«Тоғыс» туралы аз-кем түсінік

Уақыты: 13.03.2024
Оқылды: 1130
Бөлім: РУХАНИЯТ

Рамазан айына тұспа-тұс келген осынау жазбамыздың басында Құран аятынан келтірілген мысалмен ой сабақтағымыз келеді. Қасиетті кәлламда: «Мен сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдім» деген аят бар. Адам атадан тарайтын сан ұрпақты неге ұлт пен ұлысқа бөлген? Өйткені жаратушының күллі құдіретінің сыры мен ғылымын бір ғана ұлт арқалап жүруі мүмкін емес еді. Ал кемеңгер қазақтың танымына қарасаң осы ойдың анық әрі айқын екенін іштей қуаттай түсесің.

Біздің қазақ халқының кемеңгерлігін дәстүрінен алып,  танымынан таратуға болады. Бір ғана бөлек туып, бірге батқан үш жұлдыздың сыры, Құс жолы, кебісе, тоғыс секілді жұлдыздар мен аспан сырын, жыл санау мен күнтізбелік, мүшел есебін тарқатсақ «пай-пайламасқа» шара қала ма?

Хош, қазақтың қара өлеңінде өзіндік биік сайлаған Қасымхан Бегіман ағамыздың терсіңді еңбегімен томдыққа айналған еңбекті парақтап-тарақтап отырып осы тоғыс тұрғысындағы тәп-тәуір толғамға жолықтық. Бүгінгі таңда қазақтың ұмыт бола бастаған осынау ұғымын оқырман санасына қайталай салуды мұрат тұтқандықтан біз де «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» 4 томдығындағы сұхбаттың төңірегінде ой қорытып, өзіміз білетін дүниені де желдірте баяндап өтпекпіз.

Қазақтың танымында қазалып, бабалардың кемеңгерлігімен күнтізбелік есеп ретінде сақталған тоғыс ай есебі – шындығында күллі әлем жұртының жауһары деп қарауға тұрарлық қағида. Бұл жөнінде Шәкәрім қажы Құдайбердіұлынан Әлкей Марғұланға дейінгі көптеген қадам тартқаны анық. Заманында қазақ жұлдызшылары айдың тууын, оның аспан әлеміндегі орнын үнемі бақылап, айдың тоғысуы туралы жүйені қалыптастырған. Ай жылдың әр мезгілі һәм әр күнінде үркермен қиылысып, жанасып өтетіні анық, осы шақты қазақ «тоғысу» деп атаған. Есепшілердің болжауынша, үркер ерекше орында орналасқан әрі оның жерге «кіруімен» қырық күндік шілде басталып, қайта көтерілуімен шілде аяқталып отырған. Енді бұны айқын да анық баяндау үшін жоғарыда атап өткен, кітапта бедерленген Қазақстанның Құрметті журналисі Сәрсенбек Бекмұратұлының сұхбатына ден қоялық.

«...Айдың үркерді басып өтуі – тоғыс деп аталады. Дәл тоғыс кезінде үркер айдың арғы жағында тасада қалады да, адамдарға көрінбейді. Ай жылжып өткен соң тоғыс аяқталып, үркер көрінеді. Ай толған кезде ауа райы бұзылып, өзгеріс болады. Тоғыс үш күнге созылады. Алғашқы күні боғаяды, келесі күні ауыл үй қонады, үшінші күні өтіп шығады. Бір тоғыстан екінші тоғысқа дейінгі мерзімді тоғыс айы деп атайды. Үркер күн мен айдың орбитасына жақын, сондықтан оған қарап жыл мезгілін, айдың қай тоғыс екенін анықтап отырған», – дейді С.Бекмұратұлы.

