естеліктерін парақтап шыққаннан кейін жазушы ғұмырнамасын жазуға бел будым.

Кемел Тоқаұлы 1923 жылғы қазан айының 2 жұлдызында Қаратал ауданына қарасты Сарғабан деген жерде дүниеге келіпті (құжаттарда – Кәлпе ауылы). Көнекөз қариялардың айтуы бойынша, өз бабасы Жолбарыс би, батыр, әулие жатқан Сарғабан деген жерді Кемелдің ата-бабалары мекендепті.

Болашақ жазушы өз басынан тағдырдың саналуан қиындықтарын өткізіпті. Бұған көз жеткізу үшін өткен ғасырдың отызыншы жылдарына шегініс жасайық. Тыныш жатқан қазақ жеріне кеңес өкіметі келіп «бай-кедей» деп баланы әкеге, ағаны бауырына қарсы қойып, таптық күрес дегенді зорлап енгізген, «кәмпеске» деген сөз зәрені алған заман болатын.

Дауылды кезең бұл әулетті де айналып өтпеді. Құртын қайнатып, майын шайқатып, өрісін жайып отырған, босағасы берік, шаңырағы биік болып тұрған ата ауылы астаң-кестең болды. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» деген заманда Кемелдің әкесі Тоқа отбасын төнген қауіптен арашалап, қесапатты кезең өткенше басқа елге көшуге бел буған еді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы әкесі туралы естелік кітабында жат жұртқа қалай барып, өмір сүргендіктерін, көрген азаптарын былай жазыпты: «Барлығынан айырылған атам, аштықтан өлмес үшін, туған жерді тастап кетуге шешім қабылдаған... Сондықтан отбасы келісе келе қазақтарды қынадай қырған аштықтан құтылу үшін кесапатты кезең өткенше Фрунзе (Қырғызстан) қаласына барып, өлмеудің қамын жасап, тірлік етуге бекінген. Фрунзеге дейінгі жол ауыр және ұзақ болған, алайда олар қалаға аман-есен жетіпті».

«Фрунзеде, бүгінгі Бішкекте атам бір орыс отбасының біршама уақыт шаруашылығын жүргізетін қара жұмысқа келісіпті» (сонда, 109-бет).

«...Шымкент қаласындағы мырыш заводының жанындағы жетім балалар интернатында тәрбиеленді» (сонда, 114-бет).

Болашақ қарымды қаламгер Кемел ағамыз он жылдық мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түседі.

1942 жылы ол совет армиясының қатарына шақырылды. Бішкек қаласындағы әскери училищеде кіші офицерлер дайындайтын дайындық курсынан өтіп, Сталинград майданына қарасты 226 атқыштар дивизиясында бөлім командирі болып алғашқы ұрысқа кіріседі. Сталинград түбінде, Бірінші Украин, Екінші Белоруссия майдандарында, Польшаны босату ұрыстарына қатысады. Поляк жерінде ауыр жарақат алып, Гомель, Омбы, Алматы қалаларының әскери госпитальдарында емделеді. Екінші дәрежелі соғыс мүгедегі болып, 1944 жылы еліне оралады.

Қайсар қазақ соғыста көрсеткен ерлігі үшін І және ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, «Сталинградты қорғағаны үшін», т.б. медальдарымен марапатталған.

1945-1948 жылдары ол КазМУ-дің филология факультетінде оқуын емтихансыз жалғастырады. Университетте оқып жүріп «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде қызмет атқарады. Оқу бітірген соң Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің жолдамасымен Жамбыл облысының «Сталиндік жол» газетінде тілші болып еңбек жолын бастады.

Кемел Тоқаевтың сол Жамбыл облыстық газетінің тілшісі болған кездерін зерделеген журналист Көсемәлі Сәттібайұлы өзінің «Жол басы» атты көлемді мақаласында Кемел ағамыздың «Жас гвардия» деп аталған кинорецензиясының 1948 жылғы 24 қазанда газеттің №213 (2524) санында жарияланғанын көрсетеді. Бұл Кеңестер одағының белгілі жазушысы А. Фадеевтің аттас кітабынан қойылған кинофильмге жазылған кинорецензия еді. Ол заманда жас жазушының А. Фадеевтің шығармасына, сол заманда тіс қаққан кинорежиссердің киносына рецензия жазуы ерлікпен тең еді. Осы «Сталиндік жол» газетінде «Алыстағы қалыңдық» деп аталатын кинорецензиясы да басылған екен (1948 жылғы 18 август, №164 (2479).

