Ақын Сараның 170 жылдығына орай мүшәйра өтті.

Уақыты: 20.05.2023
Оқылды: 1143
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Ақсуда айтыс өнерінің саңлағы Ақын Сараның 170 жылдық  мерейтойына орай  «Талантқа тағзым» атты мүшәйра өтті.   Оған 14 пен 35 жас аралығындағы 14 ақын қатысты.

Талап бойынша ақындардың алғашқы өлеңі Ақын Сараға арналуы тиіс. Екіншісі еркін тақырыпта. Шараның салтанатты ашылуында аудан әкімінің орынбасары Ғазиз Есжанов жер-жерден  ат арылтып келген қатысушылар мен қонақтарға құт қонып, кие дарыған Ақсу жеріне келген қадамдарыңыз құтты болсын деді. Ол: «Жас дарындарды Ақсудың киелі топырағынан жаралған жыр Құлагері Ілияс Жансүгіров, айтыс өнерінің қайталанбас тұлғасы Сара Тастанбекқызы, қобызшы Молықбайдың рухы қолдасын!» деген тілегін арнады.

 Мүшәйраға облыстық қоғамдық келісім басқармасының басшысы Айдар Башбаев  арнайы қатысып,  Ілиястың жерінде өтіп жатқан шараның басты мақсаты – дарынды  жастарды қолдау екенін айтты. Ол айтыс өнерінде  Ақын Сара мен Біржан Сал айтысының маңыздылығын айтвп,  қос ақынның мәнді-мағыналы айтысы ескірмейтін мұра екеніне тоқталды. Игі шараны ұйымдастырған  Ақсу ауданының әкімі мен облыстық жастар ресурстық орталығына алғыс білдірді.  Екеуінің айтысы жайлы әртүрлі нұсқа бар. Соның бірін ақсулық драматург, Ақын Сара зерттеуші  Тәңірберген  Қалилаханов «Ақын Сара Тастанбекқызы» деген кітабында келтіреді. Сонда Ахмет ақын:

Кез болып Сараменен Біржан ақын,
Айрықша Ешкіөлместің атап атын.
Қалың ел Қаптағайды бір қуантып,
Әсерлі әнін айтқан кешке жақын, – дейді. Бұл күнгі мүшәйра әйел теңдігін аңсаған Ақын Сараның шығармашылығын ашуға арналған. Қатысқан 14 ақын талапты орындады. Бұл орайда сөз алған әділқазы мүшесі ақын, Нүсіпбай Әбдірахым жас ақындардың талабын құптай келе, кейбір өлеңнің бір қайнауы ішінде екенін айтты. Тақырыпты ашу, ұйқас, шығармашылық жағынан кемшін тұстары байқалып жатты.

Бірақ, осындай мүшәйра талапкерлерді шыңдап, қамшылайтыны сөзсіз.  «Бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші,  жүйріктер жарысында оза шапқандар болды.  «Талантқа тағзым»  мүшәйрасының 1-ші орынын панфиловтық  Болатқан Данияр, 2-ші орынын Кербұлақ ауданынан Бақыт Қалибек, 3-ші орынды  Мұхтар Күмісбек алды. Ақын Сараның 170 жылдық мерейтойының негізгі бөлігі күзде Ақсу өңірінде өтеді.

Гүлжан Мұқашқызы
Сурет ғаламтордан алынды