Бердіқожа қажы

Уақыты: 17.06.2018
Оқылды: 1728
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бердіқожа қажы – Басши өңірінде XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүріп, есімі ел есінде сақталған тұлғалардың бірі. Аймақ тұрғындары мен өз туыстарының айтуы бойынша, бұл әулеттің түп-тұқияны Орта Азия мен Қазақстанға мұсылман дінін насихаттап, тарату үшін келген арабтар (қожалар) әулетінен екен. Бірақ басшиліктер оларды «сарт төлеңгіт» атап кеткен. Ол былай болыпты.

Бірде Алтынемел, Басши өңірін мекендеп отыратын Тезек төре ауылына Андижан мен Семейдің арасында керуен тартып сауда жасайтын сарт саудагерлеріне ілесіп Садық деген бойдақ жігіт келеді. Қасында екі-үш жас кіші інісі болыпты. Албан-суанның аға сұлтаны Тезек төренің бір қызы аурушаң екен. Төре: «Қырықтың бірі қызыр деген сөз бар ғой. Мына керуеншілердің арасында молда, не емші бар ма екен?», – деп сұрастырады. Сонда әлгі Садық келіп төреге өзінің қожалар әулетінен әрі емшілігі де бар екенін айтады. Оған қоса қызды емдеп жазыпты. Разы болған аға сұлтан жігітке інісімен бірге өз ауылында біржолата қалуды ұсынады. Ағайынды екеуі сұлтанның ұсынысын қабылдап, оның төлеңгіттері қатарына қосылады.
Садықтың көңілі өзі емдеп жазған қызда екен. Қыз да оны ұнататын көрінеді. Екеуі жасырын кездесіп жүреді. Бұл Тезек төренің құлағына жетеді. Төре ашуланып түн ішінде жігітті қызының босағасында күтіп отырады. Ел ұйықтады-ау деген Садық табалдырықтан аттай бергенде, Тезек қолындағы кездікпен маңдайын тіліп жіберіпті. Сонда жігіт аққан қанына екі қолын тосып, уысындағы қанды ішіп жіберіп, қаша жөнеледі.
Төре оның өз қанын өзі ішіп алғанына таңданып: «Мынаның қырсығы кесілді, енді бұған бақ қонады», – деген оймен қызын беріп, жағдайын жасап, күйеубала етеді. Шынында да ол Садық молда атанып, тез байып, Басши өңіріне біржола қоныстанып, беделді адамдардың біріне айналған-ды.
Осы аңызда бір жаңылыстық бар сияқты. Садық Тезек төреге емес оның әкесіне келген болар. Өйткені оның немересі Бердіқожаның XIX ғасырдың ортасында өмірге келгенін орыс құжаттары дәлелдейді. 1849 жылы аға сұлтан болып тағайындалған Тезектің қызына сол жылдары немерелі болған Садықтың үйленуі мүмкін бе? Немесе аға сұлтанның ауылына келіп, қол астына кірген Садықтың екі ұлы Мәмбет пен Мәді болуы мүмкін. Ол екеуінен бір қауым ұрпақ өсіп-өнген. Өздері шындығында қожалар тұқымынан бола тұра, сарт атануы, әрине, қызық. Бәріне сол қазекеңнің, кейде белінен басып, андижандық сарт саудагерлеріне ілесіп бірге келгендіктен оларды сарт атап кеткендігінен болуы айқын.
Жалпы қазақта ноғайлар мен татарларды шатастыратыны сияқты сарттар мен өзбектерді шатастыратын әдет бар. Олардың айырмашылығын Кеңес өкіметі орнаған соң қазақ тарихын жазуды алғаш қолға алған Мұхаметжан Тынышпаев «Ташкент уезінің тұрғылықты халқының тайпалық құрамы туралы тарихи анықтама» деген еңбегінде дәлелді көрсетіп берген.
Б.3. мыңыншы жылына дейін түріктер мен парсы (Иран) елінің шекарасы Сырдария өзені болған. Аталған кезден бастап түрік тайпалары күшейіп, Сырдариядан өтіп, Әмудариямен аралықтағы парсылар мекендейтін аумақтарды басып ала бастаған. Сөйтіп Мауренахр (екі өзеннің аралығы) Түркістан аталатын болған. Содан ұзақ жылдар бойы түркілер мен ирандықтар бір-біріне үйленіп, араласуынан тілі түріктік, түрі мен тұрмыс-салты парсыларға жақындау халық – сарттар пайда болған. Олар жер өңдеп, саудамен айналысып, отырықшылық ғұрпын ұстанған. Шыңғысхан, Ақсақ Темір заманында олардың әскерлерінің басым бөлігін құраған Жалайыр, Қоңырат, Найман, Керей, Қыпшақ, Үйсін, тағы басқа түркі руларының өкілдері келіп қосылып, олар көбейе түскен.
