Тектік сарын

Уақыты: 21.02.2024
Оқылды: 799
Бөлім: РУХАНИЯТ

Туа да туысынан безген адамды көрдіңіз бе? Адам адамнан алшақтау немесе жақынынан жеру үшін өмірлік соққы, яки адам санасы, болмысы, рухы көтере алмайтын бір ауыр факторға кез болуы керек. Ал ат түгіндей қазақтың тегінде жеру не жеріну, солқылтақ мінез, жақынынан сырт беру сезімдері болмауы керек еді. Өйткені қазақ баласының тәні бөлек болғанымен, жанын, рухын байланыстыратын қан деген қасиетті ағыстың арнасы, элементі (хормосомалық, гендік) қасиеттері біртекті емес пе?! Яғни, ұлттық түйсік, ұттық сезім де адамның таным деңгейіне қарай емес, қалыбына, болмысына (натура) негізделуі тиіс.

Әлем әдебиетінің алыбы қатарындағы Джек Лондонның «Тектік сарын» атты повесін оқымаған жан кемде-кем шығар деп ойлаймыз. Әсіресе кітап дүңгіршегіне кезекке тұрып, басылған жинақты сол сәтте сатып алатын кешегі кітапкемірген аға буын аталған шығарманы тілшелеп түгесіп, таушалап тауысқанына сенімдіміз. 40 жасына дейін қырық төрт кітап жазған әйгілі Джек Лондон аталмыш шығармасында қасқыр мен иттің будандасқан тұқымы жайлы сөз етеді. Ит болғанда да төбет текті аналықтың күшігі ғой. Әкесі қасқыр. Осынау тұқым ақырында өмірдің сүрлеуіне ит болып емес, қасықыр болып түседі. «Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды» дегендей, тегіне, қанына жығылады. Біз бұны не үшін айтып отырмыз, әрине қазақтың қалыбы, тегі тұрғысындағы мысалды осы бір шығармамен салыстыруға болатындықтан емексіттік. Өйткені қазақ та қасқыр текті, табиғат сомдаған болмысы бар, қалыбы өзгеше, мінезді ұлт емес пе?!

Қазақтың сол гендік қасиетінде ең алдымен дарқандық, бауырмалдық бар еді. Бүгінде оның көрінісін басқа сипатта байқап жүргеніміз жасырын емес. Ол  – жікшілдік, жершілідік, рушылдық деген індет.

Дәстүрден хабар берер жазбамыздың «Жан арнасы һәм жүрек тәрбиесі» атты циклында біз қазақтың негізгі ұстанымдарын желтдірте баяндап өткенбіз. Сол кезде рух тұрғысында, әсресе жанның он екі арнасы болатынын да айшықтадық, әрине, Совет-Хан Ғаббасовтың пікірін алға тарта отырып. Профессордың: «Жанның он екі мүшесі (оны мен Арна деп атадым) – түйсік, сүю, ұят, мінез, табиғи қабілет, зерде (жады), жігер және ішкі бес сезім. Адамның кереметтігі сол, мәселен маңдайдағы көзден ғана емес, ішік бес сезімнің бірі – жанның көкірек көзінде екені анықталды», – деген пікірі есіңізде болар. Бұл ойды айта келіп ғалым бес сезімсіз туып жатқан балалардың барын да ескерткен еді ғой. Біз де осы орайда түгел сөздің төркінін дәстүрге ойыстырғымыз келеді.

Біріншіден, біз тектік қасиетке мән бермейтін болдық. Екіншіден, жан арнасының көздеріне қолдан бөгесін тұрғыздық. Өтірік пе? Шын болса мына бір мысалға мән беріңізші. Совет-Хан Ғаббасов: «...антрополог ағамыз Оразақ Ысмағұлов қазақ руларының қанын зерттепті. Қазақта қырық үш ру бар екен. Сол әрбір рудың адамынан алынған қанның хромосомалық, гендік құрамында қан бір адамдікіндей болған. Сонда бүкіл әлемнің ғалымдары «бұл мүмкін емес» деп таң қалыпты», – дейді. Және ойын ары қарай сабақтаған ғалым қазіргі таңда руға бөліну белең алғанын, негізінен ру деген қан тазалығын сақтау үшін ғана керек болған шегара текті дүние екенін атайды. Рас қой? Рудың арғы түбінде Алшын, Байсын, Үйсін деген үш тармақ, ол үш жүздің арғы жетінде қазақ деген бір ғана баба тұр.

Екінші бір мысалға жүгінелік. «Ата-бабаларымыз құрсақта жатқан бала тоғыз торқаның ішінде жатыр деген. Бірақ қазір сол балалар ішкі экологиялық апаттарға тап болып отыр, яғни ұрығынан уланып туып жатыр. Ондай баланы тәрбиелеу өте қиын. Бұл – бүкіл адамзатқа ортақ дүние болып отыр. Ал, қазақ халқы осы ана құрсағындағы тәрбие мен тіршілік туралы ғажайып деңгейде танып-білген. Біз өз халқымыздың қадір-қасиетін түсінбей жүрміз», – деп күйінеді С. Ғаббасов.

Шындығында құрсақ тәрбиесінің құнары мен нәрі адамның азамат болып қалыптасуына қаншалықты ықпал ететінін әл-Фараби бабамыздан тартып, қаншама ғұламамыз айтып кетті. Дәстүріміз ұстаным мен салт қана емес, ұлы даңғыл, даналық жол екенін ұғына білсек құрсақ тәрбиесі тектік сарынның ең бастапқы арнасы, қайнар көзі екенін мойындар едік. Ал, бұл жолда атам қазақ не істеген? Бұл тұрғыда да, әрине, жеті атаға дейін қыз алысып қыз беріспеу жоралғысын жатқызуға болады.

«Жеті атаға дейін қыз алыспау – ғылымның ғылымы. Бұл Дарвиннен де, тіпті, Фарабиден де бұрын туған нәрсе. Жеті атаға дейін қыз алыспау деген қазақтан басқа ешбір халықта жоқ. Жер бетінде 2500 халық бар екен. Түрік тілдес туысқан халықпыз деген ұйғыр, өзбек, қырғызда да бұл дәстүр жоқ. Қырғыз ұзаса үш атаға дейін барады», – дейді ғалым. Расында да біздің жан арнамыздың таза болуы, тектік сарынның негізгі өзегі осы бір «ғылымның ғылымында» жатыр.

Алайда, бүгінгі таңда қазақ халқының рухани көші қай тарапқа бұрылып жатқанын көзіміз көріп жүр. Ру-руға бөлініп, әр жүз өзін жеке дара туыс санап жүр. Бұл рухани кемтарлықтан немесе түбін, тарихын білмегендіктен туған дүние. Бір ғана жоғарыда атап өткен Оразақ Ысмағұловтың қазақ қанына жүргізген зерттеуін еске алсақ, қазақытың құрама емес, біртұтас ұлт екенін шүбәсіз мойындар едіңіз. Біз де осы орайда негізгі айтар дүниемізді жұмбақтап, оқырманның өзіне қалдыруды жөн санадық...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: qazaqgeography.kz