Жырға айналған "Жетісу"

Уақыты: 17.06.2018
Оқылды: 1557
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тегеурінді тепкіге төзіммен қараған қайсар елдің тірсегін ғасыр қақпаны қапқанды да, ар үшін арпалыстырған аязды ақпанды да, ашаршылық пен небір нәубетті, қанды қасап қырғынды да көріп, ұлы жеңістері мен жетістіктерді шежіре етіп қаттап, айрықша бедерлеп келе жатқан абыз басылым – «Жетісу» газетінің 100 жылдық мерейтойына орай «Ғасыр-ғұмыр» атты республикалық жыр мүшәйрасы өткен еді. Жырымен жай тастағандай күркірей толғайтын адуынды ақындар арындап, жас таланттар бой көрсеткен жыр аламанында Абыз басылымның беделі, ел алдындағы абыройы мен асқақ тұғыры, дара даңғылы, қайраткер-қаламгерлердің еткен еңбегі, төккен тері өлең өрнегіне айналды. Ақынның айтөбелі керме қиған сол аламанда І, ІІ және ІІІ орынға ие болған ақындардың туындыларын назарларыңызға ұсынып отырмыз. «Ғасыр-ғұмыр» мүшәйрасының бас бәйгесін еншілеген ақынның жырын «Жетісу» газетінің мерейтойына орай арнайы шығарылатын мерекелік нөмірде жұрт назарына ұсынбақпыз. ​

Бірінші орын

Мен де сенің бір ұлың

Алдымда газет жатыр жүз жастағы,
Осында – Жетісудың гүл бақтары.
Осында – бүгінгінің нұрлы аспаны,
Осында – кешегінің жұмбақтары.
«Жетісу» деген аты қандай ғажап,
Сияқты сиқырлы әннің ырғақ, мәні!

Бұл газет жаратылған арлы мұңнан,
Зар шеккен замананың тарлығынан.
Шыңғырған, шыңдалған да, шыныққан да,
Сұрынан саясаттың сан құбылған.
Халықтың қасіретін, қасиетін,
Табады іздегендер мәңгі бұдан.

Көрсем деп көп кедейдің азат таңын,
Ол тартты төңкерістің азаптарын.
Ол көрді от пен оқтың арасында,
Төгілген теңіздей боп қазақ қанын.
Ол көрді Алаш Орда ерлерін де,
Ол сезді қас пейілдің тұзақтарын.

Жаңа леп – жарық көріп, туғаны да,
Баспасөз, хабаршы боп тұрғаны да.
«Жетісу ісші халық мұқбірі» боп,
Таралды тұңғыш рет бар маңына.
Ұйғыр мен татар, өзбек, дүнгендер де,
«Мұқбірді» оқып, тоқып, тыңдады да.

Содан соң «Көмек» болды жұртын үндеп,
«Ұшқын» боп жігер берді ұлтына көп.
«Бұқара», «Кедей еркі», «Тілші» болып,
Сөйлейді сырлас, мұңдас, сынша да боп.
«Сталин жолы» болып ұрандады,
Боздаулы ел болашаққа ұмтылар деп.
Кенеттен «сталиншіл» заң өзгеріп,
Көрінді «Коммунизм таңы» болып.
Осыдан он жылдан соң «Жетісу» боп,
Шаттанды шалқар елі көңілденіп.
Жетісу жері түгел дүр сілкінді,
Ашылған ақиқаттың көзін көріп!..

Тарихты тік көтеріп бір ғасырлық,
Дәл бүгін дәуірлеп тұр, шыңға шығып.
Айналып Жетісудың жер көлемін,
Қанатын қағар ақ құс нұрға асығып.
Түбінде жүрегінің мызғымай тұр –
Сейфуллин, Бәрібаев, Жансүгіров!

«Жетісу» жел өтінде не көрмеген,
Еріні қанша кеуіп, кезермеген.
Аштық пен қуғын-сүргін, соғыс, сойқан,
Зардабын шеге тұрып, кемелденген.
Батыр ұл, ақын ұлдың бесігі бұл –
Даңқы да дараланар сол ерлермен!