Кейінірек Батый ханның ұлы Тоқанның ұрпағы Өзбек хан  Алтын Орданы отыз жыл бойы басқарғанда (1312–1342 ж.ж.) бұрынғы Дешті Қыпшақ елінің рулары түгелдей дерлік билеушісінің есімімен «көшпелі өзбектер» атанғаны белгілі. Сол көшпелі өзбектерге 1428-1468 жылдар арасында Батыйдың інісі Шибан ханның ұрпағы Әбілқайыр билік жүргізді. Оған өкпелеп, қарамағындағы руларды (арғын, керейлер) бөліп әкеткен Керей мен Жәнібек сұлтандар Шу бойына, Моңғолстанға (Шағатай ұрпақтарының ұлысы) келіп қоныстанған. Оларды жергілікті рулар қолдап, қосылып, 1456 жылы жеке Қазақ хандығын құрғаны тарихтан белгілі.
Содан XVI ғасырдың басында Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани хан (1451–1510 ж.ж.) көшпелі өзбектердің тағы бір легін бастап келіп, Темір ұрпағынан бүкіл Мауренахр аймағын, ондағы көне қалалар Бұхара, Самарқанд, тағы басқаларын жаулап алды. Жаңадан қоныстанған көшпелі өзбектер де, бұрынғы түркі рулары сияқты бірте-бірте отырықшылық тұрмысқа ауысып, қышылақтар (ауылдар) салып орнығып, егіншілікке саудаға бейімделген. Ал сарттар негізінен қала тұрғындары болып қалған.
Кеңес өкіметі орнап, орта Азия халықтары жеке мемлекеттерін құрғанда бұл елде өз республикасын қалай атау мәселесінде біршама талас та туған екен. Оны «Сартстан» деп атауды ұсынғандар да болыпты. Дегенмен, халқының көпшілігін баяғы көшпелі өзбек руларының ұрпақтары құрап отырғандықтан Өзбекстан деп атау ұйғарылған.
1925 жылы жазылған аталған еңбегінде М. Тынышпаев: «Өзбектен сартты ажырату өте оңай; «Сен кімсің?» деген сұраққа өзбек өзінің шыққан руының (кенегес, қатаған, барин, қыпшақ) деп атын айтады, ал сарт өзінің туған қаласының атын айтады. Қалалық сарттарда ру болмайды», – деп жазған. («Таңдамалы шығармалары» 298-б, 2001 ж.).
Өткен ғасырдың бас кезінде солай болса, қазіргі өзбекстандықтар да көбіне ферғаналықпын, самарқандықпын, жизақтықпын деп туып-өскен аймағын атайды. Олар бұрынғы рулық тектерін ұмытқаны байқалады. Ал сол рулардың қазақстандық көпшілік бөліктері рулық жадын сақтап келеді. Бұдан біз ХVІ ғасырдың бас кезінде қазіргі қазақтар мен өзбектердің бір халық болғанын көреміз. Қазақтар «Өзбек өз ағам» дегенде өздерінің көшпелі өзбектерден бөлініп шыққандығын айтқан.
Шежірелері бойынша Садықтан – Мәмбет, Мәді. Мәмбеттен – Бердіқожа, Қожабек, Өмірбек тараған. Бұлардың ішінде Бердіқожа іскер, жігерлі, парасатты азамат ретінде Жетісу өңіріне танымал болған. Сол қасиеттерінің дәлеліндей Басши өңіріндегі өте дәулетті, бай адамдардың бірі ретінде танылған.
Отарлық Ресей билігінің 1900 жылғы Қапал уезіндегі болыстық сайлау өткізу құжаттарында Бердіқожа Мамбетовтің 52 жаста екені көрсетілген. Ат жалын тартып мінген соң-ақ Басши мен Қоңырөлең аймақтарынан құрылған Борақожыр болысындағы №1 ауылдың белсенділерінің, тізгін ұстаушылардың бірі болған. Алғашында орыс әкімшілігі енгізген ауыл биінің орынбасары, кейінірек биі болып сайланып отырған. Бұл ауыл 1868 жылы аға сұлтандық билік жойылған соң, бостандық алған төлеңгіттерден құрылған. Сөз жоқ, ол заманда әр рудың, әр ауылдың басшысы, биі қарамағындағы тұрғындардың мұң-мұқтажын, әртүрлі жағдайларға байланысты туындайтын күрделі мәселелерді шешуге тиісті болғаны мәлім. Мұндай жауапты істерді Бердіқожа Мәмбетұлы сол қауымнан шыққан Үмбет Дербин, Шалдыбай Көпшіков, Туғанбай Қуанышпайұлы, Көлбай Маметекұлы сияқты сол кездегі белгілі кісілермен бірлесіп шешіп отырған. Сондықтан да тұрғындардың әділдік іздеп баратын сенімді адамдарының біріне айналған.
