«ЖЕТІ ДӘМ» ШЕБЕРЛІК СЫНЫБЫ ӨТТІ

Уақыты: 16.03.2024
Оқылды: 1531
Бөлім: РУХАНИЯТ

Наурызнама тұжырымдамасы бойынша көрісу күнінің аясында «Жеті дәм» атты шеберлік-сыныбы өтті. Рухани шара мақсаты – жастардың ұлттық мерекемізге деген құрметін ояту, наурыз көжені дайындау әдісін үйрету, осы күнді асыға күтетін сезім қалыптастыру.

«Jetisu jastary» КММ орталығының ұйымдастыруымен өрнек тапқан рухани шарада Ардагерлер кеңесінің мүшесі Гүлсағила Асаубаева қазақы дастарқанның қасиетін дәріптеп, наурызда дайындалатын ұлттық тағам түрлерін әзірлеудің қыр-сырына қанықтырды.    

Жеті түрлі дәм қосылатын ұлттық тағамның әр қоспасының пайдасы жайлы Гүлсағила әже оқушыларға тереңінен түсіндірді.  Ал шараға қатысушы қыздар бірігіп, дәмі тіл үйіретін сүрленген ет пен жеті түрлі дәм қосып көжені өз қолдарымен әзірледі. Шын ықылас-ниетпен жасалған тағамнан дәм тата отырып, Гүлсағила әже балаларға көрісу мерекесінің мән-мағынасын айтып, мазмұнымен таныстырып өтті. Сондай-ақ, отырыс барысында оқушылар ән шырқап, тарихи әңгімелерді ортаға салды. 

Ұйымдастырушылар аталмыш шеберлік-сынып енді жыл сайын болатынын жоспарлауда. Олар осы мақсатқа жету жолында дастарқанға тек қазақ тағамдары қойылып, бұл күннің ерекше есте қалуына түрткі болсақ дейді.

Айғаным АЙТМҰХАН
Суретті түсірген Руслан Қадыров