"БАЙШЕГІР БАБА БАЯНЫ"

Уақыты: 15.02.2024
Оқылды: 607
Бөлім: РУХАНИЯТ

Түрік және моңғол тектес халықтарының атақты билеушісі, Әмір әулеті империясының негіздеушісі Әмір Темір кезінде Түркістанға келуді, оның қасиетті топырағының бір уысын орамалына түйіп алуды әдетке айналдырған көрінеді. Осындай сапарларының бірінде: «Қожа Ахметтің басына әлемде теңдесі жоқ кесене тұрғызсам, халық қуана құптайтын  шығар. Абыройым да арта түсуіне игі ықпалын тигізері және анық» деген ой сана-сезімін бірден баурап алады да  кідірмей іске кіріскен әмірші өзіне бағынышты елдердегі құрылыс салудың хас шеберлерін жинап, кесене тұрғызуға қажетті материалдарын дайындатып, кесене құрылысын қызу бастап та кетеді.

Көлемі үлкен зәулім ғимараттың қабырғалары қаланып, бітуге жақындаған шақта бір ғажайып күштің әсерінен түнде тас-талқаны шығарылып жатқанын ертеңгілікте көріп, баршасы қайран қалады. Кесене қабырғасы қайтадан қаланғанымен түнде құлап қала береді. Осындай тосын құбылыс бірнеше мәрте қайталанады. Құпия құбылыстың нақты тылсым себебін түсіне алмаған Әмір Темір хан халықты жинап, мұның себебін, не істеу керектігін сұрастырады. Жұмбақ құбылыстың нақты жауабын ешкім де дөп басып, айта алмай аңырады. Сонда жиырмадан асқан сұңғақ денелі Байшегір деген жігіт Әмір Темірге жақын келіп:

– Кесене  қабырғасының құлай беруінің себебін рұқсат етсеңіз мен айтайын. Маған түнде аруақтарым аян берді. Ахмет Ясауи – Арыстан баптың шәкірті. Арыстан бап – Алла тағаланың сүйіктісі Мұхаммед пайғамбардың  үмбеті екенін ескермегенсіздер. Кесенені ең алдымен Ахмет Ясауидің ұстазы Арыстан бапқа тұрғызбай, оның шәкіртіне салып жатқаны несі? Үлкендік жол қайда? деп реніш білдіруде екен, – дейді. 

Байшегірдің бұл сөзіне мұқият құлақ түрген хан Әмір Темір бірден иланады да:

– Шынында да солай екен-ау. Оңбай қателесіппін, кешір, Алла, күнәмді, – деп Тәңірге жалбарынады. Қызу жүріп жатқан құрылысты дереу тоқтаттырып, Арыстан бап кесенесін тұрғызуға шұғыл  кірісуге әмір береді. Құрылыс тоқтаусыз жүргізіліп, ол ойдағыдай біткен соң Қожа Ахмет Ясауи кесенесін салуды қолға алады. Жас жігіт Байшегірдің көріпкелдігі мен ақылына тәнті болған хан Әмір Темір жұрт көзінше:

– Біздің ойланбай жіберген қателігімізді көріпкелділік қабілетімен дөп басып айтып, тура жолды сілтеген мына жігіттің аты бұдан былай «Байшегір баба» аталсын!  деп қолын қысып, құшағына басқан екен. 

Міне, осылайша бойына Алланың құдіретімен көріпкелдік қабілет дарып, қаршадайынан қара қылды қақ жарған Байшегір бабаның атақ-даңқы арта түседі. Тарих ғылымын зерделеп зерттеушілердің бірі Әміре Әрін келтірген деректерге жүгінсек, Байшегір баба Тоқтыбекұлы Әмір Темір хан уәзірлерінің бірі болған. Байшегір бабамыз өмірден өткенінше Ұлы Даладағы ұлық істердің ұйытқысына айналып, қабырғалы жұрттың абыройын арттыру жолында бел босатпастан қызмет етіп, беделін биіктетіп, абыройын арттыра түскен екен. Байшегір баба Тоқтыбекұлы мәңгілік ұйқыға кеткенінде ел-жұрты арулап, айтулы хан-сұлтан, батырлар мен билердің топырағы бұйырған киелі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерлеген. 