Қазақ детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаев өзінің көркем туындыға жетелейтін жолын сол кезде-ақ тапқан сияқты. Қаламгердің қай жанрға болсын емін-еркін құлаш сермеп жазатындығы анық байқалып тұр.

Кемел аға туралы мақаласының соңында автор: «Міне, сонау қырқыншы жылдардағы сарғайған газет тігінділерін парақтап отырып тапқан дерегімізге келтірген дәйегіміз осы. Бұл – орденді жауынгер, қаламы қарымды жазушы Кемел Тоқаев өмірбаянының айтылмай қалған тұсындағы олқылықты толықтыруға әбден лайық жаңалық деп білеміз. Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының болашақ шеберінің Жамбыл өңіріндегі тілшілік өмірін босқа өткізбегеніне, керісінше, жазушылық кәсіптің әліппесін үйрену үшін ерінбей-жалықпай ел ішін аралап, қалам қарымын қай жанр болмасын сынап көргеніне куә болдық. Қаламгер боламын деген бүгінгі ұрпақ үйренер үлгі де осы», – деп өз пікірін жазған екен. («Егемен Қазақстан», 2015 жыл, 15 сәуір).

1949 жылы Кемел ағамыз денсаулығына байланысты Алматы қаласына қоныс аударып, 1953 жылдың наурыз айына дейін «Қазақстан пионері» газетінде алғашқыда тілші, сол жылдың шілде айынан бастап редактор болып қызмет атқарған. Осы «Қазақстан пионері» газетінде жұмыс жасап жүрген кезде тұңғыш кітабы «Жұлдызды жарық» деген атпен шыққан екен. Бұл кітап пионерлер өмірі жайында болатын.

Шытырман хикаялардың шебері Кемел ағамыз республиканың бас газеті «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде 1955 жылдан 1960 жылға дейін тілші, кейін жауапты хатшы болып істеген. Белгілі қаламгер, майдангер, Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов ағамыз туралы өзінің «Дос» деген мақаласында былай деп жазады: «...Кемел қазақ жазушыларының ішінде оқырманы ең көп қаламгерлердің бірі болды. Өзі таңдап алып, негізін қалаған детективтік жанрда алдына жан салған жоқ. Осы тақырыпта оннан аса кітап жариялап, чекистер өмірінен алынып жазылған таңдаулы шығармаларға республика бойынша жарияланған бірінші бәйгені төрт рет жеңіп алып, төрт рет лауреат болды, Қазақ жазушыларынан Кемелден басқа мұндай атаққа ие болған ешкім жоқ». (Нұршайықов Ә. «Дос». «Егемен Қазақстан», 2003 жыл, 7 наурыз).

Детектив жанрының көшбасшысы Кемел Тоқаев 1960 жылдың мамыр айында Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиумының басылымына қызметке ауысып, бас редактор лауазымында табаны күректей он жеті жыл қызмет атқарған. Ол бұл кезде қатардағы шенеунік емес, беделді, көпшілікке танымал, қаламы қарымды жазушы болатын.

Сол жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жауапты хатшысы болып қызмет атқарған мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымының қандидаты, Талдықорған өңірінің тумасы Бижамал Рамазанованың Кемел ағамыз туралы арнайы жазған «Дара тұлға еді» атты мақаласынан үзінді келтіргенді жөн көрдік. «...Кемекең Жоғарғы Кеңеске қызметке менен 3 жыл бұрын келген болатын. Туыстық жағы болса да (Кемекеңнің анасы мен менің нағашы атам бір кісінің балалары) және біз қызметтес болған жылдар «саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын» кез еді. Оның үстіне ол кісі ағайын-туғандардың жылы ықыласынан тыс өскендіктен де бір-бірімізге ілтипатымызды көбіне іштей сақтап, шама-шарқымыз келгенше бір-бірімізге тілектес болатын едік. Табиғатынан дарынды, дос-жолдастарына сыйлы, сыпайы да кербез мінезді, еліне аянбай маңдай терін төккен, қан майданда жанқиярлық ерлік көрсеткен жан еді. Қазақстанның зиялы азаматтарының бірі, қазақ әдебиетінде өзінің өшпес қолтаңбасын қалдырған Кемел Тоқайұлын жерлестері ешқашан ұмытпақ емес», – дейді ол. («Қазақстан-Zаman», 2003 жыл, 21 ақпан).

