Айтыстың бағы жанса деп

Уақыты: 15.02.2024
Оқылды: 544
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бұл реткі мақаламызды осыдан біраз жыл бұрын өзімізге қатты әсер еткен айтыс төңірегіндегі ой-пішімізбен бастасақ дейміз. Сол тұста бұл  айтыстың шоқтығы биік екенін жарықтық профессор Тұрсынбек Кәкішев айтқан болатын. Жиналған қаранөпір халық та  Кәкішевтей абыз ақсақалдың аталы сөзін бір ауыздан мақұлдасқан. Жеті сағат бойы талықпай, тапжылмай тыңдады. Әлемдегі менмен деген өнердің «алтын басына» бұйырмаған құрмет пе дейсіз бұл!

Айтысты ұйымдастыруға басы-қасында жүріп бір кісідей көмек көрсеткен азаматтардың еселі еңбегі жұртымен жанған. Мың сан адам жиналып, алты алаштың мерейі өсті. Ұйымдастырушы ағаларымыздан естігенде шындап қуанғанымыз тағы, рас! Сөздерін бақсақ, арқа төсіндегі осынау мәшһүр сарайда айтыс өткізудің өзі қиынғаа соққанға ұқсайды. Тиісінше, осындай абройлы істің машақаты да аз болмағаны белгілі.

Оның бер жағында биліктің қабағынан қар жаудырмай, шын өнердің бағылан басын дауға шалдырмай алып шығудың оңайға соқпағаны анық. Жайшылықта бір баласына той жасаудық қаншалық қиын екенін былайғы жұрт жақсы білсе де, бір мұнша қазақтың басын қосып, бар қазақтың баба тарихы үшін той өткізудің тым-тым қиын екенін білмесе керек.  

«Қалауын тапты, қар жанды». Ірігіш қымыранды ірітпеді. Айтыстың шын жанашыры  Жүрсін Ерман мен ақын Дәулеткерей Кәпұлы тізе біріктіре білді. Әуелде бұл шараға үрке қарап, кейіннен түрлі кедергілер жасап баққан талайдың «жолын кесті». Барлығы барса бір қабырғасы опырылып қалардай болған «Қазмедиа» орталығынан ұлттық арнаны «ұрлағандай» болып әрең алып шыққан сол тұста.

Қош! Сонымен, ертеректе өткен сол қайталанбас дүбірлі айтыс жайлы ойымызды қал-қадірімізше жеткізіп көсек дедік. Сол арқылы толғауы тоқсан қызыл тіл тоқығандай көркем айтыс кестесіз қайыра көз жауын алғызып бір ұсынсақ деп мақсат та тұттық.

Бірінші болып сахна төріне Арқалық арқалы ақын Айбек Қалиев пен Астаналық адуынды жас Еркебұлан Қайназаров шықты. Ұстаз бен шәкірт арасындағы айтыс әуелі тартымды әзілмен өрбіп отырды. Алғашқы тізгінді ұстаған Айбек шәкіртіне бойының ұзындығын айтып тисе отырып, «аузымды суындырып алайын» деп кезегін ұсынды. Ұтқырлығымен аты шыққан Еркебұлан:

Алғанша ауызыңды суындырып,

Ортаға мен шығайын туымды іліп.

Айбектей ұстазымның айтуынша,

Шәкірттен мен екем ғой бұзық жігіт

Бойымның ұзындығы ештеңе емес,

Тілді де берген Алла ұзын қылып...

Мұнан ары тілінің ұзындығын дәлелдей алды деп білеміз. Айтысты ұйымдастырушы ретінде жалпақ жұрттың ықыласына бөленген Ерманов ағасының да бағасын тамаша әзілмен  айта білді.

Әйтеуір Жүкеңді алға салып жүрміз,

Солардың қас-қабағын баққызғандай.

Кетем деген кемпірдің аяғына,

Келінді көлденеңнен жатқызғандай.

Деп қағытып өтті. Ащы болса да айтыс төңірегіндегі шындықтың келбеті осы емес пе?! 18 миллион теңге жеп, бұған бола қылшығы да қисаймай отырған ұстаз ауылының әкімін айта келіп:

Өзгеге тегін берген ақылыңыз,

Немене өз аулыңа жетпей жүр ме?

Деп сұрақтың астына алса, Айбек Қалиев мұндай жемқорлармен салыстырғанда Жәнібек батырдың жыланның басын жұтуы «түкке тұрмақ» емес дей келіп

Бір жылда төрт әкімді ауыстырып,

Рекорд жасап еді даңқ алып кім

Енді жемқор әкіммен даңқым шығып

Атымды алты алашқа сан таныттым...

Деп Арқалықтың мұң-мұқтажын налып айтады. Қызыл тілін шындықтың шарығына жанып айтады. Есілдің қарасуы – бір кесе шайды да қимадың ба деп айтқан тұсына қапысыз жауап қайтарған Еркебұланның сөзі де сөз болғандай. Өзінше айтсақ шайдан гөрі өлеңінің ыстық сөлі мол екенін аңғартты. Онан ары қарай «заманда, заман ілкі еді» деп бастап тереңнен суырып, зеңгірден сорғалатып айтқанында халықтың ықыласы сөйледі. Анығы, халқының қошаметі – толассыз шапалағы сарай ішін сілкіп алды. Біраз жұрт «иә, сәт! айтыс өлмепті, тіріліпті» деп жырғасып жатты. Нәтижесінде, ұпайын түгел еншілеген Еркебұлан Қайназаров сүлік қарадай суырылып алға шықты.

Ақындардың келесі жұбы Қарағандыдан келген Мақсат Ақанұлы мен Астаналық Әсем Ережеп екені белгілі болды. Әуелі тізгін ұстаған Мақсат қыз бен жігіт айтысының өзіндік жазылмаған заңын жете меңгерген сұр мерген екенін таныта білді. «...Япыр-ау, сол жағымда бір қыз отыр, Есілдің сол жағындай ажарланып...» осы бір сөзден-ақ бәрін аңғаруға болады. Екі тізгінді тең ұстау деп осыны айтса керек. Нағыз құдаша мен құданың қағытпасы дерсің мұны. Нанбасаңыз қараңыз. Мақсат «құда» боп неден ауырып қалдың деп тисе сөйлесейді. Ал қарсыласы да осал «жау» емес. «Үйреніскенін» тіптен бір жола үйіріп әкетердей.

Жай кезде мырзамын деп шалқаясың,

Басымда бағым бар деп, қолымда құт.

Кедей боп қалмас ең ғой келе салсаң,

Қытайдың алмасы мен сөгіңді алып.

Бұл жай қуақылық емес. Ащы шындық жатқанын байқайсыз. Осы Айтысты ғана қытайдың еншісіне байлап бермегеніне қуанасың. Алмасы да, басқа-басқасы да соныкі болған заманда. Осылайша қыз бен жігіт айтысының тамаша үлгісін көрсете алған екі жұпты «бәйгесі де өз қызығымен  еш сүрінбестен үзеңгілесе, қапталдаса жеткен. Оны Әсемнің 69 ұпайға ие боп, бір балдық қана парықпен ұтылғанынан байқауға болады.

         Осы айтыста әйгілі теңбіл допшылардай бағасы асқан бір жанның бар екенін мына жұрт, біле ме екен? Айтыстағы орақ ауызды, ұрт тілділігіне бола айтып отырсаң  ошақтың үш бұты сынды Айбек Қалиев, Бауыржан Халиолла, Ринат Зайтовтардың бірі болар дерсіз. Солардың бірі екеніне де дау жоқ. Тек халықтың әділ бағасымен бағаланып келген «аты шулы» Ринаттың кәдімгідей ақшаға бағаланганын да естідік. (Журналистер үнемі «кухнияда» жүру керек» деген осы болса керек). Әуелде қомақты сомаға бағаланған осы кештің кейіннен Ринат қатысатын болғанда  теңгесі ыршып кеткен. Үстіне алғашқыда ұсынылған ақшаның төрттен бірі еселене кеткен. Келіспесең «жолың, әне» дегенге сайған.

Несі бар. Ақынын бағалаған жұрт аянсын ба? Бүгінннің атымтайлары ақысын жемей, сұрағанын санап берген. Міне сол құнды жігітке де кезек келген. Келесі жеребе Семейлік Ринат Зайытов пен  Астаналық  Иранғайып Күзембаевтың еншісіне бұйырды. Екеуі де тесік өкпелі саңлақтай қысылмай, қыстықпай еркін шапты. Еркін шапқаны бұлай тамаша болар ма? Қашан да көзіне «құс көріне беретін» билік тұтас халық алдында, зиялы бір шоғыр топ алдында оңбай масқара болды. Не керек, Ермановтың құлағын қоңыраулатты. Тікелей эфирден тамашалағандай тікелей ағамыздың аузынан сол сахнада естіп білдік.

Жүрсіннің айтуына қарағанда Мәсімовты айтып Ринат «оңбай» қателескен. Билік айтуын айтты-ау. Сол арада менің қасиеті бөлек айтыс болмағанда минстрлер ордасына тартып кеткім келді. Ұясына сұғанақ күш тиген құмырсқадай жан арпалыстарын шындап көргім келді. Бұл айтыс жайлы не айтамыз. «Апам жақсы да атам жақсы» боп қақ бөліне салудың реті де жоқ. Қазылар да қара қылды қақ жарды, білем, ұпайлар да қақ жарылып тең болған. Бұл айтысты тек қана тауып алып, тыңдау керек. Не айтты екен деп емес, не айта алмай қалды екен деп.

Осылай да осылай аламан бәйге бәсін өрге сүйремесе, мүлдем төмендетпеді. Мұны Жүрсін Ермановтың «біз бұл ақындарды республиканың түкпір-түкпірінен сұрыптап алып, бәйгеге қосып отырмыз» дегені растай түскен. Айтыс көріктей қызып алды. Осындай сәттердің бірінде арғы беттегі қалың қандас бауырдың арасынан келген Анаргүл Бәделханқызы мен Қызылордалық ақын Ержеңіс Сәбдеев те көрерменнің көз айымына айналды. Бәрін айтып отырудың сол дүлдүлдердің маңдайына жазғанмен менің маңдайыма жазбаса керек. Бір анық жәйт ақын қызымыз Анаргүл Беделханқызы қарсыласынан оқ бойы озық кеп, түгел онды көгендеп алды.

