«Сарын» һәм «Тұлдау» сөзінің мағынасы

Уақыты: 08.02.2024
Оқылды: 478
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тарихтың тарау-тарау жазбасын парақтамай-ақ көз алдымызда тұрған құндылықты игеріп алсақ та жаман болмас. «Дәстүрдің озығы мен тозығы бар», «Ырымның қырың кеткен тұсы көп» деп қанша ділмарсығанымызбен дәуір доңғалағы жылжып, ғасыр парағы судыраса да салмағы, нарқы мен парқы өзгермейтін жоралғыларымыз бен салтымызды санаттан шығаруға хақымыз жоқ. Кешегі кеудесі кен бабалардың ұстанған әрбір жоралғысында өмірдің үлкен философиясы жатқандай көрінетіні бар.

Бүгінге дейін қазақтың дәстүріндегі той жоралғылары туралы біршама жаздық. «Қынаменде» дәстүрінен тартып, құдалықтың түр-түріне тоқталдық. Қазақтың «белден» басталып,  «бесіктен» шығарып, «барымта, «бітімге» ұласқан құдалығын атап, өзіндік ерекшеліктерін де жыр қылып оқырманға ұсындық. Десе де қыз баласының ұзатылуына байланысты жасалатын жоралғыларды желе баяндап, азғантай түсінік беріп кетсек, олқы түскен көңілдің байыз табары да анық.
Әуелі қазақтың салт-санасындағы жаназа мен құдалық, ырым-тыйым тұрғысында «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» 4 томдығында кеңірек баяндаған жазушы, публицист Уақап Қыдырханұлының сөзіне мән берелік. Ол ұрпақ қамын құрсақтан бастаған қазақ ұлды сүндеттеп, қыздың құлағын тескен соң-ақ үлкен өмірге бейімдейтінін, 12-13 жасқа толғанда ұлға ұя, қызға өріс іздегенін айтады. Осылайша құдалық қамын, ұл-қызды аяқтандырудың жолын ойлайтын қазақ танымы бүгін біршама өзгерді. Еркіндік берілді. Ұрпақ сүйгеніне қосылып, жарын өзі таңдайтын күнге жетті. Ол жақсы, әрине. Дегенмен жастар жараса алмай айырылысып кетіп өкініште қалып жататын жағдайдың көбейгенін де жасыра алмаймыз. 

Хош, «Құда болып алғанша би боп, құл боп сырлас. Құда болып алған соң құл да болса сыйлас!» деген кешегінің құдалық жоралғысының бірі – «Ұрын той» еді. Мұны Уақап Қыдырханұлы: «Ұрын той – қалыңы төленіп,  құдалық қалыптасқан тұста күйеудің алғаш қайыншылап келгені. Құдалар он шақты адам болып, жол жоралғысын, бар кәделерін алып артынып-тартынып келеді» деп түсінік бере отырып, ары қарайғы жағдаятты баяндайды. Айтуынша, жеңгелер ауылдан біраз алыста күйеуді аттан түсіріп, сусын алып шығады. Қымыз құйылған ағаш аяқты ұсынып-тартып, ұсынып-тартып, аяққа (ыдысқа) кәде (жүзік пен иіссу ма, күміс ақша ма) салмайынша бермейді. Мұны «Аяқ жүгірту» жоралғысы атаған.

Жалпы, «Ұрын тойда» негізгі жұмыстың бәрін жеңгелер тарапы жасаған. Қилы-қилы қылық, таусылмайтын талап айтып күйеудің қамаутерін алған. Құдалар бұл тойдан қанша сый-сияпатпен келсе, сонша бодаумен қайтқан осы жоралғыдан кейін күйеуге еркіндік берілген. Ашық келе беретін болған. 
Негізінен қазақтың құдалығына қатысты дүниенің ең бір сүйектісі – «Сарын». Сарын айтылды деген сөз қыз өзі өскен қара шаңырағынан ұзап, болашақ мекеніне беттеді дегенмен бірдей. Ұрын келгеннен соң күйеу қалыңдығымен «қыз таныстыру» жоралғысынан кейін барып ашық сөйлесіп, сырласа алатын күйге жетсе, одан кейінгілер сан жосық өз мәнімен, ретімен орындалған. Соның бірі «Аужар» айту. Мұны бүгінге дейін сақтап отырған өңірлер бар болғандықтан тоқталуды жөн санамадық. Ал «Сарынға»  тоқталмасқа болмас. Өйткені «Сарын» қыз жақтың ұзатылар арумен қоштасуы, соңғы айтар ақыл-кеңесі ретінде қалыптасқан дәстүр. Мәселен:
Сарынның басы – бисмиллә,
Құлағың салып сөз тыңда. 
Бабаңнан бері бағынған,
Үлгілі сөздер бар мұнда, –
деп басталатын «Сарында» аяулы қызға ата-ана, туған-туыс тарапынан сан түрлі кеңес пен ақыл айтылып, келіннің міндеті қалай болу керектігі тұрғысындағы дүниелер желе жортқандай желдірте баяндалады. Ал қыз тарапынан, әрине, «Сыңсу» айтылатыны белгілі. 

