ҚАБЕКЕҢ ДЕГЕН ЕКЕН...

Уақыты: 04.02.2024
Оқылды: 584
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жұртшылықтың, әсіресе қаламгер қауымның арасында жазушы Қабдеш Жұмаділовтің қағытпа қалжыңдары жиі еске алынады. «Қабекең деген екен...» дегендей мұндай қалжыңдар әдетте өзіндік астарымен, езу тартқызбай қоймайтын қуақылығымен де ерекшеленеді. Оқырман қауымға сондай қағытпалардың бірнешеуін ұсынып отырмыз.

Әңгіме боларын біліп...

Қабдеш ағамыздың әдебиеттегі қалам сілтесі ғана емес, сырт келбетінде де ұлы ұстазы Мұхтар Әуезовті еске түсіретін белгілер аз емес. Осы ұқсастығы үшін Әуезов мүсінін жасаған Төлеш Дос- мағамбетовке талай рет «натурщик» болғаны да бар. Бұл аз болған- дай, көшеде кездескен кейбір бейтаныстар да жазушыны тоқтатып:

– Кешіріңіз, Сіз Мұхтар Әуезовтің баласы, не туысы емессіз бе? – деп сұрай беретін көрінеді. Ондайларға Қабдеш:

– Жоқ, біз туыс емеспіз, жай ғана жерлеспіз, – деп сыпайы жауап береді екен.

Бір күні жаңағыдай әуесқойлардың бірі «жерлеспіз» дегенді өзінше жорып:

– Ауылдарыңыздың арасы тым жақын болған-ау, шамасы? – депті жүзіне жымысқы күлкі жүгіріп. Сонда жазушы:

– Сіздің көмейіңізді түсіндім. Бірақ ондай күдікке орын жоқ. Мен осындай әңгіменің боларын біліп, әдейі үстінен құстан басқа ештеңе өте алмайтын шегараның аржағында туып келгенмін! – депті әлгіге.

«Жиырма-ақ жыл болды»

Сексенінші жылдардың басында Қазақстанның Ресейге «өз еркімен» қосылуының 250 жылдығы тойланып жатқан кез. Бір күні газет редакторларының бірі Жұмаділовке телефон соғып, осы айтулы мерекеге арнап мақала жазып беруін сұрайды.

– Жазар едім, бірақ мен бұл тақырыпты жақсы білмеймін ғой, – дейді жазушы құлқы соға қоймай.

– Қалайша?! – редактор таңдана қалса керек.

– Мақаланы осы оқиғаның басы-қасында болған жігіттерге жаздырыңыз. Ал менің Ресейге «өз еркіммен» қосылғаныма небәрі жиырма-ақ жыл болды, – депті Қабдеш.

«Соңғы көштің соңы»

Соңғы жылдары Монғолия жерінен атажұртқа қоныс аударған әдебиетші жігіттердің бірі Қабдеш Жұмаділовке сәлем бере келіп:

– Қабеке, Сіз алпысыншы жылдары Қытайдан бері беталған көшке «Соңғы көш» деп ат қойып едіңіз. Мына тоқсаныншы жылдардағы біздің көшті қалай атайсыз? – депті әдейі сынағандай. Сонда Қабдеш бөгелмей:

– Бауырым-ау, қазақтың көші бір жылда бітуші ме еді?! Сендердің көштерің де сол «Соңғы көштің» соңы емес пе? – деп жауап берген екен.

Жұмыстың жүрмей жатқаны...

Баспа редакторларының кейде жоғарының нұсқауымен жос- парға кіріп қалған нашарлау қолжазбаны да ілдебайлап шығара- тыны болады. Бір жолы Қабдеш ағамызға да сондай бір «шығар- ма» тап болып, жұмысы ілгері баспай әбден шаршап отырса ке­рек. Сондай бір сәтте әжептәуір мансабы бар қолжазба авторы телефон соғыпты. Қысқаша аман-саулықтан кейін:

– Қалай, менің кітабымды қарап болдыңыз ба? – депті лауазымды автор дауысын қоюлатып.