Қазақстанда жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына орай кітап сериялары аясында 2014 жылы «Бабалар сөзі» жүз томдығы шығарылған болатын. Тарихи құндылығы жоғары осынау сүбелі еңбектің 85-томына VІ-ХVІ ғасырлар аралығында өмір сүрген Бәйдібек би, Домалақ ана, Қорқыт, Алаша хан, Майқы би, Аяз би, Хакім ата, Зеңгібаба, Шопаната, Өзбек хан, Шыңғыс хан, Жошы хан, Ақсақ Темір, Байшегір баба, әз Жәнібек, Асанқайғы, Жиренше шешен, Қарашаш сұлу, Еңсегей бойлы ер Есім, Тоқтамыс сынды хан-сұлтандар, би-шешендер, батырлар және басқа да тарихи тұлғаларға қатысты халық туындылары енгізілген. Осы кітаптағы есімі аталған еліне танымал болған тұлғалардың бірі Байшегір Тоқтыбекұлы жайлы жақында журналист-жазушы Әли Ысқабайдың «Байшегір баба баяны» атты кітабы Алматыдағы «Балауса» баспасынан жарық көрді. Бұл кітапта Тоқтыбекұлы Байшегір бабаның көріпкелдік қасиеті мен ғибратты  ғұмыры, елі мен жердің тұтастығын сақтауға қосқан өзіндік ерлік үлесі баяндалады. Сонымен бірге бабаның көріпкелдік қасиеті, аталы сөз айтуда ордалы ісімен, орамды ойымен танылып, шешендік шеберлігі мен қабілеті, парасаттылық пайымы мен ақылмандық данагөйлілігі, жақсылықтың шапағатты шырағының нұрын шашып, төңірегіне шуақты сәулесін түсіре білгендігі, дуалы аузынан дұғалы бата дарыған абыз бабаның үлгі-өнеге тұтарлық, тағылым мен тәрбиеге негіз боларлық бүгінгі қалың бұқараның тірлігімен сабақтастығын дәріптейтін ғибратқа толы ғұмырынан суыртпақтап сыр тартады. Сондай-ақ, Байшегір бабаның Жиенбет, Нұрымбет, Тынымбет және Бекпенбет есімді 4 баласынан, сондай-ақ, Келменбетұлы Бекбауылдан бабаның бауырлары Жаншегір мен Қожамсүгір  тектерінен тараған ұрпақтарының бүгінгі Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін қажырлы еңбектерімен көпшілік құрметіне бөленген еңбек адамдары, осы әулеттің ғылым мен әдебиет салаларында дарындылығымен ерекшеленген танымал тұлғалардың қысқаша тұжырымдалған өмір деректері және бабалар тұрғысында ел жадында сақталған аңыз-әңгімелер мен әпсаналар топтамасы қамтылған. Жақында Балқаш аудандық кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері  Әли Әпек-ұлы Ысқабайдың  «Байшегір баба баяны»  атты кітабының тұсауы кесілді. Шараға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, «Ақжүніс» әжелер ансамблі мүшелері және Байшегір баба ұрпақтары қатысты. Лауазымды тұлғалар  құттықтау тілегін білдіріп, кейінгі ұрпақ жадында мәңгі қалдыруда бұл кітаптың тәлім-тәрбиелік мән-мағынасы өте зор екендігін атап өте келе, кітап авторы Әли  Ысқабай  мен меценат Қайрат Айтмолдаұлына аудан әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті. Шара барысында сөз алған қонақтар, ардагерлер  Байшегір бабаның даналық ерекше қасиеттері кітапта кеңінен баяндалғанына тоқтала отырып, жазушы, кітап авторы Әли Ысқабайға ақ тілектерін білдірді.

Аудандық кәсіподақтар ұйымының төрағасы Самат Рақышев, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры Алтынбек Мәнкібаев Талдықорған қаласынан арнайы келген Орынбасар қажы және басқалар жаңа басылым жайлы өз пікірлері мен ойларын айтып, жақсы бір істі тиянақты тындырған қаламгерге рахметтерін білдірді. Кітаптың баспадан шығуына демеушілік жасаған «Байшегір баба ұрпақтары» ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бақытжан Хамзинге де шынайы алғыстарын арнады. Шараны қорытындылаған, осы кітаптың шығуына себепкер болып, басы-қасында жүрген «Байшегір баба ұрпақтары» ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бақытжан Хамзин барша атсалысқан азаматтарға, аудан басшылығына алғысын білдіре отырып, Әли Әпекұлына зерлі шапан жауып ақжарма тілегін білдірді. Жас оқырмандар жазушы ағаның шығармашылығынан өлеңдерін жатқа айтып, жырдан шашу шашты.
Бұдан кейін шараның маңызды сәті кітаптың тұсау кесуінің лентасы салтанатты түрде қиылып, шашу шашылып, шара қатысушыларына тағылымы мол кітап естелік ретінде үлестірілді.

Әмір САНА