ЖЕТІСУ ЖАУҺАРЛАРЫ ЖОЛ ТАРТТЫ

Уақыты: 07.02.2024
Оқылды: 635
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгін ұлт руханияты қайнар көзінің бірі ретінде әдеби шығармаларды атауға негіз бар. Қазақ әдебиетіне молынан үлес салған кешегі ақын-жазушы, тарихшы, журналистердің мөлдір шығармасын өз буынының ұлттық уызға қануына жол ашты. Бүгінгі жазарманның жазбасы ше? Ойландыратын сауал.

Баспа бетінен жарық көрген кітаптың дені таралымы шанақты болғандықтан қазақ оқырманына түгелдей жетпей жатқаны мәлім. Өңірлердегі «Жетісу», «Сырдария», «Отырар» кітапханасы секілді сериямен жарық көрген туындылар да өңірлік кітапханаларға таралумен ғана шектелуде. Ал алып шаһарлардағы оқырман қауымның қолына қашан жазбамыз тиеді?

Бұл сауал Жетісу жерінде шешімін тапқан сыңайлы. Өйткені облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен С.Сейфуллин атындағы Жетісу облысы орталық кітапханасының ұйытқы болуымен өңір қаламгерлерінің кітабы Астана қаласына жол тартты.

«Жетісу – кітап керуені» жобасы аясында өткен Жетісу қаламгерлерінің кітабын шығарып салу рәсіміне өңірдегі зиялы қауым өкілдері мен оқырман қатысты. Алғашқы болып сөз алған Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін кітап ұлы құндылық екенін атап, сарқылмас қазынаның өңір аясында шектеліп қалмай, Астана, Алматы секілді қалалардағы әдеби қауымға жол тартуы қуанарлық дүние екенін тебірене жеткізді. Өз кезегінде сөз алған көрнекті ақын Нүсіпбай Әбдірахым да еліміз бойынша алғаш рет өтіп отырған шараның мәні мен мазмұнын салмақтап берді.

Расымен де бұған дейін облыстарда шыққан кітап өз аясында ғана насихатталып келген. Әр облыс өз қаламгерлеріне қолдау білдіріп, кітабын жарыққа шығарумен айналысса, ол туындылардың таралуы да облыс, аудан, ауылдық кітапханалар желісімен шектелетін. Бұл сеңді бұзып, алғаш рет ел көлемі бойынша бірегей жобаны жетісулықтар қолға алып отыр.

Айта кетерлігі, 2006 жылдан бері облыс әкімінің қолдауымен жарыққа шыққан 500 кітап Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына қойылатын болады. Бұл игі бастама алдағы уақытта Алматы қаласында да жалғасын таппақ.

Осылайша жетісулық қазыналарды шығарып салу рәсімі аясында ақсақалдың ақ батасы берілсе, Талдықорған қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ақшабай Керімқұлов пен ҚР Жазушылар одағы Жетісу облыстық филиалының директоры, ақын Жангелді Немеребай лебіз білдірді. Өз кезегінде ән әлеміндегі мақтанышымыз Бейбіт Мұса, Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының «Күреңбел» триосы рухани шараны әнмен әрледі.

АРДА БИ