МУЗЕЙЛЕРГЕ АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН МАМАНДАР ҚАЖЕТ

Уақыты: 10.10.2020
Оқылды: 1222
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам ӘЛИ облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаевпен бірге Талдықорғандағы бірқатар мәдениет мекемелерін аралап, олардың жай-күйімен танысты. Әсіресе, М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің заман талабына сай болуына, көпшілікке қалтқысыз қызмет етуіне айрықша назар аударды.

Мекемеге бірден кіргеннен-ақ облыс әкімінің орынбасары: «Ағылшынша сөйлей алатын экскурсия жүргізушілері бар ма?» - деп сұрады. Музей директоры Рысжан Аязбаева бір ғана маманның ағылшынша таныстырылым жасай алатынын жеткізді.

Кіреберістегі өлке тарихы мен құндылықтарын таныстыратын электронды планшеттің неге өшірулі тұрғанын сұрады. Бұған музей директоры көрсетілетін көрнекіліктердің жаңаланып жатқандығын жеткізді.

– Шетелден қонақтар келсе, бірінші кезекте осы музейге алып келеміз. Өйткені, бұл біздің Жетісудың тарихын бейнелеп, бедерлейтін бірден-бір мәдени нысан. Оның уақыт талабына сай болуы аса маңызды. Шыны керек, қашан келсең де, осы планшет өшірулі тұрады. Онда мұның пайдасы не? Бұл халыққа қызмет етуі тиіс. Келген адам жан-жақты мағлұмат алып, ерекше әсермен қайтуы керек. Өзім бірнеше мәрте шетелдік қонақтарды алып келдім. Сонда ағылшын тілінде қызмет көрсететін маманды көрмедім, – деді Рустам Әлиұлы.

Мұндағы жәдігерлердің де уақытылы жаңартылып, талапқа сай сақталып, көрнекі құралдардың жаңа үлгіде безендірілуі де маңызды екендігін тілге тиек етті. Ескі заттар сақталған қойма ішін аралап көрді. Қызметкерлер отыратын бөлмені көріп, жуырда алынған 3D сканермен Жетісудағы музейлер жәдігерлерінің көшірмесін жасап, халыққа таныстырудағы маңызына мән берді.

– Мұның бәрі болашақ жастар үшін қажет. Сондықтан, өлкеміздегі бар жәдігерлерді сканерлеп, оны әлеуметтік желілер арқылы таныстырып, оның тарихын жас ұрпақ жадына сіңіруіміз керек. Музейге жастар мен оқушылар келгенде іздегенін тауып, ерекше әсерге бөленіп қайтатындай болуы қажет. Ол үшін жаңаша ізденіс таныту керек, – деді Рустам Әлиұлы.

Бұдан соң былтыр басқа ғимаратқа көшкен Сүйінбай атындағы облыстық филармония жұмысымен танысты. Мұндағы көрермен залының, жұмыс бөлмелерінің талапқа сай келетіндігін сұрап білді. С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасына да ат басын бұрды. Күнделікті қанша оқырман келетініне, кітап қоры мен мерзімді басылымдарға жазылу деңгейіне мән берді. Соңғы уақыттағы классикалық әдебиеттердің аз, ағылшын тіліндегі кітаптар мен журналдардың тіпті жоқ екендігін көріп, алдағы жылға осыларға жазылуға кеңес берді.

– Кітапхана – рухани азық алатын бірден-бір орын. Сол себепті жас ұрпақты кітапханаға тарта білуіміз қажет. Ол үшін соған лайық жағдай жасалу керек. Өткен жылы облысымыздың ақын-жазушыларының 62, биыл 14 кітабын шығардық. Оның ішінде 20 жас ақынның кітабы жарық көрді. Міне, осындай жетістіктерімізді ерекше безендіріп, даралап көрсетіп, жастарды неге ынталандырмасқа? Кітапханаға оқырмандарды тартатындай, қажетті әдебиеттерді іздеп таба алатындай дәрежеге жетуіміз керек, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұдан соң Талдықорған мемлекеттік архиві мекемесінде болып, мұндағы тарихи құжаттардың сақталуы жайына назар аударды. Жалпы мұрағат тарихы 1944 жылдан бастау алады. Бұл ғимарат 1976 жылы салынып, осыдан үш жыл бұрын күрделі жөндеу жұмысынан өткен. Қазіргі таңда 882 қор, 275 000 сақтау бірлігі бар. Архив директоры Гүлжихан Истамбекованың айтуынша, құжаттар талапқа сай сақталған.

Нысандарды аралау барысында облыстық Көркемөнер галереясы мен Б.Римова атындағы облыстық драма театрында да болып, ондағы жағдайды бағамдаған Рустам Әлиұлы қажетті сын-ескертпелерін айтып, мәдени мекемелердің карантин кезінде де халыққа тоқтаусыз, жоғары дәрежеде қызмет көрсетуіне баса назар аударды.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы