Бексұлтан Нұржекеев «Жетісу облысының Құрметті азаматы» атанды

Уақыты: 20.11.2023
Оқылды: 1111
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгін Талдықорғанда Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеевке «Жетісу облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Қаламгерге марапатты Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев тапсырды, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі жазушының шығармаларын бірнеше буын ұрпақ оқып өскенін, соның ішінде өзі де бала күнінен қаламгерді туындылары арқылы танығанын атап өтті.

- Кеңестік кезеңнің қатаң сүзгісі бар кездің өзінде сіздің шығармаларыңыздың шындықты айта білетін мінезі болды. Бұдан бөлек тарихи туындыларыңыз бір төбе. Сізді аз жазса да, саз жазатын,   мемлекеттік, қоғамдық деңгейдегі ірі мәселелерге кесек пікір айта білетін қайраткер ретінде құрметтейміз, - деген Бейбіт Исабаев жазушының шығармашылық еңбегіне табыс тілеп, арнайы атақтың лентасын, төсбелгісі мен құжатын ресми түрде табыстады.

Өз кезегінде Бексұлтан Нұржекеев ризашылық тілегін білдірді:

- Туған жерімнің бұл сыйы – маған бәрінен қымбат. Жетісудың мен үшін орны бөлек. Және осы отырған әрқайсыларыңыз үшін де солай болуы тиіс. Президент әділетті қоғам құру, әділ азамат болу туралы айтты. Сол ұстанымды әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Бүгінгі маған көрсетіп отырған құрметтеріңізге ризашылығымды білдіремін, - деді.

Еске салсақ, Бексұлтан Нұржекеев Жетісу облысы Панфилов ауданы Ақжазық ауылында туған. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы. «Күтумен кешкен ғұмыр», «Ерлі-зайыптылар», «Жау жағадан алғанда», «Әй, дүние-ай» сияқты бірқатар прозалық кітаптардың авторы.