Ағамыздың қашанда әділ, шындықты бетке айтатын, ер мінезді адам болғандығы ұлы Қасым-Жомарт Кемелұлының естелігінде мына қалыпта баяндалады: «...Шындығын айту керек, әкем қызметтестері арасында өте сыйлы еді. Жоғарғы Кеңес Президиумы аппаратының бұрынғы қызметкерлері бірде Кемел Тоқаевтың сол кезде Президиум хатшысы болған М. Қаржаубаевқа батыл қарсы шыққанын ұмыта қоймаған шығар. Кезекті бір партия жиналысында әкем оның басшылық жасаудағы шектен тыс қаталдығы мен ұжымның жұмысына жеткілікті дәрежеде мән бермейтінін бетіне айтады. Бұған дейін қарамағындағылар үлкен лауазымды басшыны жиналыста ешқашан сынамаушы еді. Ұжымға бұл бомба жарылғандай әсер еткен, қызметтестері түгелге жуық әкемді қолдап сөйлеген. Шамалы уақыттан соң әлгі басшы Орталық комитеттің шешімімен жұмысынан босап, орнына Бижамал Рамазанова тағайындалды. (Тоқаев Қ.К. «Әке туралы толғаныс», 165-б.)

Енді ғалымдар мен қарымды қаламгерлердің естеліктеріне көңіл бөлейік. Белгілі ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шериаздан Елеукенов жазушы Кемел Тоқаевпен қалай танысқанын тебірене еске алады. «...Кемекеңмен өз басым Баспа комитеті жүйесінде қызмет етіп жүргенде таныстым. Оған дейін сырттай есіміне қанық болатынмын. Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ ССР Ішкі істер министрлігі кеңес милициясы мен чекистерге арналған шығармаларға бәйге жариялағанда бірінші бәйгені қатарынан төрт рет алып қайран қалдырған лауреатты ол кезде білмейтін адам кемде-кем еді... Кемел Тоқаев – даңққа бөленген солдат, қаламы жүйрік жазушы. Рухани асыл қазынамызда оның да мол үлесі бар. Біз сол ер ұрпақ өкілдерінің Отан, Ел алдындағы адал, ардақты, жанқияр еңбегін әлі жете бағалай алмай келе жатқан сияқтымыз...», – деген екен әдебиетші ғалым. (Елеукенов Ш. «Аты да, таланты да кемел». «Ақиқат» журналы, 2003, №6, 73-77 бб.).

Кемел аға туралы «Тектілік», «Жақсы аға, жаға» деген екі мақаланың авторы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Қоғабай Сәрсекеевтің естелігіне көңіл бөлейік. «...Кемел ағамен бірге жүрген күндер, әрине, естен кетпейді. Қызылордада өткен қазақ әдебиетінің күндері, Кербұлақ, Кеген, Нарынқол сапарлары, демалыс үйлеріндегі үздіксіз ұшырасулар бір тарих... Қай жазушының болсын жеткен биігі, шеберлік мектебі алған тақырыбын қаншалықты игергендігімен өлшенетіні белгілі. Бір жанрда үзбей қалам тербеп өткен Кемел Тоқаевтың қадамы да құптарлық еді ғой. Жазушының жаңа повестері бізге кезінде осындай жағымен жақсы әсер қалдырған. Осы әсер әлі де сол қалпында. Өкініштісі, осындай жанрды жалғастыру жағы әдебиетімізде әлі кемшін. К. Тоқаев ізбасарлары қазақ әдебиетіне керек-ақ», – дейді Сәрсекеев. (Сәрсекеев Қ. «Тектілік». «Егемен Қазақстан», 2001 жыл, 20 қазан).

Асыл аға, ардақты азамат, дарынды жазушы Кемел Тоқаев өз әріптестерінің арасында аса беделді, ұлтжанды, жомарт адам болған. Жастарға әрдайым ақыл-кеңес, көмегін беріп тұрған. Сол туралы бір-екі оқиғаны айта кеткенді жөн көрдік.

Ағамыздың 60 жасқа толуына байланысты ақын, манасшы, жазушы, драматург Баянғали Әлімжанов екеуі Маңғыстауға барады. Бір ауылда Кемелге қолсағат сыйлайды. Кешке дастарқан басында Кемекең әлгі қолсағатты Баянғалиға байлайды. Сонда ақын:

Кемеке, алпысқа кеп болдың ата,

Ініңе жұрт алдында бердің бата.