– Сыдыртып оқып шығатын дүние болса әлдеқашан бітетін еді. Бірақ сіздікі ондай жеңіл шығарма емес қой, – дейді Қабдеш екіұштылау жауап беріп.

– Иә, қалай екен? – депті оның сөзін өзінше ұққан автор әлденеден дәмеленіп.

– Сіздің сөйлемдеріңіз сөйлем емес, ескі тақтайдан суырылған бір дорба қисық шеге секілді. Оны оқушы қажетіне жарату үшін әр сөйлеміңізді төске салып түзету керек... Жұмыстың неге жүрмей жатқаны енді түсінікті болар, – депті Қабдеш.

Мырзалық пен сараңдық

Доңыз жылы Қадыр Мырзалиев алпыс жасқа толып, М. Әуезов атындағы драма театрында салтанатты кеш өткен. Жиналыс соңынан ақынның «Шық бермес Шығайбай» атты спектаклі көрсетілді. Бір топ жас әдебиетші ойын біткеннен кейін де тарай қоймай той иесін күтіп тұрады. Тойдан кейін бір мезіреті бола ма дейді ғой баяғы. Әлгілер бір кезде киініп кетіп бара жатқан Қабдешті көріп қалып:

– Қабеке, сіз Қадырмен көрші тұрасыз той. Банкетке қарамай қайда кетіп барасыз? – депті әдейі сыр тартып. Сонда Қабдеш жүре тіл қатып:

– Әй, сол банкетіңіз бола қояр ма екен... Ағамыздың фамилиясы – Мырза Әлі. Жазған шығармасы – «Шық бермес Шығайбай». Бүгін мырзалық пен сараңдықтың қайсысы жеңерін кім білсін?! – деген екен.

Осыдан кейін жігіттер де жан-жаққа тарай бастаса керек.

Танауым осал болғанмен...

Қабдеш Жұмаділов ұйғырдың атақты жазушысы Хизмет Аб- дуллинмен он жылдай бір үйде есікпе-есік көрші тұрған. Жаңа үйге алғаш көшіп түскен күні-ақ Хизмет ағамыз Қабдешке:

– Қазы-қарта – сізден, мәнті мен лағман – .бізден. Шақыртусыз-ақ кіріп-шыға береміз. Келістік пе? – дейді.

– Келістік, Хизмет-ака. Солай-ақ болсын!

Шынында да солай болады. Көп өтпей-ақ екі үйдің аяқ-табағы араласып кетеді. Бір күні Хизмет көршісінің төрінде ет жеп отырып:

– Мен ғой жылқы етінің иісін сонадайдан сезіп, сенің үйіне дер кезінде келе қоям. Ал сенің танауың мәнтінің иісін жөнді айырмайды-ау деймін, – депті ұйғырдың қуақы қалжыңына басып. Сонда Қабдеш:

– Оған алаң болмаңыз, Хизмет-ака. Менің танауым осал болғанмен құлағым түрік. Достарыңыз жиналғанда сіз үнемі дутар тартасыз. Сол дутар үні шыққанда мына жақтан мен де бара қоямын ғой, – депті.

Ұлдарың аман болса...

Қабдеш ағамыздың бес баласы бар. Алдыңғы төртеуі – ұлдар, кенжесі – қыз. Сәуле жеңгеміз алғашқы екі ұлдан кейін-ақ өзіне қолғанат болатын қыз күте бастаса керек. Әсіресе төртінші құрсақ көтергенде тәуіпке бал ашқызып, қатты дәмеленіпті. Алайда бұл жолы да тәуіптің айтқаны орындалмай ұл келіпті дүниеге. Осы хабарды естігенде жазушы перзентханада жатқан әйеліне мынадай хат жолдаған екен:

– Бәйбіше, қыз таппадым деп қапаланба. Ұлдарың аман болса, түбі осы қазақтың біраз қызы біздің үйге келеді! – деп жеңешемізді жұбатыпты.

Дайындаған Нүсіпбай Додабайұлы,
ардагер журналист
Фото: ult.kz