ЖАҚСЫ АДАМ ЖАЙЛЫ ЖАҢА КІТАП

Уақыты: 25.01.2019
Оқылды: 1439
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кітап – рухани қазына. Әсіресе, бүгінгі қызылды-жасылды, құнды-құнсыз туындылар көптеп шығарылатын уақытта жинақтың ішіне емес, сыртына қызығып жататынымыз жасырын емес. Оның үстіне, кітап оқуға екінің бірі уақыт таба бермейді. Тіпті, оқуға құлқы да жоқ адамдар бар. Бірақ Аманғазы ШЕГІРОВКЕ арналған «Тәубә өміріме» деп аталатын туынды қоғамдағы рухани олқылықтың орнын толтырып тұр. Жаңа кітаптан аттап өте алмайсыз: қызықты, тартымды, өнегелі сыр шертіледі.

Аманғазы Ахметқалиұлы – танымал қоғам қайраткері, Алматы облысының, Талдықорған қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері.

Кітапты ашып қарағанда Аманғазы Ахметқалиұлын танитын жандарға арналған сияқты көрінеді. Дегенмен, парақтап оқысаң, құнды мәліметтер мен тың деректер жетерлік. 300-ден аса беттен тұратын туындыда соғыстан кейінгі ауыр кезең жайлы, Кеңестер одағы ыдыраған соң орын алған қиыншылықтар мен тәуелсіз мемлекеттің құрылуы туралы құнды деректер жинақталған. Мемлекетіміздің жеке-дара ел болып қалыптасуына Аманғазы Шегіровтің де қосқан үлесі зор.

Туындыны парақтап, мазмұнымен таныса бастағанымызда батырдың ішкі әлемі, оның бүгінгі күнге дейінгі сенімді ұстанымдары оқырманға оңай әрі әсерлі түрде жеткізілген.

Жинақ туралы А. Ахметқалиұлы:

- Өткен жиырмасыншы ғасырдың 30-шы жылдары дүниеге келген ұрпақтың балалық шақтары Екінші дүниежүзілік соғыстың отына шарпылды. Елдің ауыр тұрмысы мен күйзелген шаруасын көтеруге жалаң аяқ, аш құрсақ бола жүріп өскен сол кездегі балалар ерте араласты. Сол бейнетті ұрпақтан бүгінгі аға ұрпаққа айналып отырған бірталай қатарластарымыз бүгінде ортамызда жүр. Оған тәубә дейік. Олар сол қиын да қаһарлы заманның жоқшылығы мен жетімдігінің барлығына көніп, оны жеңіп, оқу оқып, білім алып, ар тазалығы мен жан тазалығын, ынсап пен қанағат атты қасиеттерді бойына сіңіре отырып, бұлжытпай өмір сүрді. Әлі де сол жолдан тайған емес. Таза, қасиетті еңбек етті. Міне, сондай тұжырымдаманың қатарында мен де бар сияқтымын, – деп басынан өткен қиын-қыстау кезеңдерге тоқталып, бейбіт өмірімізге шүкіршілік ете білейік деген түйін жасайды.

Сегіз бөлімнен тұратын автобиографиялық жинақты құрастырушы – Талдықорған қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы білім саласының үздігі Раушан Жәнібекова.

– Әуелі мені Аманғазы Ахметқалиұлының кітапқа ұсынған барлық құжаттарды қаз-қалпында сақтап, ыждағаттылықпен жинағаны таңғалдырды. Өйткені ол жерде өндіріс және партиялық қызметі туралы жарияланған мақалалар ғана емес, өткен ғасырдың 60-шы жылдардың басындағы Бүкілодақтың баспа газеттерінің қиындылары да бар. Сондай-ақ, алғашқы жұмысынан бастап қызметтік куәліктерінің көшірмелері мен сол дәуірдің сирек кездесетін суреттері, құжаттарын таба аласыз, – деп өз ойымен бөлісті Р. Жәнібекова.

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп жазушы Ә.Кекілбаев айтпақшы, кітапқа қызықсаңыз «Тәубә өмірімені» оқыңыз. Егер кітапхананың кітап сөрелерінен аталмыш туындыны көрсеңіз, міндетті түрде ашып, парақтап танысып шығыңыз. Ішінен өзіңізге керегін табарыңыз бек мүмкін.

                                                                  Еңлік ҚАБДЕШ