Ерекше тақырыпқа еркін бардың

Қазақты құпиямен шырындата.

Еселі еңбегіне ел риза,

Прокурор, милиция және ЧеКа.

Өлеңді соза беріп не қыламын –

Қолсағатқа осы да жетер пока! – деп жұртты ду күлдіріпті.

(«Жетісу», 2006 жыл, 27 тамыз).

Жазушы Баққожа Мұқай Кемел аға туралы: «...ол өтініш айтып алдына келген адамның меселін қайтармайтын. Ол кісі маған да қол ұшын беріп еді. 1979 жылы Балалар мен жасөспірімдер театрының тапсырмасымен Черкасск қорғанысы туралы пьеса жазып, ол сәтсіз сахналанды. Бас режиссер екеуміздің арамызда келіспеушілік туды. Менің авторлықтан бас тартуыма тура келді. Сол кездегі Мәдениет министрі Ж. Еркімбеков мені шақырып алып, ақылын айтты.

– Шырағым, су ішкен құдығыңа түкірме. Бір спектакльді жауып тастау бізге түкке тұрмайды. Жас жігітсің, саған обал болады. Қайта жаз, уақыт берейік, – деді.

Пьесаны қайта жазуға тура келді. Тың деректерді қайдан аларымды білмей қиналып жүргенде Кемел аға қол ұшын берді. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивінен Черкасск қорғанысына қажетті құжаттарды алып берді.

Ол қазақтың бәрін дос көруге тырысқан адам. Біреуге дықтану, кектену әдетінде жоқ еді. Өзіне қиянат жасаған адамға қатты ренжитін, назаланатын, күйінетін, бірақ кейбіреулер секілді әлгінің соңына шырақ алып түсіп, әлдекімдерді ұйымдастырып қарсы әрекет жасауға мүлде қабілетсіз еді», – дейді. (Мұқай Б. «Жұмбақ жан (жазушы Кемел Тоқаев туралы сыр)», «Парасат», 2003, №4, 22-32 бб.)

Кемел Тоқаевтың шығармашылық жетістіктерін қызғанып, көре алмайтындар, бақталастар да болған екен. Күншілдігі шырмауықтай шырмалаған әріптестері детектив жанрын қазақ әдебиетіне көлеңке келтіреді дегенге дейін барған.

«Қазақстан» баспасы оның орыс тіліндегі «Последний удар» (Соңғы соққы) кітабын 500 000 данамен басып шығарады. Баспа кітапты Кемел Тоқаевтың мүддесі емес, өзінің материалдық жағдайын жақсарту үшін шығарады. Артынша Мәскеуде шығатын «Литературная газета» К. Тоқаевтың кітабын сынап, үлкен мақала жариялайды. Әрине, жазушы күйзелді, қиналды, бірақ қарсы әрекетке барған жоқ. Мұның кімдердің ісі екенін білді.

Әкесінің кітаптарының баспадан басылуы, таралуы жайында және «Литературная газетадағы» мақала туралы ұлы Қасым-Жомарт былай деп жазыпты: «...кітаптары өте көп дана болып басылып, кітап дүкендерінде жатып қалмай өз оқушыларына жол тартты. Оқырман алдындағы мұндай табысы белгілі идеологиялық қызметкерлер мен кейбір жазушылардың қызғанышын тудырмай қоймады. Кейбіреулер шытырман оқиғалы кітаптардың авторы «есепсіз мол» қаламақыны еңбексіз алып отыр деп есептесе, басқалары детективтік әдебиет «классикаға» көлеңке түсіріп, оқырмандарға кері әсер етеді, «талғамсыздыққа тәрбиелейді» деп пайымдады. Бір жазушы, (айтпақшы, мен оны білемін), тіпті К. Тоқаевтың шығармалары кітап дүкендерін басып қалды деген сарында Мәскеуде шығатын «Литературная газетада» мақала ұйымдастыруға дейін барды. Бірақ осының өзі қалың оқырманның әкемнің шығармаларына деген сүйіспеншілігін, ыстық ықыласын суыта алған жоқ. Ал әлгі адамдардың арасына от салып жүретін жазушы әлі сол кәсібін жалғастырып, аман-есен жер басып жүр. Оның тірлігіне Құдай өз бағасын бере жатар...».