Ол Басши өңіріндегі Борақожыр болысынан бөлініп, жеке шаңырақ көтеру ісіне белсене араласып, Төңерек болысының құрылуына төлеңгіттер қауымы атынан үлес қосқандардың бірі. Әкесі Шормақ батырдан соң Сарқұл руының тізгінін ұстаған Шоңқыбай, оның бауыры Темірбектің ұлы Баубек, әкелі-балалы Әлімжан, Қасен Қапсалаңов сынды болыстармен аралас-құралас жүріп, кейде олармен бәсекелесіп, таласып, дауысқа түскені де белгілі.
Әрине, ол мұсылман дінін уағыздайтын қожалар әулетінен болған соң бұл қасиетті парызын да қатар алып жүргені даусыз. Әкесі өздерінің сарт емес, қожа тұқымынан екенін дәлелдегісі келгендей, тұңғышының есімін Бердіқожа деп қоюы, ал өз кезегінде ол тұңғыш ұлының есімін Сейітқожа деп қоюынан олардың ата-тегін сақтауға тырысқанын түсінуге болады.
Соңғы рет Бердіқожа 1900 жылы өзінің 28 жастағы ұлы екеуі Төңірек болысының басқарушысы лауазымына (бәрі төрт адам) дауысқа түсіпті. Алайда ол өте алмай, баласы Сейітқожа болыс сайланған Баубек Темірбекұлының кандидаты болған. Осыдан кейін ол болыс, билердің қызметіне таласуды қойып, жолды балаларына берген. Өзі 1902 жылы қажылыққа барып, елге аман-есен оралған соң «Бердіқожа қажы» атанып, дін ісіне берілген.
Есесіне қажының ержеткен ұлдары атқа мініп, қоғам өміріне белсене кіріскен. Мұны ұлдары Сейітқожаның 1900 жылы болыстың орынбасары, 1903, 1906 жылдыры №1 ауылдың биі, Сейітахметтің 1909 жылы болыстың орынбасары, ал Сейітқазының ауыл биі болып сайланғанынан көруге болады. 
1915 жылы әкесі пайғамбар жасынан асып қайтыс болғанда балалары Жағатал өзенінің жағасында ғажайып әдемі күмбезді бейіт тұрғызған. Бір ғасырдан асса да сол күмбез әлі өз қалпында тұр. Өйткені ол ерекше мықты күйдірілген қызыл кірпіштен салынған. Бұрын Басши өңірінде өткен ғасырлардан жеткен күмбезді бейіттер көп болатын. Тіпті Ұзынбұлақтағы зират Көпбейіт деп аталатын. Алайда олардың бәрі де жай кірпіштен тұрғызылғандықтан көбісі зымырап өтіп жатқан уақыт тезіне шыдамай қирап немесе жартылай құлап жоғалып барады. Амал қанша, енді бір елу жылдан соң ештеңе қалмайтын сияқты.
Ал Бердіқожа қажының күмбезі аздап ескіргені, біраз жерінің сыртқы кірпіштері құлап бір қабырғасына жарық түсіп, сыры кеткені болмаса, сыны кетпей «мен мұндалап» тұр. Ол Басши алқабындағы Нұрым ауылынан 2-3 шақырым жерде. Қажы қайтыс болғанда арнайы алдырылған шеберлер оның кірпіштерінің лайына жылқының қылын, ешкінің жүнін, балықтың майын қосып, әзірлеп, шеңгелдің отымен күйдіріп  тұрғызған делінеді. Күмбездің биіктігі 8-10 метрдей, ішінің диаметрі 4 метрдей, киіз үйдің сегіз керегесі сияқты құрылып, жоғарғы жағы күмбезделген. Кезінде үстіңгі бөлігі қаңылтырмен жабылған екен. Сол ғасырдың отызыншы, қырқыншы жылдары жоқшылықтың салдарынан қаңылтырлары қолды болып, тұрғындар пеш жасауға қолданған екен.
