Жетісу облысының филармониясына Дәнеш Рақышев есімі берілді

Уақыты: 01.12.2023
Оқылды: 1104
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жетісу облыстық филармонияға Қазақстанның халық әртісі, әнші - композитор Дәнеш Рақышевтың есімі беріліп, өнер саңлағы тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды. Осыған орай Талдықорғандағы облыстық филармония ғимаратында «Жетісу дүлдүлі» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Талдықорған қаласындағы Назарбаев көшесі, 101-үйдің қабырғасына «Бұл үйде Қазақстанның Халық әртісі Дәнеш Рақышев тұрған» деген жазуы бар тақта орнатылды. Іс-шараға облыс ақсақалдары, мәдениет саласының өкілдері қатысты. Арнайы қонақтардың бірі Халық әртісі Рамазан Стамғазиев жетісулықтарға өзінің ізгі тілегін білдірді:

- Бүгінгі күн Жетісу жұртшылығының ғана емес, тұтас қазақ өнерінің қуанышы деп білемін. Қазақтың ән өнеріне үлкен үлес қосқан Дәнеш ағамыз тұрған қасиетті шаңыраққа жетісулықтар тақта орнатылып отыр. Мен саңлақ әншіні  ең алғаш рет өнер байқауында көрдім, онда байқауға қазылық етуге келді. Сол шақта таныстым, адамгершіліге, талантына тәнті болдым. Бүгінде Дәнеш ағаның шәкірттері өнерде өз орындарын тапқан белгілі әншілер. Дәнеш Рақышевтің есімі қазақ өнерімен бірге жасай береді, - деді ол.

Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков, Дәнеш Рақышевтің қызы Гүлнар Рақышева және әншінің шәкірттері сөз алып, көпшілікке құттықтау лебіздерін жеткізді.

Атап өтсек, облыстық филармонияға Қазақстанның халық әртісі, әнші - композитор Дәнеш Рақышевтың есімі берілуіне орай бүгін филармония ғаимаратында арнайы концерт өтті. Оған Дәнеш Рақышевтің төл шәкірттері, атап айтқанда ҚР еңбек сіңірген әртісі Мырзахмет Мұқаманов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бақберген Асқарбеков, ҚР мәдениет қайраткері Абылайхан Хармысов, Серікбол Шыныбаев, ҚР мәдени қайраткері Нұржан Жанпейісов және ізін жалғастырушы ҚР мәдениет саласының үздіктері, Арафат Ысқақов, халықаралық байқаулардың лауреаты Құралай Шаяхметова сынды өнер майталмандары қатысты. Сонымен қатар Халық әртісі Рамазан Стамғазиев те өз өнерін паш етті. Концертте Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі, «Жетісу сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблі және облыс өнерпаздары өнер көрсетті.

Еске салсақ, Дәнеш Рақышев 1986 жылы «Қазақ ССР-нің халық әртісі» жоғарғы атағына ие болды. Қазақтың ән қоржынына 150-ден астам Әсеттің әндерін, халық әндерін, басқа да халық композиторлары мен қырғыз әндерін, Қазақстан композиторларының және 100-ге жуық өз әнін асқан шеберлікпен орындап, қалдырды. Жетісуда Дәнеш Рақышевтің есімі әншілік-орындаушылық мектебін қалыптастырушы тұлға ретінде тарихта қалды. 1990 жылдары Талдықорғандағы қазақ мектеп-интернатында және Жетісу мемлекеттік университеті музыка факультетінде өз класын ашып талапты балалар мен жастарды әншілікке баулыды.