Детектив жанрының атасы Кемел Тоқаевтың жазу тәсілі, кітаптарының көп басылып, тез таралуы жайында екі-үш естелік жазған Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әкім Тарази былай деп еске алады: «...Кемел ағаның бүкіл творчествосы да сондай. «Мен, міне, жазып тастадым. Мен, міне, қиратып тастадым. Енді менен басқа кімің бар?!» деп кеуде соққан кезін көрген емеспін. Кемел ағаның кітаптары орыс тілінде шықты. 500 000 тиражбен шықты. Бір-екі аптаның ішінде кітапқұмар қауым орнын сипап қалды». (Тарази Ә. «Еркектің құрғақ көз жасы». «Егемен Қазақстан», 2003 жылғы 22 қазан).

Кемел ағамызға қазақтың белгілі ақындары Сейфолла Оспанов, Шөмішбай Сариев, Рафаэль Ниязбеков, Сәкен Иманасов, Сайлаубек Тойлыбаев, Әміре Әрін, т.б. өлең арнады. Сол қатарда жазушы, ақын, сыншы, Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлық пен Чешенстан республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Рафаэль Ниязбековтің бір шумақ өлеңіне көңіл бөлейік.

Озғандарға жүгірдің жүлде беріп,

Сен бар жерде қалатын ірге кеңіп.

Азаматтың бірі едің, Кемел аға,

Арыстандар қасына жүрген еріп.

Ерге ғана қазақтың мұңы батқан.

Жетісудың сен едің ойлы өзені,

Қанша дауыл соқса да тұнып аққан, – деген ақынның жүрекжарды жыры аға буын өкілдерінің санасында Кемел бейнесін қайта жаңғыртты.

«Досына қарап өзін танимыз» демекші, Кемел ағаның Сапар Байжанов, Мүсілім Базарбаев, Әбілфайыз Ыдырысов, Баймырза Дәуренбеков, Әзілхан Нұршайықов, Қалмұқан Исабаев тәрізді аты қазақ еліне белгілі достары болды. Естеліктерді парақтап шыққанда сондай аяулы достарының барлығына сүйсіндім.

Қаратал, Көксу өңірінің абыз қарты, көкірегі күмбір күйге толы сырсандық, көпті көрген, өңір тарихын жақсы білетін Сейдахмет Қосжанов (1920–2016 жж.) атамыздың мына бір сөзіне көңіл бөлейік. Абыз ата кезінде: «Кемел – өз дәуірінде бар жан-тәнімен Отанына, халқына қызмет еткен жан-жақты, шоқтығы биік азамат. Екеуміз ұзақ жылдар бойына дос-жар қалыпта жүрдік. Талай сырластық. Балаларының ертеңін көп ойлаушы еді. Сол арманының орындалғанын бүгін сіздер көріп отырсыздар. Соңғы рет өзін 1985 жылы жүздестірдім. Ол – Жолбарыс батыр, әулие бабамыздың тікелей ұрпағы. Жолбарыс бабамыздан 13 ұл туыпты. Сол өніп-өскен, болып-толған өрелі,  киелі ұрпақтан Кемел шықса, бүгінде баласы Қасым-Жомарт ізгі жолды жалғастырып келеді. Мына құтты қадамдарыңа гүл бітсін. Қашанда бәрімізді аруақ қолдасын!», – деп ақ батасын берген екен («Жетісу», 2000 жыл, 4 қыркүйек).

Кемел ағаның отбасы туралы да айта кеткенді жөн көрдік. Өзінің жоғарыда келтірген өмірбаянында ол әйелі Тұрар, ұлдары Қасым-Жомарт, Бақтыбек (Бақыт), қыздары Салтанат, Қарлығаш (Қарлыға) және ата-енесімен бірге алғашқыда бір бөлмеде тұрғанын жазған. Кейін үлкен үйге көшіп, ҚСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағлановамен көрші болған.

Өнегелі отбасы тәрбиесінің жемісі бір әулеттің шеңберінен шығып, елдік ауқымды қамтыды. Жазушы әкенің шын бақыты да осы шығар. Өкініштісі сол – перзенттерінің бойына мемлекетшілдік, азаматтық ұғымдарды сіңіріп өткен абзал әке ата-аналық еңбегінің зая кетпей, тұлға тәрбиелеп өсіргенін көре алмай ерте көз жұмды.

«Жақсының аты өлмейді» деген сөз бар ғой қазақ халқында. Сол айтқандай, бүгінде арамызда Кемел ағаның өзі болмағанымен рухы бар, шығармалары халқымен бірге жасауда.

