ӨНЕР ӨРЕНДЕРІ

Уақыты: 24.02.2019
Оқылды: 1215
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Адамның жан дүниесін ақтару үшін оған ән айтқызу керек» депті түрік ақыны Назым Хикмет. Шынымен де, нағыз өнер – тазалықтың символы. Ақын сөзінің арғы жағында сол өнердің құдіреті, оған бет бұрған адамның кіршіксіз ниеті жатыр десек жарасар. Ал осы өнерге ден қойған жас ұрпақтың жетістігін атап, оған ортақ болу, ілтипат білдіру де – жақсылық нышаны. Соның бір дәлеліндей Ақсу ауданындағы Жаңатілеу орта мектебіндегі би үйірмесінің тәрбиеленушілері әркез өнер биігінен көрініп келеді.

Олар Талдықор­ған қаласында өт­кен респубикалық «Дала сазы» байқауында жеңіс тұғырынан көрінді. «Хореография» номинациясы бойынша Әйгерім Орынтай бас жүлдені иеленіп, халықаралық байқауда бақ сынауға жолдама алды. Сон­дай-ақ, «Вокал» номинациясында Шахизада Қызыр ІІІ орынды қанжығалады. Одан бөлек, І. Жан­сүгіров ауылында өткен сайыста Әйгерім алтыннан медаль тағынса, Ша­хизада күмісті ұтып ал­ды. Олар: «Же­ңіс­ке жетуіміз – жетекшіміздің еңбегі», – дейді.
Иә, «Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» демекші, көркемөнер жетекшісі Эльмира Нұрышеваның сіңірген еңбегі орасан зор. Тәрбиеленушілерінің бойынан таланты мен құлшынысын байқап, шыңдай түскен. Еңбегі бағаланып, «Үздік жетекші» номинациясымен және Алғыс хаттармен марапатталған.  
– Біздің жас та­ланттарымыз ұлттық биден, ұлт аспаптарына арналған және вокал номинацияларынан алдыңғы орыннан көрінуде. Әркез жүлдемен оралуда. Әйгерім мен Шахизада қыздарыма өте ризамын. Талпыныстары жоғары. Болашақта биіктен көріне беруіне тілектеспін, – дейді Эльмира Мыңбайқызы. 
Жас та болса бас болып, өзінің білгенін өзгеге үйретуден жалықпайтын Эльмира апай әлі де болса үйретерінің көп екенін айтады. Шәкіттерінің болашақта алар асуы мен олардың талантына зор сеніммен қарайды.
Болашағынан зор үміт күттіретін өрендерге сәттілік серік болғай.

Еңлік ҚАБДЕШ