Түлетіп текті ұл менен дана қызды,
Жаңғыртып, жарқыратты санамызды.
Жын – боран Желтоқсанның ызғарында,
Өртеніп, өр кеудесі алағызды.
Сол шақта ерлік етіп, қуғын көрген –
Кім білмес Мамадияр ағамызды?!

Қарсы алып «Жетісудың» таңын елі,
Ісінің баса берер бәрі ілгері.
Толғанда елу жасқа, үлкен орден –
«Еңбек Қызыл Туын» да тағып еді.
Бұл бүгін бақытты елдің бағбанындай,
Көзінен күннің нұры төгіледі.

Бата алып Ұлы Отаннан, киелі елден,
Жүлдесін «Алтын жұлдыз» иеленген.
Сыйлығын Елбасының алғанында –
Даңқы да дараланып іріленген.
Жеміс пен жеңіс деген осы емес пе?
Әз тұтсын «Жетісуды» біле білген!

Жаршысы ол – ел мен жердің қызығының,
Дәм, түсі ол – жеті өзеннің тұнығының.
Жыршысы ол – Алатаудың, Іленің де,
Сыншысы ол – тұлпар шығар құлынының!..
Жас кезден жырын емген, нұрын емген,
Мен дағы «Жетісудың» бір ұлымын!

Әбубәкір ҚАЙРАН
Алматы қаласы

Екінші орын​
 
ҒАСЫР – ҒҰМЫР​

олғандай тірі десем,  ірі десем,
Ғасырдан аумай жеткен ғұмыры есен.
«ЖЕТІСУ» – жел қанатты жез маралым,
Осы елдің тілі де сен, үні де сен.

Тұнғандай сөзінде нұр, жырында сыр,
«ЖЕТІСУ» бұрын да асыл, бүгін де, асыл.
Өтінде өкпек желдің өр сөйлеген
Бетінде ғасыр – ғұмыр, ғұмыр – ғасыр.

Құс болсаң нұр саулайды қанатыңнан,
Содан да бізге сенің дара тұлғаң.
«ЖЕТІСУ» жеті өзенге желкен керіп,
Алаштың арманынан жаратылған.

Сөзінің тасқа түскен бәрі нұрдай,
Шынардың шыңға біткен тамырындай.
Құлагер Ілиястың дүбіріндей,
Молықбай қобызының сарынындай!

Тағдырдан біздің халық сый күткелі,
Бетінде ой біткеннің жүйріктері.
Өлмейтін Қабан жырау өрнектері,
Сүйінбай өлеңінің сүйріктері.

Лебіз жоқ жылы тиер жанға мұндай,
«ЖЕТІСУ»  күнді құшып, таң жамылғай!
Райымбек бабамның батасындай,
Мақатаев жырының маржанындай.

Бұл да бір тоты деңіз, оты да егіз,
Өрнегін өбектеуді өтінеміз.
Ғасырдың ғаламдағы ғажабындай,
«ЖЕТІСУ» – жеті күнгі жеті лебіз.

Айырылмай арман қыздан, сырлас ұлдан,
Бетіңде бедерлі ой бар, күнде ашылған.
АБЫЗ боп алдымызға даңғыл жайып,
Сен асып бара жатсың бір ғасырдан!

Мақпал МЫСА
Қапшағай қаласы

ҚАРА ШАҢЫРАҚ

Қара шаңырақ қазақта киелі ұғым,
Киесіне ұлтымыз ие бүгін.
Төсінен өрген текті тарпаңым деп,
Ұлы Дала әр кезде сүйеді ұлын.

Ұлың Алаш, керегең ағаш болған,
Болмысыңнан тексіздік алас қонған.
Арман, үміт бойыңа тең жарасып,
Қасиетіңді сақтауға қарасты Аллам!

Қара шаңырақ мәңгілік алып дастан,
Ұлы ұғымды маңдайға анық басқан.
Жетісу – рухани шаңырағым,
Қазақтың рухымен қалыптасқан.

Жетісу жанымдағы жұмақ гүлім,
Жүректе мөлдірейді бұлақ бүгін.
Сендегі Асан Қайғы арманы да,
Осы күнде қазаққа лұғатты ұғым.

