«Жас қанаттар» іріктелді

Уақыты: 20.02.2024
Оқылды: 427
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорғандағы Оқушылар сарайында республикалық «ЖАС ҚАНАТ – 2024» балалар шығармашылығы байқауының облыстық іріктеу кезеңі өтті. 

Байқауға қатысушылар жас ерекшелігіне сай балалар арасында 3 номинация, яғни эстрадалық ән, сурет салу, мобилография бойынша іріктелді. Ережеге сәйкес эстрадалық ән мен сурет салу аталымына қатысқан үміткерлердің  жас ерекшелігі 8-13 жас, ал мобилография номинациясында 8-18 жас аралығында болды. Сонымен қатар, 16-30 жас арасында әншілер де бақ сынасты. 

Аталмыш байқаудың эстрадалық ән бағыты бойынша Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармониясының әншілері Бақытгүл Әбенова, Асхат Мадиев және Бауыржан Кенжебеков, ал сурет салу номинациясында облыстық көркемөнер галереясының директоры Қайрат Қаблисанов, Оқушылар сарайының өнер сабағының мұғалімі Тілеш Намазбеков және Талдықорған құрылыс-техникалық колледжінің бейнелеу пәні мұғалімі Айдар Асқаров қазылық етті. Жас мобилограф бөлімі бойынша қазылар алқасында Жетісу облысы Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының мобилографы Азамат Нүсіпов, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының мобилографы Рахат Даулбаев және Жетісу облысының халық шығармашылығы орталығының мобилографы Мәулен Бейсенбай болды.

Конкурстың нәтижесі бойынша республикалық байқауға балалар арасында Інжу Есімжан, Әлихан Өтеген, Әмір Төлеухан, Санжар Омарбай, Аяулым Амангелді жолдама алды. Жас әншілер номинациясы бойынша Ақбота Сабыржанова, Ақниет Сейфуллақызы, Бекжан Қайратұлы, Ерасыл Қабдығали, Гүлнұр Әлімбек ақтық сынға өтті. Бейнелеу өнерінен Диана Нұрмолда, Қарақат Мәлік және Гауһар Ержан іріктеу кезеңінен өтсе, мобилография номинациясынан ақтық кезеңге Кербез Тоқтарбай, Нұрай Бекен, Ақмарал Сейлхан, Ибрагим Дүйсенбай жолдама алды. 

Алда болатын республикалық байқауда жерлестерімізге сәттілік тілей отырып, жеңіспен оралсын дейміз.

Айғаным АЙТМҰХАН
Фото: "Жас қанат"