Әбілхан Қастеевтің 120 жылдық мерейтойына арналған көрме өтті

Уақыты: 15.02.2024
Оқылды: 486
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әбілхан Қастеевтің көркемсурет галереясында Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 120 жылдық мерейтойына арналған, ҚР Көркем академиясының мүшесі, әбілхантанушы Мәмет Иманбаевтың жеке шығармашылық көрмесі өтті.

«Атамұра» атты жеке шығармашылық көрменің авторы  Мәмет Сұлтанұлы шығармашылығында Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің орны ерекше. Ол Әбекеңнің балалық шағын зерттеп, көптеген картиналар салды. Ол зерттеулерін өзек етіп, «Арманына асыққан Әбілхан», «Әбілхан Қастеевтің балалық шағы бейнелеу өнерінде» атты кітаптар жазды. Сонымен қатар, мозаикалық тастармен, майлы бояумен «Қастеев портреттері» атты және суретші туралы ел аузындағы әңгімелер желісімен «Туған жер төрінде» деп аталатын туындыларын салды.

Жалпы портреттік жанрда көп еңбектенетін суретшінің «Дәулет би Танаұлы», «Шойнақ батыр» сынды тарихи адамдарды кескіндеумен қатар Қуаныш Сұлтанов, Әбен Дәуренбеков, Тұрсын Әбдірешов, Байтұрсын Өмірбеков, Ермек Келемсейіт, Николай Головацкий, Жақып Заманбеков сияқты танымал тұлғалардың портреттерін сомдады. 

Мәмет Иманбаевтың әртүрлі жанрда жасалған 20-дан астам туындысы көрмеде бір ай бойы көрермен назарына ұсынылды.

Көрменің ашылу салтанатында аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Әлімов, Жаркент жоғары педагогикалық колледжі директорының орынбасары Мұқтархан Тойғұлов, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Самат Нұрсапаев Ә. Қастеев көркемсурет галереясының директоры Берік Әбілханов сынды жандар сөз сөйлеп, суретшіні жаңа көрмесінің ашылуымен құттықтады. Аудандық мәдениет бөлімінің әншілері Еркебұлан Қонашев пен Қайрат Қыдырмаев салтанатты сәтті өздерінің әуезді әнімен әрледі.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы

Фото: culturemap.kz