ЕҢ ҮЗДІК МҰҒАЛІМДЕРГЕ 2 МИЛЛИОН 778 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 02.10.2020
Оқылды: 1578
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мұғалімдер күніне орай Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВТІҢ қатысуымен салтанатты шара өтті. Онда Республикалық "Үздік педагог-2020" байқауының жеңімпаздары марапатталды. Алғаш рет онлайн форматта өткен шараға әр облыстың білім саласы қызметкерлері қатысып, тамашалауға мүмкіндік алды.

Салтанатты жиында Асхат Қанатұлы ұстаздар қауымын мерекемен құттықтады.

- Ардақты мұғалімдер, ұлағатты ұстаздар! Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтпақшы, ең басты мамандық – ұстаздық екені даусыз. Ұстаз барлық мамандық иесін тәрбиелейді, білім береді. Әрине, біздің мемлекетімізде ұстаздардың мәртебесін көтеру, тиісті жағдай жасау бойынша үлкен іс-шаралар атқарылуда. Биылғы қаңтар айында мұғалімдер жалақысы 25 пайызға өсті. Енді екі жылда тағы да 25 пайыздан көтеріліп, жалақыны екі есе арттыру жоспарда бар. «Педагог мәртебесі» туралы Заң да қабылданып, көптеген мәселе соның аясында шешімін табуда.

Биыл мұғалімдік мамандықты таңдаған «Алтын белгі» иегерлерінің саны екі есеге артты. Бұған дейін бұл мамандыққа құжат тапсырған талапкерлердің орта балы 60-65 болып келсе, биыл 100 баллға жетті. 1 қыркүйектен бері біздің болашақ мұғалімдер ең жоғарғы шәкіртақыны ала бастады. Демек, былтыр 26 000 теңге болса, биыл 42 000 теңгеге өсті. Бұл мұғалім мәртебесін көтеру, осы мамандыққа келетін суденттерді ынталандыру мақсатында атқарылып жатқан нақты шара.

Пандемия кезінде де педагогтар өз жұмысын белсенділікпен жоғары деңгейде атқарды. Сол үшін ұстаздарға алғысымды айтқым келеді. Төл мерекелеріңізбен тағы бір мәрте құттықтап, қажымас қайрат, мықты денсаулық, бақ-береке тілеймін. Шәкірттеріңіз сіздердің еңбектеріңізді ақтайды деп сенемін, – деді министр.

Бұдан соң "Үздік педагог – 2020" байқауының бірқатар жеңімпаздарын 2 778 000 теңге (1000 АЕК) көлеміндегі сыйақы және төсбелгімен марапаттады.

Алматы облысының төрт ұстазы бұл бәйгеде оза шауып, өздерінің үздік екенін дәлелдеді. Осы орайда салтанатты шара барысында жетісулық ұстаздар атынан сөз алған Көксу ауданы, М.Құрманов атындағы №2 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі, «Үздік педагог – 2020»  байқауының жеңімпазы Людмила Герман ұстаздардың жұмысына тың серпін беретін байқаудың маңызы жоғары екенін айта келіп, өз еңбегінің негізгі бағыты балалардың бойындағы зерттеушілік қасиетті дамыту екендігін алға тартты.

Онлайн негізде өткен салтанатты шарадан соң Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли «Үздік педагог» байқауында топ жарған жетісулық жеңімпаздарды марапаттады.

Атап айтсақ, Талдықорған қаласындағы №28 ІТ мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Индира Байғожинаға, дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Мұхтар Арын атындағы №24 экономика және бизнес арнаулы лицейінің математика пәні мұғалімі Мұрат Булановқа, Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің арнайы пән оқытушысы Айнұр Қабдуллинаға, Көксу ауданы, М.Құрманов атындағы №2 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Людмила Германға төсбелгілер тағып, сертификат табыс етті.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Фото - Руслан ҚАДЫРОВ

Алматы облысы