Жалпы алғанда осындай дәстүрдің кейбір нұсқасы ғана сақталды. Қалғаны түгелімен бабалармен бірге келмеске кеткені жасырын емес. Бұл тұрғыда біз негізгі асыл арнаны жалғай алмай қалған шақты Кеңес империясының құрамында болған бодандық ғасырымен ұштастырамыз. Ашаршылық пен қуғын-сүргін, жұт, одан қалды дүниежүзілік соғыс салдарынан көш-керуенін түзей алмай қалған халқымыз кейбір ырым-тыйымды ескермей, жоралғыларды місе тұтпағанымыз анық. Өйткені солақай саясаттың салдарынан сансыраған ұлттың ұғымында өмір үшін күрес ең алдыңғы орында тұрды. Ірі-ірі, негізгі дүниелерді ұстануды көздеген сол заманғы дәстүр жалғастығын аманаттап алған ата ұрпаққа алғыс айтуымыз парыз. Дегенмен мұның бәрін бүгін қайта жалғастырсақ, жандандырсақ деген өзіндік пікірді жазбаға тықпалағымыз да келмейді. Дәуір құндылығының ең бір ғажайып үлгісі ретінде атап өтуден басқаны парыз санамадық.

Қазіргі таңда дәстүр дегенде «озық пен тозық» тұрғысында пікір саптайтын күнге жеттік. Рас, дәстүрдің тозығы да бар. Соның бірін ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті жазушы Кәдірбек Сегізбайұлы сұхбат барысында айтып қалды. Ол еліміздің кейбір өңірінде кісісі өліп қара жамылған үйден үлес дәметер жоралғыны ашық сынайды. «Адамның асылынан айырылуы қиын ғой. Жаман-жақсы болсын бір адам өмірін тиянақтайды. Қара жерге арулап қою артындағылардың парызы. Ал сол үйге көңіл айта барған халықтың үлес дәметуін түсіне алмаймын. Бұл құндылық емес қой. Құлқынның қамынан туған дүние сияқты көрінеді», – дейді сырбаз жазушы. Біз де осы пікірде екенімізді жасыра алмаймыз. Осы орайда қазақтың «Тұлдау» жоралғысына тоқталып өткенді жөн санап отырмыз.

«Тұлдау» – қаралы үйде аза тұтудың ең басты жоралғысы. Бұл туралы Уақап Қыдырханұлы: «Ол ең әуелі адам қайтыс бола сала қара түңдік жабумен немесе жалпақ қара бау тағылумен басталады. Егер ол кісі батыр болса жабыққа қара найза тігеді. Жүкке (төсекке) қара жамылғы жайып, қайтыс болған адамның киімдерін іліп қояды», – дей келе жалпы өмірден өткен азаматтың әйелі, туған-туысы қара киінетінін, дәрежесіне сай шығарылып салатынын жеткізеді. «Тұлдаудың» бүгінде ұмытылып бара жатқаны да рас. Десе де тарих қойнауына көз жүгіртсек, адам шені мен шекпеніне, атақ-дәрежесіне қарай дәріптелген. 40 күн жоқтау айтылып, жыл тола абыройлы өліктің асы берілген. Оған сойыс-мініс атын да шақырылған ел алып келетін болған. Ондай мал  үйірге қосылмай көңіл айта келген елге немесе жарлы-жақыбайларға үлестірілген. 40 күн жоқтау айтылғанға байланысты қазақта «Қарның ашса қаралы үйге шап» деген нақыл шыққанын да айта кеткен жөн. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: pinterest.com