Этнографияға ертеден ден қойған белгілі журналистің айтып отырғаны ақиқат дүние. Қазақ танымында үркерге қарап қыс пен жаздың басын анықтап, «Үркер жаңырақтан көрінсе, үш ай тоқсан қысың бар, ел жатқанша үркер жамбасқа келсе, жаз шықпағанда несі бар» деп отыратынын үлкендердің дуалы аузынан естіп өскенбіз. Негізінен алғанда үркер күзгі іңірде күншығыстан, қыс басындағы іңірде төбеден, көктемнің басында күн батыстан көрінсе, жазғы түнге көрінбейді. Бұл тұрғыда кейіпкеріміз: «Жаз басында үркер аспан сферасының екінші жартысында көкжиектен төмиен кетеді де, жер шарының солтүстік жартысындағы елдерге қырық күн көрінбейді. Қазақ мұны үркер қырық күн жерде жатады деп атайды. Сол қырық күнде екі рет тоғысуы тиіс, бірақ біз көре алмаймыз, тек он бір тоғысты ғана көреміз», – дейді.

Осы жердегі «тек он бір тоғысты ғана көреміз» деген сөзден тоғыс қаншаға бөлінеді, қалай есептеледі деген заңды сұрақ туындайтыны да рас. Жауабын С. Бекмұратұлының өзіне қалдырайық. «Тоғыс айының ұзақтығын ғылымда 27 күн, 7 сағат, 43 минут деп есептейді. Мұны жуық шашамен 28 күнмен есептейміз. Бір жылда 13 тоғыс айы бар немесе бір жылда ай мен үркер 13 мәрте тоғысады», – дейді. Дәл осы тұста аталған 13 тоғысты 28 күнмен көбейтсек тұп-тура 364 күн шығады. Бұл қарапайым мизамшуақ санаудан 1-2 күн кем деген сөз. Бұл күндер жыл аяғындағы тоғыстан тыс қалып отырады. Осы жерден аталған 13 тоғысты ай бойынша ретімен атауды жөн деп санамадық. Алайда, жыл санау, мүшел қайыру, аспан әлемінің сырын бағып, мезгіл мен табиғатты болжай білген дана халқымыздың пайымынан, танымынан таспаланып қалған жұлдыздар сырын баяндаудың өзі үлкен дүние. Дегенмен, Темірқазық шоқ жұлдызы, Жеті қарақшы, Шідер немесе Таразы (Орион) шоқжұлдызы, Сүбіле, Шолпан, Кіші шолпан жұлдызы (Меркурий) сындыларға түсінік бермей, тоғыс толғамына түрткі болған «Үркер» жылдыз шоғыры туралы анықтама бере кеткеніміз абзал болар.

Негізінен былай қарағанда Үркерді білмейтін қазақ жоқтың қасы. Алайда құндылық ауысқан жаһандану заманында жас ұрпақ аспан әлемін болжап, жұлдыздарды түгелдей тани қояды дегенге өз басым сене бермеймін. Ал, ендеше, үркер торпақ жұлдызы құрамындағы жыпырлақ, бір-біріне жақын орналасқан ерекше жұлдыз шоғыры екенін айта кеткен жөн. Әсіресе, қысты күні түнге қарай тас төбеде көзге шағылысып жалт-жұлт етіп тұрады. Адамдардың көпшілігі Үркердің 6 жұлдызын, көзіқарақтылары 7-8 жұлдызын көре алады. Ал негізінен  телескоппен қарағанда Үркердің алқабынан 180-200 жұлдыз көруге болады екен. Бұл тұрғыда жұлдыз әлемінен танымы мол қазақтар: «Б.з.д 4-3 мың жылдары көктемгі күн мен түннің теңелуі нүктесі жуық түрде Үркер жұлдызы шоғырына сәйкес келеді. Қазіргі уақытта көктемгі күн мен түн теңелу нүктесі прецессия құбылыс салдарынан Торпақ шоқ жұлдызынан Тоқты, одан соң Балықтар шоқ жұлдызынына ауысып кеткенмен, ерте замандарда халқымыз тоғыс есебі деп аталатын күнтізбе жүйесін осы Үркер мен айдың әрбір 27-28 күнде бір рет «тоғысуына» негіздеп жасаған», – дейді. Бұл ретте де тоғыс ай есебі туралы толық мәлімет алам деушілер, жұлдыз сырына қанығам  дегендерге қазақтың этнографиялық, астрономиялық бағытта жазылған құнды кітаптарына жүгінуге негіз барын айта кеткен жөн. Десе де осынау дүниенің өзінен-ақ қазақтың кемеңгер, дәстүрінің телегей екенін аңдауға болатындай көрінеді де тұрады...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: vk.com