Жер жаннаты атанған Жетісу аймағының экономикасы ғана емес, әдеби-мәдени өмірі де күн санап жандана түсіп келеді. Бүгінде облысымыз аумағында маңызды рухани шаралар көптеп өткізіледі. Сәрсенбінің сәтті күні Алматы қаласының төріндегі Ұлттық кітапханаға ат басын тіреген «Жетісу – кітап керуені» жобасына қатысушылардың сапарын сондай шаралардың қатарында атауға болады.
Бұл күні Жетісу облысы әкімінің қолдауымен 2006 жылдан бастап жарыққа шыққан ақын-жазушылар мен сазгер, суретшілер кітаптарының 300 данасын Ұлттық кітапханаға сыйға тарту рәсімі атқарылды. Халықаралық кітап сыйлау күні аясында өткен маңызды шара жерлес ақын-жазушыларымыздың шығармаларын әдеби өмірі қайнап жатқан Алматы қаласының оқырмандарына таныстыруды, насихаттауды мақсат етті. Оқырман қызығушылығын оятқан бұл басқосуға Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен аталған басқармаға қарасты С. Сейфуллин атындағы облыстық кітапхана ұжымы ұйтқы болды.
Жиналғандар жетісулық ақын-жазушылардың кітаптары қойылған көрмемен танысқаннан кейін басқарма басшысы Қуаныш Сүлейменов аймақта ақын-жазушылар мен басқа да өнер адамдарының шығармашылығына қолдау көрсету бағытында жүзеге асып жатқан нәтижелі шаралар жайында кеңінен айтып өтті. Иә, бұл орайда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Аталған кезден бері аймағымызда облыс әкімінің қолдауымен шын мәнінде әлденеше жүздеген кітап жарыққа шығып, тұсаукесер рәсімдері өткізілді. Ақын-жазушылармен, әнші-сазгерлермен ұйымдастырылған шығармашылық кештері қаншама!?
Рас, таралымы 500 дана, ең көп болғанда 1000 данадан аспайтын бұл кітаптар негізінен облыс аумағымен ғана шектеліп, аймақтағы кітапханаларға ғана таратылатын. Басқа сөзбен айтқанда шығармашылықтары біртіндеп шарықтап келе жатқан ақын-жазушылар өзге өңірлерге танылмай көп ретте өз қазандарында өздері қайнап жататын. Өткен кезеңде Астана қаласына жол шеккен, бүгінгі күні Алматыға ат басын тіреп отырған «Жетісу – кітап керуені» жобасының мақсаты да осындай олқылықтың орнын толтырып, жетісулық таланттарды басқа өңірлердің оқырмандарына таныстыру болатын. Бұл мақсат белгілі бір мөлшерде орындалды деп айтуға болады. Соған орай осы бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жүйелі жалғастырылмақ.
Осы жайттарды жан-жақты айтып өткен Қуаныш Сұлтанұлы Жетісу өңірінде көркем әдебиет және өнер саласы бойынша жарық көрген кітаптардың 300 данасын Ұлттық кітапхана қорына сыйға тартты.
Алматы қаласына кітап керуенімен бірге талдықорғандық ақын-жазушылардың, өнер адамдарының бір шоғыры жол шеккен болатын. Өз кезегінде оларды алматылық қаламдастары қарсы алып, басқосу барысында білім негізі – кітапты жарыққа шығарумен қатар оны оқырман арасында кеңінен насихаттау, қаламгерлерді ынталандыру мәселелері әңгіме арқауына айналды. Жиналғандар алдында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін мен Халықаралық Түрксой Жазушылар одағының төрағасы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әли Ысқабай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет саласының ардагері Елеусіз Жанпейісұлы, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан, ақын Нүсіпбай Әбдірахым сөз алып, жиналған оқырманға, жалпы көпшілікке ізгі тілектерін арнады. Сөз орайы келгенде ақын Қуат Қайранбаев жерлестерімен жолығысу қуанышына орайластырып «Талдықорғанды аңсау» деген өлеңін оқып берді.
Кітап мерекесінде жетісулық жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақыт Мерекенованың «Алтын бесік», көрнекті сазгер Әли Алпысбайдың «Сағым», ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Жангелді Немеребайдың «Арман аялдамасы» кітаптарының тұсауы кесілді.
Қаншама жақсы істердің ұйтқысына айналып жүрген Жетісу облыстық кітапханасымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жүргендіктерін атап өткен ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық одақтың төрайымы Бақытжамал Оспанова өздерінің айырбас-резервтік қорынан 2000 дана кітапты Жетісу облысы кітапханаларына сыйға тартты. Қомақты сыйлықты облыстық кітапхана директоры Самал Шаяхметова қабылдап алды.
Әсерлі басқосуда Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев пен белгілі дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Нұржан Жанпейісов және Д. Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармониясының «Күреңбел» триосының әншілері әннен шашу шашты.
Нүсіп Додабайұлы
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі