СІЗДІ ІЗДЕП ЖҮРМІЗ... (Үзінді)

Уақыты: 24.02.2024
Оқылды: 690
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ойлы көңіл, ояу көкіректі оқырмандарыңызды түгел күрсіндіріп Сіз жербесікке түскелі де, міне, бес жылдың жүзі болыпты, Ораға...

Қарт Алтайдың Қатынқарағайында дүниеге келген қаламгер осыдан бес жыл бұрын сонау қиян шеттегі Үндістанның Делиінің «Тәж-Махал» қонақ үйіндегі оңаша бөлмеде жапа-жалғыз, сапарлас серіктеріне де жалғыз ауыз сөз айтпай (осы жерде Орағаңның өз сөзі еске түседі: «Мен өзімді әмәнда жалғыз сезінетінмін, мен қайда барсам да, қайда жүрсем де біреумен, айталық, маңымда мыжыңдаған адамдар, бірақ тек өзім ғана соқайып жалғыз жүретін секілдімін...»), жым-жырт қалыпта, тыныш, оқшау күйде дүние салды.

Ұлы Абай да қалың ағайынының қақ ортасында ешкімге тіс жарып тіл қатпай, ләм-мим демей, Хақтың бұйрығына тып-тыныш қалыпта бой ұсынып, үнсіз ғана үзіліп жүре берген ғой...

Әуезов те Кремльдің ауруханасында маңғаз қалыпта, мігірсіз, тыныш күйде жан тәсілім етті.

Д. Қонаева та өлер сәтінде тап бір сыралғы кәрі жолдасына еріп жүре бергендей-ақ, ешқандай абыржусыз, әбігерсіз, дәріге де жалынбай, дәрігерге де жалбарынбай, сабырлы қалпында үн-түнсіз үзіліп кете барыпты...

***

«Өлімнің де нарқы болады» (әл-Бұхари). Оралхан Бөкейдің өлімінің нарқы мен парқын, оның Сөзінің бағасы мен бәсін, қасиеті мен қадірін де біз күн өткен сайын айқынырақ сезіне бастағандаймыз. Қаламының қуат-нәрін дүние ақиқатын, өмір шындығын, болмыс шындығын ашу мен іздеуге бағыштаған жазушының жан шырылын, астарлы ойларын, ескертпелерін де есімізге жиі-жиі түсіре бастағандаймыз...

«Ескертпе» дегенімізден шығады, Оралхан Бөкейдің оқырманға ең соңғы ұсынған шығармасы – «Атау-кере» (Қауіпті будан) повесі. «Повесть» деп аталғанымен, шын мәнінде бұл туынды – повесть-ескертпе (повесть-предупреждение).

О. Бөкей бізге, яки тірілерге нені ескертіп еді? Нені қауіп етіп айтып кеткен еді? Енді осыған назар аударалықшы.

...У. Керр дейтін американдық генетик-селекционер бал арасының тұқымын жақсарту ниетімен америкалық ара мен африкалық араны қолдан будандастырып, өзгеше бір түұым өсіріп шығарады. Бұл аралар аса еңбекқор, тынымсыз, әрі балды да көп беретін болып шығады. Бірақ бір жаманы, будан аралар – аса қатыгез. Ұясына жақындағанды жабыла талайды. Және уы да өте зәрлі. Шаққанын сеспей қатырады. Осы мысал-деректі өз пвесіне кіріктірген Оралхан ғажап параллель жасайды. Есіл-дерті – «ақша тапсам, мал тапсам», мұнан басқа мұңы да, сыры да жоқ Ерік деген омарташы жігіт (Еріктің әкесі – қазақ, шешесі – орыс. Билогиялық  тұрғыдан алып қарар болсаңыз, бұл да – «будан») пайдаға шаш-етектен батып қалуды көздеп, балды кқп жинайтын әлгі будан араларды Америкадан Алтайға алдыртады. Ауылдастарының «Жатжұрттық ешқашан жарытқан да, жерсінген де емес, бүгін балын берсе, ертең уын ұсынады» деген ескертуіне де құлақ аспайды. Осы жерде О. Бөкей біз ұдайы «ұмытып» кете беретін факторға, генетикалық факторға, яғни адамның генетикалық сыр-сипатына айрықша түбегейлеп үңіледі. (Кезінде Сталин бізге жан-жануарлардың генетикасын оқытты да, адамның генетикасын оқытуға тыйым салды ғой. Мұнда да сұмдық саяси есеп жатқан-ды!).

Будандасу арқылы өзінің табиғи түйсігінен, табиғи өрісінен ажырап, өзгешелеу, қатігездеу, қатқылдау түрге енген будан аралар секілді Еріктің іс-әрекетінде де ешқандай ұлттық сезінім, ұлттық түсінім, ұлттық исінім жоқ...

Жергілікті араларға қарағанда әрі ірілеу, әрі ширақтау будан аралар сияқты Еріктің де бой-басы бүтін: келісті, көркем. Денсаулығы да темірдей. Бірақ жансаулығы жоқ: ұлттық сипаттан, ұлттық санадан, ұлттық болмыстан жұрдай...

Будан ара секілді Ерік те ешкімді аямайды. Туған үйін де. Туған ауылын да. Туған анасын да.

Оралханның көркемдік тұрғыдан әдіптей отырып көтерген порблемасы бел қайыстырады. Шынында да, ұлтымызды сақтау, ұлттық генефондымызды сақтау, Оралханша айтқанда «гендік шынжыр-тізбегімізді үзіп алмау», ұлтымыздың кендік сабақтастығын (генеттическая преемственность) таза сақтау – ұлттығымыздың кепіле емес пе. Ұлттығымыздың кепілі – тек тілдің тұтастығы, территорияның тұтастығы ғана емес, сонымен бірге геннің де тұтастығы. Генетикалық тұтастық. Демек, аралас некені, «ұлтаралық», «халықаралық», «құрылықаралық», «мұхитаралық», еуро-азиялық» некелерді насихаттаудың, әспенсітудің еш жөні жоқ.

Оралхан Бөкейдің бізге парыз ететіні де, мойнымызға қарыз ететіні де – осы.

Повесть былай аяқталады: Еріктің шешесін будан ара шағып өлтіреді...

Повестің бір тұсында жазушы былай дейді: «Апталық алыс жол, мыңдаған шықырымдық қашықтықты аттап өтіп Алтайға қоныс аударған будан ара, «қауыпті гибрид» бүгінді қаулап өсіп келеді...».

Ал енді бұл – жазушының қаупі. Уайымы. Ескертпесі.

Әмірхан МЕҢДЕКЕ.
«Жалғыздық сені қайтейін...» кітабынан
Фото: instagram.com