"ОНЛАЙН ӨТІНІМ БЕРУ КЕРЕК": ҚҰРБАНДЫҚ ҚАЛАЙ ШАЛЫНАДЫ?

Уақыты: 28.07.2020
Оқылды: 1479

«Jetisý media» ақпараттық алаңында «Құрбан айттағы қағида» тақырыбында брифинг өтті. Онда коронавирус індетіне байланысты қасиетті мерекені өткізудің жөн-жоралғысы сөз болды. Тақырып аясында Талдықорған өңірінің өкіл имамы Ардақ Оразбаев пен Талдықорған қаласының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Айдана Тәттімғалиева жан-жақты баяндады.

Елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескерген Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы qurban2020.kz арнайы сайтын іске қосты. Сайт арқылы әрбір ниет білдіруші құрбандық шалу рәсімін өткізуге өтініш бере алады.

– Енді Алматы облысының тұрғындары да өз борышын үйден шықпай-ақ, басқалардың денсаулығына қауіп төндірмей орындауға мүмкіндігі бар. Ол үшін сізге сайтқа кіріп, «Құрбандық шалу қызметіне тапсырыс беру» ұяшығын басу, әрі қарай өңірді, толық атын, телефон нөмірін көрсету қажет, содан кейін құрбандық шалу үшін мал таңдап, қажетті соманы төлеуге болады, –  деген Талдықорған өңірінің өкіл имамы Ардақ Оразбаев азаматтардың рәсімге жеке қатыса алмайтынын атап өтті. – Өйткені, сойып, етті бөлшектеу үшін арнайы бөлінген орында қасапшылар адамдардың тапсырыстарын орындайтын болады. Ал тапсырыс беруші фото және бейне есеп сұрай алады. Ол ет мұқтаждар арасында толығымен таратылады. Ал, қызметке тапсырыс берген азаматтар құрбандыққа шалынған малдың етінің үшінші бөлігін өзіне қалдыра алмайды.

Құрбандық шалу рәсімін өткізу орнында міндетті түрде барлық қажетті санитарлық шаралар сақталады.

– Құрбандық шалу қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып жүргізіледі. Ет сақтайтын орындарда қажетті медициналық рұқсат қағазы және арнайы киім болады. Ал салттың өзі ашық аспан астында өтеді. Сондай-ақ, 4 мобильді топ міндетті санитарлық және карантиндік шаралардың сақталуын қадағалайтын болады, – деді Талдықорған қаласының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Айдана Тәттімғалиева.

Баспасөз мәслихатын қорытындылай келе құрбандық шалуға ниет білдірген әрбір жетісулықтың құрбан шалу рәсімін онлайн режимінде өткізуге өтінім бере алатыны анықталды.

Мәулен Әнербай