ДАРЫНДЫ ОҚУШЫЛАР – ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Уақыты: 06.02.2024
Оқылды: 491
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алғаш рет ұйымдастырылған ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиадасының қорытынды кезеңіне Көксу ауданынан 4 оқушы қатысты. Дарынды оқушыларды аудан әкімі Дәулет Халелов арнайы қабылдады.

Олимпиадаға жаратылыстану-математика бағыты бойынша қатысқан 3 оқушы аудан абыройын асқақтатты. Қадырғали Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Жалғас Күлжақан математика пәнінен І орын алса, Медеубай Құрманов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Аяла Нұрлыбек физика пәнінен қатысып, ІІ орынды иеленді. Ал Қадырғали Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Жансерік Нұрланұлы химия пәнінен ІІІ орыннан көрініп, үздіктер қатарын толықтырды. 

– Оқушыларымыздың республикалық деңгейде жетістікке жеткені бәрімізді қуантады. Осы деңгейге жету үшін сіздер тынбай ізденіп, табандылық таныттыңыздар. Бұл жетістік – сіздердің адал еңбектеріңіздің нәтижесі. Білім жолында қанаттарыңыз талмай, көкке самғаңыздар дегім келеді. Ұлы жолда сіздерге бағыт-бағдар берген ұстаздарыңыз бен үнемі қолдау танытып, бар жағдайды жасап берген ата-аналарыңызға ерекше алғыс айтамын, – деді аудан әкімі Дәулет Халелов.

Республикалық пәндік олимпиаданың «Қоғамдық-гуманитарлық» бағыты бойынша жалғас Қадырғали Қосымұлы Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Нүрдина Басеп қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша қатысып, ІІІ орын иеленді. Аудан әкімі жас дарынға алғыс айтып, гүл шоғын табыс етті.   

«Білекті бірді, білімді мыңды жығады» ұстанымындағы дарындар кездесу барысында шығармашылық байқаулардағы жетістіктері, зерттеушілік жұмыстарға қызығушылықтары туралы ойларымен бөлісті. Болашақта еліміздің бәсекеге қабілетті жастары қатарын толықтырып, адал қызмет ететіндеріне сендірді.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Көксу ауданы