"СЕНІМІМ МОЛ": МЕКТЕП МҰҒАЛІМІ КУРСТАН АЛҒАН ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ

Уақыты: 16.01.2020
Оқылды: 1537
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазіргі заман талабына сай әр мұғалім өз білімін жетілдіріп, ескі, бірсарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да мәнді, қонымды, тиімді болары сөзсіз.

Бүгінгі таңда білім беру үдерісіне нақты өзгерістер енгізумен қатар,  білім беру ұйымдарында болып жатқан тың жаңартулар, ауқымды өзгерістер мен ғылыми зерттеулер білім беру қызметіне жаңаша серпінмен қарауды, әрі қол жеткен табыстарды бағалай отырып, болашақ мамандардың шығармашылық қабілетін дамытуды, оқытушы іс-әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыруды көздейді.

Қазіргі талапқа сай қызмет істеу үшін алдымен мұғалім өзінің теориялық және әдістемелік білімін ұдайы толықтырып, үздіксіз ізденуі, өз мамандығын жетілдіру және қызмет саласындағы жаңалықтар мен озық тәжірибесін үнемі жетілдіріп, үздіксіз іздену – бүгінде мұғалімдерге қойылып отырған басты күн талабы.

Мұғалім шеберлігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі – ғылыми жаңалықтар мен озық тәжірибені жетік игеру. Білім берудің ұлттық модуліне көшкен қазіргі мектепке ойшыл, зерттеуші, практикалық үйлестіруді шебер меңгерген іскер мұғалім қажет. Жаңа білім алу үрдісі оқытушы мен оқушыға шығармашылықпен жұмыс жасауға итермелейді, себебі оқушы білімді өздігінен іздену арқылы алу керек болса, мұғалім оқушының білім алуына себептер, жағдайлар тудыру керек.

Осы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру барысында «Өрлеу» БАҰО филиалы АОПҚБА институты 09.12 – 21.12.2019 жылы Кербұлақ ауданы, Сарыөзек орта мектебінің базасында «Бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту» арнайы бастауыш сынып мұғалімдеріне, «Мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру процесін жобалау» тақырыбында мектепке дейінгі педагогтарына арналған біліктілікті арттыру курсын өткізді.

Осы курстан менің және әріптестерімнің алған әсері, әдіс-тәсілдері мол болды. Курсқа келген күннен бастап өзімізді көптен мазалап жүрген сұрақтарымызға жауап алдық. Жаңартылған білім беру бағдарламасына байланысты критериалды бағалау жүйесі, интербелсенді әдістер, саралау әдістерінің тәсілдерін қысқамерзімді жоспар құру барысында жоспарлауды «Өрлеу» БАО филиалы АОПҚБА институты «Мектепке дейінгі тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру» кафедрасының аға оқытушылары  Г.Фазлыева, А.Қайролдаева дәрістер мен тренингтер арқылы меңгертті. Алғашқы күннен бастап алдыңғы білімімізді кейінгі біліммен ұштастыра отырып, жаңа бағдарлама ерекшеліктерін сабақта қолданатын тиімді, белсенді әдістерді түсіндіре білді.

Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – қолайлы орта құра отырып, сын тұрғысынан ойлауға, құзыреттілікке, сапаға бағытталған білім жүйесін, бағдарламаның маңыздылығын, сабақты оқушылардың қажеттілігін ескере отырып, жоспарлау барысында тиімді қолдануды осы курс барысында, қосымша семинар жүргізу арқылы үйретті. Тек оқумен шектелмей, күнделікті сабақ барысында ОМЖ, қысқамерзімді жоспар жазып, көрнекіліктер жасап, ширату жаттығуларды құрудың тиімді жолдарын меңгеріп, білімімізді жетілдірдік. Білікті арттыру курстары жиі өткізілген жағдайда  мұғалімдер өз білімдерін шыңдап, тиімді әдіс-тәсілдерді қолдануды меңгереді, сабақтың сапасын арттырады деген ойдамын. «Өрлеу»  БАҰО АҚ филиалы Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының әкімшілігіне, «Мектепке дейінгі тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру» кафедрасының аға оқытушылары Г.Фазлыеваға, А.Қайролдаеваға шексіз алғысымызды білдіреміз. Еңбектеріне шығармашылық табыс, дендеріне саулық, отбасына береке-бірлік тілейміз.

Сөзімді қорытындылай келе, осы курстан алған білімімізді өз шәкірттеріме үйретіп, рухани құндылықтарды бойына сіңірген, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыратынымызға сенімім мол.

Гауһар  ҚҰНАНБАЕВА,

Күреңбел қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі

Сарыөзек ауылы

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы