ӨЛЕҢ – ӨМІР СӘУЛЕСІ

Уақыты: 22.02.2019
Оқылды: 2370
Бөлім: РУХАНИЯТ

Халықаралық Жазушылар және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, ардагер ұстаз Алтыншаш Жақиянова 60 жасқа толды. Соған орай ақынның Қапшағай қалалық Мәдениет үйінде «Өлеңім –  өмірімнің өрнегісің» атты шығармашылық кеші мен «Сезімнің гүлі» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Мәдени шара ақын өмірінен өрбіген сахналық көрініспен басталып,  қаламгердің өмірбаянынан сыр шертетін бейнефильмге ұласты. Одан кейін он жасынан жыр жазып, 50 жыл өлеңнен ажырамаған кеш иесі Алтыншаш Жұманқызы қошеметпен сахна төріне шақырылды. Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Сағдат Нұрғазиев:

- Сөздің киесі қастерленген рухани кешке куә болып отырмыз. Киелі поэзия әлемінде өзіндік үн, бояу, ажары бар, сырлы да нәзік өлеңдерімен оқырман қауымын елең еткізіп, жырмен тербеп жүрген, есімі республикаға танымал Алтыншаш Жұманқызын мерейтойымен құттықтаймын, – дей келе, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башпаев пен Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбековтің құттықтау хаттарын табыс етті. Сондай-ақ, ақынның «Сезімнің гүлі» атты кітабының тұсаукесер лентасын қиды. Әрмен қарай ақын «Менің анкетам» атты өзін таныстыру өлеңін оқыды. Көңіл сырын жырға қосқан ақынның шығармашылық кешіне жиналғандар екі жарым сағат бойы поэзия әлемімен сырласты.

Ұлтқа тән тектілік танытып жүрген қаламгер Қапшағай өңірінің тарихы, ел ардақтаған бұрынғы және кейінгі атпал азаматтарына арнаған «Қазақтың Қонаевы», «Әнім сенсің, Қапшағай»  сынды әндері кеш маңызын одан ары айшықтай түсті. Ал «Асыл әже», «Ұлыма», «Жан асылым», «Көктемеде», «Сенің әнің» әндері аналық махаббат пен әжелік мейірімнің шуағын төгіп тұрғандай әсер қалдырды. Алтыншаш Жұманқызының шәкірттері мөлдіретіп өлеңнен шашу шашып, көңілді ерекше толқытып, өмірдің жарық сәулесін молынан төккендей болды. Кеш қонағы Қазақстан Жазушылар, Журналистер, Термешілер одақтарының мүшесі, халықаралық айтыскер, жыршы-жырау Аманғазы Кәріпжан  құттықтау сөзін төгілтіп, өлеңмен кестеледі. Ат арылтып Астанадан келген курстасы, журналист Залида Қаттаубаева, қасиетті Түркістан облысынан келген сыныптасы Мәдібек Тұрғанбеков мерейтой иесіне ақжарма лебіздерін білдіріп, шығармашылық сәттілік тіледі. Алтыншаш Жұманқызы саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұстаз болғандықтан балдырғандарға арнаған «Құлыншақ» жыр жинағындағы өлеңдерін жатқа оқыған кішкентай бүлдіршіндердің бал тілі  көрермендерді тәнті етті.

Кеш ақын шығармасы негізінде әзірленген поэтикалық композициямен әдемі өріліп, көрерменді тамаша әсерге бөледі. «Гүлдер» балабақшасының кішкентай бүлдіршіндері, мектеп оқушылары, колледж студенттері ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Кешке жиылған қауым ақынның өз қолынан қолтаңба алып, ризашылықпен тарасты.

Зарыққан ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ
Қапшағай қаласы