Әрине, мұндай күмбез тұрғызу кезінде қаржыны талап еткен. Ол қаражатты қажыдан қалған мол дәулет пен балаларының байлығы көтергендігі аян. Ұрпақтарының айтуынша, қажының он ұлы, екі қызы болған. Ұлдарынан отарлық билік құжаттары бойынша Сейітқожа, Сейітқазы, Сейітахметтердің есімі және кейін біз ұрпақтарын көрген Зейілқожа (Зейнешке), Әлімқожа (Әлім), бесеуінің ғана есімдері белгілі. Оның өзінде алғашқы үшеуінің аттары аталғанымен кейінгі өмірлері, тұқым-тұрпағы белгісіз. Шамасы Қазан төңкерісінен кейін байлар, би-болыстар, төре, қожалар қудаланған кезде отбасылармен бірге жер аударылып немесе шекара асып кетіп, қайтып оралмаған.
Қажының соңғы екі ұлы Зейнешке мен Әлімнің, інісі Қожабектің ұрпақтары бүгінде Басши өңірінде тұрады. Зейнешкенің ұлы Әбдіқадыр (Қадыр) Ұлы Отан соғысында мерт болған. Оның ұлы Болат Қадыров көп жылдар Басши совхозында бас инженер қызметін абыройлы атқарды. Ал Әлімнің ұлы Жанай Қоңырөлеңде, «Октябрь» совхозында бас прораб болып, ұзақ жылдар табысты қызмет етті.
Қожабектің ұлы Қожахмет «Нұрым» колхозының, совхоздың белді еңбеккері болса, оның ұлы Ахметқали «Басши» совхозында бас прораб ретінде өндірістің, құрылыстың өркендеуіне өзінің қомақты үлесін қосты. Ұлы Отан соғысына қатысып оралған майдангер Бекмұхамбет Қожабеков колхоз бен совхозда озат еңбеккер атанып, он шақты ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.
Бұл орайда Абдірасыл Халықов пен Ахметқали Қожахметов одан кем қалмай, басшиліктердің санын молайтқанын атап айтуға болады.
Ал оның қыздарының бірі – Нұржамилаға Бердіқожамен бірге Меккеге барып, кезінде Тау-жалайыр болысының басқарушысы болған Ерасыл қажының ұлы Иемберген үйленген екен. Иембергеннің қызы Нұршай апай кезінде Талдықорған облысының салық басқармасы мен комитетінің бастығы болып көп жылдар табысты қызмет еткен біздің ауылдасымыз Әбдіманан Ілімжановтың анасы. Жарықтық, жүзге жуық жасап, осыдан жеті-сегіз жыл бұрын өмірден озды. Құдай бұйыртса, биыл Әбдімананның өзі де сексеннің сеңгір биігіне шығады. Оған достары:«Сенің мықты болғаның, нағашыларыңның мықтылығынан ғой», – деп әзілдейміз.
Басшиде құрылған «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғат паркі өткен жылы ЮНЕСКО-ның тізіміне алынып, ерекше қорғалатын аймаққа айналды. Қазір жыл санап оған арнайы келетін шетелдік, қазақстандық саяхатшылардың саны еселеп арта түсуде.
 
Егер Бердіқожа қажының күмбезін күтімге алып, жан-жағын тегістеп, тазалап, қоршап, маңына ағаш отырғызып көріктендірсе, ұлттық паркке келетін туристерге көрсетуге тұратын көне құрылыс жәдігерлерінің бірі болар еді. Өйткені  Жетісу өңірінде ғасырдан аса уақыттан бері тұрған, егер жөнделсе әлі де бірнеше ғасырға шыдас беретін, ою-өрнегі көрген жанды қайран қалдыратын күмбезді бейіт жоқ. Тек бұл күмбезге жеке бір адамның бейіті деп қарамай, кейінгі ұрпақтар да көруге тұратын көне құрылыс ескерткіші ретіндегі қарайтын көзқарас пен есепке алып, жөндеу жүргізетін қамқорлық керек. Тіпті, аса көп қаражат та кете қоймайды. Ең бастысы, ынта, ықылас керек. Ол үшін «Алтынемел» табиғат паркі бар, аудандағы, облыстағы көне ескерткіштерді қорғайтын мекемелер бар, осы бір келешек үшін керекті істі қолға алып, жүзеге асырса Басшидің халқы шексіз риза болар еді-ау.
 
Ерғали Ахмет,
Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы