Жүргенов жылы

Уақыты: 28.11.2023
Оқылды: 873
Бөлім: РУХАНИЯТ

Биыл қазақ халқының аяулы перзенті, ұлы тұлғаларымызлың бірі Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде мемлекет қайраткерінің мерейтойы аталып өтеді. 

Темірбек Жүргеновтің есімі тек қазаққа емес, тұтас түркі жұртына мәлім. Сондықтан ТҮРКСОЙ халық- аралық ұйымының шешімімен 2023 жыл түркі әлемінде «Жүргенов жылы» болып жарияланды. Соның негізінде тау тұлғаның есімін ұлықтайтын шаралар ұйымдастырылды. Бұл орайда халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының басқарма басшысы Санжар Мүләзімоғлы: 

– Темірбек Жүргенов – өнер адамы. Осындай қайраткерлердің өмірін бауырлас елдер арасында насихаттау – біздің ұйымның басты мақсаттарының бірі. Тау тұлғаның ел үшін атқарған еңбегі, кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы өлшеусіз. Сондықтан Алаш арыстарының бірі Темірбек Жүргеновке құрмет көрсету – бізге міндет, – дейді ағынан жарылып. Ал  бұл тұрғыда Қазақстанның ТҮРКСОЙ ұйымындағы өкілі Бақытжан Омар: «Мемлекет басшысының Алаш ардақтыларын қайта қарау жөніндегі тапсырмасына сәйкес мұрағаттан біраз құжаттар қайта шығарылып, Темірбек Жүргенов туралы бұрын-соңды жарияланбаған деректер жинақталған кітап жарық көреді.

Оны ТҮРКСОЙ ұйымы қолдап, шығарып жатыр. Қаламы қарымды сыншының мерейтойына арналған шаралар легі мұнымен шектелмейді. Желтоқсанда Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» кітабы түрік тілінде жарық көрмек», – деп атап өтті.

"Жетісу-Ақпарат"
Фото: egemen.kz