Ақиқат – ғасырларға жалғасқаның,
Мінезін мойындатып марқасқаның.
Жетісу жүрегіне жыр боп тұнып,
Бұл күнде жарқылдайды алдаспан үн.

Алдаспан үн ақиқат шырағы еді,
Алаштың ардақ тұтар тұмары еді.
Ахметтің арманы саған аян,
Мағжанның мұңды жыры жұмақ еді.

Тыңдаған текті сөзді ғасыр ұйып,
Арда Алаштың нақақ көз жасын иіп.
Қазақы басылымның шаңырағы,
Әлі күнге келеді бәсі биік.

Байсалды батагөйі ғасырымның,
Алшысынан түскені асығыңның.
Алаштың арда арманын ту ғып ұстап,
Болмысы бөлек болған басылым бұл.

Ноқтаға сыймай кеткен тарпаң басы,
Ерлердің елдік сөзі – нар таңбасы.
Сәдуәқас Оспанов шежіресі,
Исмаиыл Тайыровтың қолтаңбасы.

Қызыл қоғам кешегі кеңге кеткен,
Дүбірлі дүниені дөңгелеткен.
Сонда да Алаш рухын қастер тұтып,
Сенде текті талай ер еңбек еткен.

Шежіресі рухани қара шаңырақтың,
Жебе сөз боп ғасырлап жалын аттың.
Алаштың айбыны мен арда есімін,
Сенің бар тарихыңнан танымақпын. 

Хамит ЕСАМАН
Жамбыл облысы,
Тараз қаласы

Үшінші орын​

Мұқалмас жүзің құрыштай!

Кеңестік жүйе кезінде,
Сұрапыл сынның тезінде,
Мықтылар түсіп қақпанға 
Дүрлігіп халық жатқанда,
Тағдырдың көріп тәлкегін,
Ұмтылған шақта ақ таңға, 
«Жетісу», сенсің ақылмен,
Сабырға елді шақырған. 

Алғашқы қиын шақтарда,
Өмірге қанат қаққанда – 
Тарихтың сырын қырлаған, 
Замана зарын тыңдаған,
Мүддесін халық қорғаған,
Азамат арын шыңдаған,
«Жетісу», сенсің  батырдай, 
Қиыннан ешбір қыңбаған.

Замана жүгін көтеріп,
 Бостандық елге әперіп,
Жүйрік ой, маржан сөзіңмен
Найзағай-намыс от өріп, 
Беделің биік ірі іспен,
Бірлесіп сансыз ұлыспен
Бұғауын кескен азаптың,
Газеті сенсің қазақтың!

Рухын елдің көтерген
Кідірмей асып неше өрден,
Күресіп батыл мешелмен,
Алыса жүріп есермен,
Дұшпанға сесті көрсетіп,
Құтқарған елді кеселден,
«Жетісу», сенсің  қылыштай,
Мұқалмас жүзің құрыштай!
Жаңғыртып тарих күндерін,
Халықтың тыңдап үндерін,
Табысын селдей тасытқан
Дүбірлі еңбек дүрмегін
Жаңалық хабар біткенді
Жеткізер елге күнбе-күн.
Сүйсініп халық оқиды, 
«Жетісу» – халық мінберін.

Замана дәуір ағымға,
Үн қосып ұлы сарынға,
Данасын ерек қастерлеп,
Бас иіп дара дарынға,
Сақталған халық жадында,
Ғасырдан өткен сыр шертіп,
«Жетісу» жүрер ту ұстап,
Керуен көштің алдында.

«Нұрлы жол» алға бастаған,
Ұлыстың бәрі қоштаған,
Жолдаудың алып жобасын,
Биікті ешкім баспаған,
Жаңаны тауып ашпаған,
Мәңгілік елдің мәнді ісін,
Дәріптеп жатыр «Жетісу»,
Кеудесін кернеп асқақ ән.

Шындықты зерлеп айдан ақ,
Нұрымен жүрек аймалап,
Жеткізіп сөзбен жаймалап,
Табаны жалтыр тайғанақ,
Сыбайлас жемқор кезіксе,
Аямай соғар жай қадап,
Ақыл да айтар «Жетісу».
Ақсақал сынды айқабақ.