Жер жаннаты Жетісудың халқы, оның туған жері қасиетті Қаратал өңірі қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың есімін өзгеше құрмет тұтады. Кемекеңнің сондай құрметке тұратын Алаш ардақтыларының бірі екенін ескеріп:

• 1992 жылғы 12 маусымда Үштөбе қаласының Южное көшесіне Кемел Тоқаевтың есімі берілді.

• 1996 жылғы 3 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №384 қаулысымен Қаратал ауданы Үштөбе қаласындағы №1 орта мектепке есімі берілді.

• 2003 жылғы 30 тамызда аталған мектептің алдына жазушы Кемел Тоқаевтың ескерткіші орнатылып, мұражайы ашылды.

• 2008 жылы «Кемел тұлға» атты деректі фильм түсірілді. Сценариін жазған белгілі продюсер-журналист Мақсат Садық, режиссерлері Нұрлан Жұманиязов, Динара Кәмзанова және Жанна Үмбетова. Бұл деректі фильм «Қазақстан» ұлттық арнасында бірнеше рет көрсетілді.

• 2017 жылдың мамыр айында Үштөбе қаласындағы заңғар жазушы есімімен аталатын көшеге ашық кітап түрінде арнайы белгітас қойылды.

• Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры жұмыс істеп, қор есебінен мектепке музыкалық аппаратура, компьютер, жиһаз және оқушыларға кеңсе тауарлары беріліп тұрады. Тек былтыр ғана осы қордың арқасында 26 түлек жоғарғы оқу орнына түссе, 2 оқушы Қытайда білімін жалғастыруда, 10 оқу озаты қордың қаржыландыруымен ай сайын 10 мың теңге сыйақы алып тұрады. Сондай-ақ жыл сайын аз қамтылған балаларға киім-кешек, азық-түліктік, әлеуметтік, т.б. көмек көрсетілуде.

• Талдықорған қалалық әкімдігінің 1995 жылдың 9 қазанындағы №1404 Қаулысына сәйкес қаланың жаңа шағын ауданында Кемел Тоқаев атына көше аты берілген екен.

Мұндай іс-шаралар жалғаса бермек.

Мен жазушы, әдебиетші емеспін, оқуды орыс тілінде бітірген тарихшымын. Сондықтан Кемел ағамыздың шығармашылығы туралы оқырман ретінде ғана өз пікірімді білдірейін.

Шындығында, мағынасы терең, тілі орамды көркем шығарманың кімді болса да баурап алатыны анық. Кітаптары іздеп жүріп оқылатын ағамыздың шығармалары бүгінгі әдебиетсүйер қауым үшін өте құнды.

Жазушы өзінің әрбір шығармасында өмір сүрудің бір-біріне мүлдем қарама-қайшы екі арнасымен тіршілік кешіп жатқан кейіпкерлердің ішкі жан дүниесіне үңіле отырып, әділдік пен зұлымдық, қуаныш пен қайғы, адал еңбек пен жеке басты ғана ойлайтын арам пиғыл арасындағы бітіспес майданды суреттейді. Әрине, кең дүние есігін ашып өмірге келген әрбір адам қылмыскер болайын деп тумас. Қатпары мол, қалтарысы терең, ойлы-шұңқырлы өмір соқпағынан баршаның бірдей сүрінбей өте алмайтыны, бәлкім, жазмыштан болар. Детектив жанрының осы тұрғыдағы күрделі ерекшеліктерін шебер меңгерген автор өз туындыларында «өмірге адам болып келген» кейіпкерлерінің қылмыс қақпанына қалай түсетіндігін түсіндіруге әрекет жасайды.

Ағамыздың өмір белестеріне зер салсақ, ол өмірден пайғамбар жасында – 63-те өтіпті. Екінші бір таңғаларлық жайт – бар өмірін қазақ әдебиетінің детектив жанрына арнаған жазушы дәл Милиция күні қайтыс болыпты.

Қысқа ғұмырында адамгершілік, еңбекқорлық, адалдық, әділеттілік атты ұлы идеяға дақ түсірмей, өз Отанына, еліне шын патриот бола білген ағамыз тірі болса биыл 100 жасқа келер еді. Осынау мерейлі датаға орай қаламгерді еске алу шаралары кең көлемде өтуде.

Тау алыстаған сайын биіктеп, айқын көрінеді демей ме қазағым!

Құлтай НҰРҚАЛБАЙҰЛЫ,
тарихшы-өлкетанушы
Талдықорған қаласы