АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЖАЗУШЫ ЖҰМАБАЙ ШАШТАЙҰЛЫН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 11.10.2020
Оқылды: 2267
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысының əкімі Амандық БАТАЛОВ Жамбыл ауданына барып, белгілі қаламгер, жазушы Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫН 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Жазушыға Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ құттықтау хатын табыстап, ізгі тілегін жеткізді. Бұл жайында Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Президенттің құттықтау хатында: ”Құрметті Жұмабай Шаштайұлы! 70 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын! Сіз осы мерейлі жасқа еліміздің руханият саласын өркендетуге сіңірген еңбегіңізбен, оқырмандарға сыйлаған тартымды туындыларыңызбен келіп отырсыз. Айтулы азамат, қарымды қаламгер ретінде отандық бұқаралық ақпарат құралдарында жауапты қызметтер атқарып, бірқатар республикалық басылымдарға басшылық жасап, қазақ баспасөзін дамытуға мол үлес қостыңыз. Алдағы уақытта заман ағымына өз үніңізді қосып, əдебиет əлемінде мол табыстарға жетіп, жаңа шығармаларыңыз жарыққа шығып, ел-жұрттың құрметіне бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр мен бақ-береке тілеймін”, - делінген.

Облыс əкімі Жетісу жұртшылығының атынан қаламгерге шығармашылық табыс, ұзақ ғұмыр тіледі.

Еске салсақ, Жұмабай Шаштайұлы - жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиаты, Халықаралық Жамбыл атындағы жəне “Алаш” сыйлықтарының иегері. Алматы облысында туған. Республикалық БАҚ-тарда қызмет атқарған. “Жала мен нала”, “Жыр жолбарыс”, “Біздің заманның Аяз биі”, “Жаңғырық” сынды кітаптардың авторы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"