Алакөл ауданында Мәдениет үйі ашылды

Уақыты: 06.02.2024
Оқылды: 523
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алакөл ауданында 16 Мәдениет үйі, 23 кітапхана, 2 музей және 1 мемлекеттік архив халыққа іркіліссіз қызмет етеді. Сондай-ақ, өңірдің мәдениет саласы мен тұрғындардың рухани байлығын өркендету үшін көптеген игі шараның жүзеге асып жатқанынан хабардармыз. Мұның өзі болашаққа салынған инвестиция, ұрпақтар сабақтастығының жалғасы. 

Сондай бір игілікті іс өткен сенбі күні Ақжар ауылында орын алып, ауылдық Мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов, аудан әкімі Алмас Абдинов қатысып, көптің қуанышымен бөлісті. 

– Қашанда мәдениеті мығым жұрттың іргесі берік болады. Ұлт пен ұлтты, ел мен елді теңестіретін де, еңсесін биіктетіп көрсететін де мәдениет байлығы. Жаңадан пайдалануға берілген Ақжар ауылдық Мәдениет үйі осы өңір халқының болашаққа деген табысты бастамаларының басы болады деген ойдамын, – деді жаңа нысанның лентасын қиған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов. 

Ақжар ауылы – аудан орталығы Үшарал қаласынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан. Ақжар, Қоңыр, Майлышат ауылдары қарайтын округте тұратын 2170 тұрғынның 540-ы жастар. Демек, елдің ертеңгі болашағын бекемдеп, күш-жігерін ауылдың дамуы үшін сарқа жұмсайтын жалынды күшке бай ауыл. Сондықтан ауыл тұрғындарының мәдени өмірін байытып, жастардың жалынды істерін жебеу мақсатында аудан басшылығының ұйытқы болуымен  «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 150 орынды Мәдениет үйінің құрылысы қолға алынып, енді, міне,  пайдалануға берілді. 

Сәулетіне салтанаты жарасқан, ұрпаққа берер тағылымы мол мәдени ошақ заман талабына сай материалдық-техникалық құрал-жабдықпен жабдықталған.  Ғимарат 2 қабаттан тұрады, аумағы 8 мың шаршы метрді құрайды. Нысанның құрылыс жұмыстарын Алакөл аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің тапсырысы негізінде мердігер «Global Construction kz» ЖШС-і сапалы салып берді. 

– Мұнда ауыл жастары мен жасөспірімдерінің бос уақытын тиімді пайдалануға, дарынды, талантты жастарды қолдауға арналған түрлі іс-шаралар өткізуге мүмкіндік мол. Онда хореография, домбыра, вокал, көркемсөз, сурет сияқты 20-ға жуық үйірме қызмет етіп, 12 штаттық бірлікке сәйкес тұрақты жұмыс орны ашылады. Мәдени нысанда оқырмандар үшін ауыл кітапханасы да  жұмыс істейді, – деді аудан әкімі Алмас Абдинов.

Нысанның ашылу салтанатында ауыл тұрғындары атынан ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Тұрсынхан Ахметов сөз алып, облыс, аудан басшыларына ризашылығын білдірді. Жаңа нысан тұрғындар игіліне қызмет ете берсін деген тілегін білдірді. 

Алакөлдегі жаңалықтар реті мұнымен бітпейді. Алдағы уақытта Жағатал, Жайпақ ауылдарына блокті-модульдік Мәдениет үйін салуға бюджеттен қаражат бөлінгені айтылды. Сол қуанышты күндерде жолығайық деген ниетпен қайттық. 

Қажет АНДАС
Ақжар ауылы
Алакөл ауданы