Қоғамның нақты шын сырын,
Табиғат ана тылсымын,
Мәңгілік ел деп соғатын,
Ұлыстың жүрек дүрсілін,
Гүл жарған үміт бүршігін,
Ғаламның жаңа дерегін
«Жетісу» жазып кіл шынын,
Баяндап берер тіл шырын.

Салтанат шеру құратын,
Жақсылық жайдың мұратын,
Дөп басып халық көкейін,
Қауымға көңіл бұратын,
Ғасырдың мініп құр атын,
Танытқан елге шын атын
Жүйелеп жазып келеді
«Жетісу» халық мұратын.

Рухани азық бұлақты
Сөзі бар зерлі қуатты,
Санаға жағар шырақты,
Алтыннан қымбат маңызы,
Ғажайып тарих аңызы, 
Ғасырлық дәуір үні бар,
Басылған тасқа нақ ісі,
«Жетісу» заман абызы.

Қауымға қалың тіл қатып,
Өткізер сөзін тыңдатып,
Өмірді жарқын нұр-жақұт,
Сөзмен шымыр шын алмас,
Үнімен асқақ бар уақыт
Жазатын дәйім жырлатып,
«Жетісу» сынды газетті
Оқудың өзі бір бақыт.

Тезінде тарих шыңдалған,
Құрыштай берік сомдалған,
Тілі де зергер ұшталған,
Оқырман терең ұғатын.
Ділі де мықты ұстанған,
Қолға ұстап алға шығатын
Найзағай жасын алауы –
«Жетісу» халық жалауы.

Дарытып бойға ұлылық,
Көңілге құяр жылылық,
Сардарым сенсің  –  «Жетісу»,
Айдарым сенсің  –  «Жетісу»,
Айбарым сенсің –  «Жетісу»,
Қайнарым сенсің  –  «Жетісу»,
Бағдарым сенсің –  «Жетісу»,
Ардағым сенсің –  «Жетісу».

Талғамы биік –  «Жетісу»,
Талғары биік – «Жетісу»,
Шалқары биік – «Жетісу»,
Талдауы биік – «Жетісу»,
Арманы асқақ – «Жетісу»,
Жұртыңды бастап, «Жетісу»,
 Қарыштап алға баса бер,
Ғасырдан ғасыр аса бер!

Әли ЫСҚАБАЙ
Талдықорған қаласы

ШАБЫТТЫҢ ЖАНАРТАУЫ​

І
 «Жетісу» – талбесігі таланттардың,
Таңданып шежіреңді сан ақтардым.
Газетсің ойы кемел, сөзі көркем,
Сүйініп келбетіңе қарап қалдым.

Уақыттың майданында сыналғансың,
Қазақтың тайы озса да қуанғансың.
Ақиқат алдаспанын шыңдағанда,
Шындықтың қайнарына суарғансың.

«Жетісу» – берекелі шаңырағым,
Санама орнықтырдың ел ұранын.
Әр саның, әр нөмірің маған қымбат,
Көзіме көрінбесең сағынамын.

ІІ
Шабыттың жанартауы сан атылған,
Біз үшін нарқың бөлек, дара тұлғаң.
Тұлпарсың жеті өзеннің суын ішіп,
Алатау шыңдарынан жаратылған.

Балқашты Іле болып аймаладың,
Құйғандай Хантәңірі бойға дарын.
Талғар мен Таутүргеннің бақтарынан,
Естимін бұлбұлыңның сайрағанын.

Паш еттің Алакөлді, Қараталды,
Ақсуды, Қаскелеңді, бар Отанды!
Сен жазған адамдарды халық танып,
Ел-жұрты құрметтеген ер атанды.

Сомдадың қиыстырып сөз өрнегін,
Бәрі де өз беделің, өз еңбегің.
Отырсың абыздарша ойға шомып,
Өткізіп дүниенің кезеңдерін.