         Кезінде айтыс сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп үлгерген шығыстың қарлығаш қызы бұл күнде қайда жүр екен деп сұрау салып жүретініміз бар-тын. Сөйтсек, білімін ұштап, білігін арттыпып жүргенге ұқсайды. Мұны да сол Жүрсін Ерманның аузынан естігенбіз. Оның қарсыласы Астаналық шын жүйріктігін сан мәрте танытып жүрген Мейірбек Сұлтанхан болатын. Екеуі де «оңай беріспестердің» санатынан. Екеуі де ұстаз бен шәкіртара «араздықты» жақсы ашып беріп отырды. Бірі артық, бірі кем айтты деуге келмес. Мейірбек үзеңгілесе жанап та шапты. Алыс кетіп, ұтылап та шапты. Қарылғаштың Тереңдігі таязымады. Ақыры, қос ақын қосарланып келді. Бірыңғай ондық бағаны еншіледі. Алтыншы жұп болып Моңғолиядан келген қандасымыз Сәтжан Класқан мен Баянауылдың  болмысы бөлек ақыны Аспанбек Шұғатаев айтысты. Әуелгі де басына орамал таққанын ерсі көріп әріптесінің шымбайына әбден батып, «Қаңғыбас» екенін айтқанда ақынның намысы қозды ма, әлде, туа бітті болмысы сол ма, кім білсін?! Аспанбек мүлдем аспандап кетті. (аты текке қойылмағанын өзі де ептеп айтып қалды – Қ.Қ). Қос жүйрік те Батырашы жоқ ортада Құлагердің қара үзіп алға шығатыны қандайлық ақиқат болса,  Аспанбектің жеңісі де еш күмәнсіз жеңіс еді. Қазыналы тілмен «күміс көсеп, алтын асатып» өлең сүйер, зердесі тұтқыр толқулы топты онан ары толқытып жіберді. Бойда рухтың андыздап шапқан аламаны қарасын молайтып, тамырда дүбір бір толастамады.

         Киелі санды әуелде көңілге тоқ санаса да, қиқкуға елегізген соңғы жұп ақыр соңына әрең шыдаған. Оралдың әзілқой ақыны Жансая Мусина (Жүрсін Ерманнның айтуынша – Қ.Қ) мен Қытай халық республикасынан арнайы шақыртумен келген Қанатбек Зәйтоллаұлы тартысып бақты. Бастай салысымен өзіне сенімді көрінген Қанатбек Жүрсін Ерманға «қасқырдың қасына әке қой байладың» деп қалғаны бар. Осы сөз басында айтылды демесең соңында өз басына таяқ боп тиді. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ» жоқ қой. Айтыстың нүктесін кім қояр екен деп іштей тынып отырғанда Зәйтоллаұлы мүлт кетті. Бір сөзінде Жансаяның ешкіге теңеп айтқанына «шамдана» қалды. Қандасыңды хайуанға теңегенің қалай болды деп айыптағаны сол еді. Жансая басындағы әріптесінің өзін қойға теңегенін есіне түсіре қойды. Шын ақын жеңілгенін мойындады. Тіпті, бұл әлеуметтік желі де «нокаунд» болды деп тамсана жариялап та үлгерді.

Астана уақыты он екілік дабылды соғуға таяу қалған. Тартысты ойын өз мәресіне жеткенмен жеңімпаз анықталмады. Қазылардың шешімімен қайтадан жұптау әдісімен алты ақын қайта жұпталатын болып шешілді. Хас тұлпардың сыналар шағы жеткендей. Бәрі де бабынша шаппаққа тырысты. Ақындардың да аздап шаршаңқырап қалғаны да білініп жатты. Дейтұрғанмен,

солардың ішіндегі Еркебұлан Қайназаров пен Аспанбек Шұғатаевтың айтысы тағы да таразы көңілді жұрттың көкірегінде салмақтанып жатты. Бұл қос пырақ тағы да ауыздық басып, қатар «жағаласып» келді. Тек, әділқазылардың өзара кеңесіп пішкенінің арқасында Еркебұлан Қайназаровтың қанжығасы майланды. Ары қарай екінші боп мәреге Анаргүл Беделханқызы мен Мейірбек Сұлтанхан жеткен еді.

P.S.  Жеті сағатқа созылған айтыс осылай өз міндетін мінсіз өтеп шыққандай. Себебі де, орта ортаймады. Көрермен күңкілдемеді. Талассыз тамаша айтыс болғанын сахнаны қимай-қимай қоштасқан ақындар да, сол ақындардың шабысына тәнті болған тыңдарманы да өлмес мұраның шуағына көміліп, алдаспан рухтың жарқылында жадырап бара жатты... Күні бүгінгідей көз алдымызда әлі сайрап тұр.

Фото: көрнекілікке алынды