Қазақ поэзиясының Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров қаламының қуаты ерекше, ойы оралымды, тілі тартымды дүлдүл ақын. Жаратқан ие бойына айрықша талант берген оның ақындық сүрлеуі сонау бала кезінен бастау алса керек.
Құлагер ақын өз өмірі туралы естелігінде: «Менің жылымды «жылқы» дейді, онысы 1894 жыл болатын. Жазға салым туыппын. Ел ішінде туған ай, күнді, сағатыңды қайдан табарсың. Анамды аз білемін, төрт жасымда жетім қалдым. Әліпбиден әкем өзі оқытты. Менен басқа бала оқытқан кісі емес. Тек қыстың ұзын түндерінде білтелі шамның жарығында бір шыбықты ала отырып, мені тізеге алушы еді», – деп айтыпты. Әкенің тәлімін алған ол атақты «Мамания» мектебінің де табалдырығын аттаған. Құймақұлақ, зерек ойлы, сөзге үйір болып өскен бала ауыз әдебиетінің жауһарларына қанып өскен. Бұл жөнінде өзі былай сыр тартқан екен: «Қонақ айтқан әңгіме, балалар айтқан жұмбақ, кемпірлердің ескі күндерін ескеріп айтқандары, қыз-жігіт айтысқан қара өлеңдер, ұрыс-соғыс хабарлары – менің ең ұнатып тыңдаған нәрселерім. Хат білген соң өлең, кітап оқығыш болдым. Қыз Жібек, хиссаларды қызығып оқушы едім. Мен оқығанда, тыңдамайтын жан болмайтын. Кейін аймағымыздың ауыл бозбаласының өлеңшісі болдым. Жарып той бастап, таңдап әріптес алып айтысып, құтырған күндер өтті. Тойды таңға тарқатпай, ауыл әлеуметін ауызға қаратқан түндер кетті. Домбыра шертіп, жыр оқып, үлкен қариялардан бата алдым».
Осындай оқу мен тоқу, толысу мектебінен өткен Ілияс Жансүгіров лириканың нәзік пернелерін дөп басып, көсіле жырлады, қазақ әдебиетінің қоржынын қадау-қадау туындылармен толықтырды. Оның «Құлагер», «Күй», «Күйші», «Дала» атты поэмалары кең тыныстылығымен, қазақтың кең даласының қасиетін ашқан кемелдігімен, тарих пен тағдырды тоғыстырған тереңдігімен құнды. Ал сөзбен сурет салған тамаша шығармалары табиғат лирикасынан көрініс тапты. «Жазға салым», «Жазғытұрым», «Жазғы шілде», «Жаз», «Қыс», «Мезгіл суреттері», «Жел», «Жетісу суреттері» және тағы басқа өлеңдері тілінің көркемдігімен ғана емес, танымының тереңдігімен де ерекше.
Әсіресе, ақынның «Жетісу суреттері» өлеңі қазақ поэзиясына бөлекше екпін әкелді. Осы өлеңді оқыған Мұхтар Әуезов: «Мен Ілиясты бұрын да білуші едім, өлеңдерін де оқып жүретінмін. Бірақ оны шын мағынасында дарынды ақын екенін мойындағаным сол «Жетісу суреттері» өлеңін оқығаннан кейін», – деген екен. Осыдан-ақ «Жетісу суреттерін» оқуға құмартып тұрасың, өлеңге өзгеше көзқараспен қарай бастайсың. Бұл өлең «Жалпы сын», «Тау суреті», «Жетісудағы су суреті», «Жетісу жәндігі», «Жер түгі» деген 5 бөлімнен тұрады. Әр бөлімде жер жаннаты Жетісу жерінің табиғаты асқан көркемдікпен, шеберлікпен суреттелген. Мұнда тамаша табиғат көрінісімен біте қайнасып кеткен өмір бар. Ақынның кіндік кескен, еркелеп өскен туған жері жайлы жалпылама жазып шықпай, тауы мен тасын, өзені мен көлін, ағашы мен талын, шөбін, жан-жануары мен жәндігіне дейін бірін қалдырмай өлеңге қосуы оның білімінің молдығын, туған жерге деген айрықша сүйіспеншілігінің белгісі дер едік.
Қып-қызыл жамағандай тауды мыспен,
Қорғасын қорығандай су-күміспен.
Құймақы, қожыр қара жақпарлары,
Арналып отырғандай алып күшпен,
Таутеке, марал, бұғы, тағылары,
Тау-тасын мекендеген жазы, қыспен.
Картадай қатпар-қатпар қаптал жатыр,
Тазы ертіп, күзгі қарда шықсаң құспен,– деген тау суреті біздің Текелінің керемет табиғатындай. Оқырманды әрі сүйсіндіреді, әрі айбатын арттырады. Ақын өлең арқылы Жетісуды аралатып, оқырманын сол аймаққа ғашық қылады, көруге асық қылады.
Ілияс Жансүгіровтің ақындық әлеуеті, шығармалары жайлы зерттеп, зерделеп жазғандар баршылық. Белгілі ақын, ғалым Бауыржан Жақыптың: «Жердің тартылыс күші болатыны сияқты, ұлы ақындардың да ұлы планеталар сияқты тартылыс күші бар. Өлеңге жаңа келген көптеген жас ақындарды Ілияс өзіне тартып алды, тіпті жұтып қойды деуге саяды. Ілиясқа еліктегендер көп, бірақ олар Ілиястың өзі емес. Біздің поэзияға келген толқынның ішінде де Ілиястың тартылыс күшінен шыға алмай қалып, өз қолтаңбасын қалыптастыра алмағандар болды. Олар көп.
Жүрекжарды көзқарас – біреу ғана. Ілиястай ақынға қандай баға берсек те лайық.
Небәрі 44-ақ жас ғұмырында 40 кітап шығарып, қаншама асыл қазына қалдырғанына қайран қаласың. Негізінен Ілиястың есімі қазақ әдебиетінің тарихында эпик ақын ретінде алтын әріптермен жазылды деп ойлаймын»,– деген тұжырымы ақынның жыр Құлагеріне берген лайық бағасы.
Жансая АЙДАБОЛОВА,
«Тіл» оқу-әдістемілік орталығының оқытушысы
Текелі қаласы