Біргесің қарапайым халықпенен,
Келесің қасиетін танып терең.
Мен сенің өрлігіңді, ерлігіңді,
Сарғайған беттеріңнен анық көрем.

Қазақы мұратыңнан айнымадың,
Ұрпаққа рух сыйлар ой құрадың.
Ғасырлық мерекеңді асқақтатып,
Шырқайды Талдықорған тойдың әнін.

ІІІ
Сырласқан қандай жақсы өзіңменен,
Ширығып талай түнде көз ілмегем.
Мына бір нөміріңді қолыма алсам,
Жамбылдың, Жандосовтың сөзін көрем.

Бәйтерек секілдісің өркендеген,
Тарихың өзектескен өлкеңменен.
«Жетісу суреттері» көнермейді,
Қаламы Ілиястың көркемдеген.
Бабалар ұлағатын меңгергенсің,
Авторды алаламай тең көргенсің.
Мұқағали жолдаған балаң жырға,
Алғашқы ақ батаны сен бергенсің.

Қараушы ем шарықтаса тауда қыран,
Тараушы ең шартарапқа Алматыдан.
Сондағы Шамалғанның бозбаласы,
Нұрсұлтан Назарбаев ол да оқыған.

Әділет іздегенге арна ашқансың,
Жасампаз күрестерге жалғасқансың.
Суретін желтоқсаншы Батырлардың,
Қорықпай бірінші боп сен басқансың.

ІV
Көнекөз қариядайсың көпті көрген,
Үйрендің тереңдікті тектілерден.
Сүрінбей бір дәуірден бір дәуірге,
Айшықты із қалдырып, өттің өрмен.

Жүректі қыздарың мен жігіттерің,
Ақтады көпшіліктің үміттерін.
Аймақтың өзін ғана айтып қоймай,
Алашты сүйе біл деп үгіттедің.

Газетсің бар саладан сыр ұқтырған,
Кездесем кенішіңе тұнып тұрған.
Ұстазсың оқырманды тәрбиелеп,
Қоғамның талқысында шынықтырған.

Жаныңа жақсылардан нұр сіңеді,
Осындай қырларын да білсін елі.
Шаруалар, мұғалімдер, қайраткерлер –
Барлығы «Жетісудың» тілшілері.

Ақылшым, әріптесім, жанашырым,
Жарқырат ашылмаған дала сырын.
Жыр жазбай тұра алмаймын тойыңа арнап,
Мен де осы Жетісудың баласымын.

Күтеді күншуақты болашағың,
Жаға бер туған жердің әр ошағын.
...Пошташы газет-журнал әкелгенде,
Қуанып алдыменен сені ашамын!

Батық МӘЖИТҰЛЫ
Алматы қаласы

АЛАШТЫҢ РУХЫ

 «Жетісу»!
Абыз, ата басылым.
Келді сенің ғасырың.
Алшысынан түсіп әркез асығың,
Алты Алашқа жетті үнің, тасырың.

Шыныменен сендік тұғыр зор қандай,
Оқырманың ормандай.
Жүзге толған ұлы тойың болғанда,
Тұра алмадым шабыттанбай, толғанбай.

Бала күннен әр саныңды тосқанмын,
Жанымдағы достарым –
Ойын ойнап жүрген кезде көшеде,
Мен жәшігін күзетуші ем поштаның.

Шуақ төгіп, қуат беріп кіл нәрің,
Білімімді шыңдадың.
Өзімменен әкем бірге қуанды,
Жарқ еткенде сенде алғаш жырларым.

Бастауыңнан жас дарындар нәр алып,
Еткен елге ағалық.
Бабалардың жеткен сөзі – даналық,
Жинақтаулы төрімде тұр қаланып.

Жұртпен бірге мұңаятын, күлетін,
Сөзге құлақ түретін.
Өскен елге қосып жүрген үлесін,
Атың сенің – жаннат мекен, ұлы есім.

Жүректердің ашатұғын құлпын әр,
Сенде ойдың кілті бар.
О, «Жетісу»! 
Сенде қазақ жұрты бар,
О, «Жетісу»! 
Сенде Алаштың рухы бар!

Жангелді НЕМЕРЕБАЙ
Талдықорған қалас