«Jetisu-Bolashaq» қоры жастарға қолдау көрсетеді

Уақыты: 29.01.2024
Оқылды: 746

«Балық берме, қармақ бер» дегенді қазақ халқы бекер айтпаған. Білімді ұрпақ болашақ кепілі екені мәлім. Көзі ашық, көкірегі ояу буын тәрбилеу арқылы мемлекет дамуына үлес қосу әрбір азаматқа міндет.

Жастарды білім көкжиегіне қанат қағуына себеп болған жандар қазақ тарихында жетерлік. Солардың бірі және бірегейі ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин. Небәрі 48 жылдық өмірінде 34 мектеп салған. «Дала қоңырауы» атанған дара тұлғадан ұлағат алып жүрген жандар біздің өңірімізде де бар.

Жарқын болашаққа қанат қаққан жастардың талабын ұштап, қолдау көрсетіп жүрген «Jetisu-Bolashaq» қоғамдық қоры осы қатарда. Қор 2022 жылдың қыркүйек айында құрылған. Жетісудың белсенді азаматтарының қолдауымен ашылған қор көпбалалы және аз қамтылған отбасында өсіп жатқан жасөспірімдердің болашағына жол ашуды мақсат тұтқан. Бүгінде өңіріміздің атымтай жомарттары осы жобаға демеу көрсетіп, қордың дәріптелуіне үлкен сеп болып жүр. Қазіргі таңда Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалатын оқушылар қаладағы жекеменшік оқу орны «Innoverse Taldykorgan», «Достық» және «125 HIGH SCHOOL»-да білім алуда.

Қордың ашылғанына 1 жыл толса да оқушылардың көрсеткен нәтижесі өте жоғары. Былтыр қолдау білдірген 8 оқушы грант иегері атанып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі жоғарғы оқу орындарына түсті. Жоба тілекшілері мен ата-аналар сенім артқан 10 оқушы да биыл солардың жолын қуып,  жақсы нәтиже көрсетеріне үмітпен қарауда. Білім алушылардың да сенімдерін сейілтпей қордың жетекшілері 2023-2024 оқу жылы грантын ұтып алған оқушыларды марапаттады.  

Біз  ғасырлар бойы сақталған бабалар жолын жалғастырушы, ізбасарлармыз. Бүгінде болашағымыз болатын жастардың білім алуына, қарлығаштың қанатымен су сепкендей қолдағанымызға шынымен де қуаныштымыз. Сондай бақытты буынның қатарында жүргеніміз осы сіздердей жүрегінде мейірімі бар тілекшілердің арқасында, – деп қор құрылтайшысы Жұматай Оспанұлы ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар, аталмыш шарада ата-аналар атынан Торғын Тұрлыбаева сөз сөйлеп, демеушілер мен жиналған қауымға ризашылғын жеткізді.

Ізгі шара Дәнеш Рақышев атындағы облыстық  филармониясы өнерпаздарының ән-шашуымен аяқталды.

Назым ЖЕҢІСҚЫЗЫ
ЖУ-дің студенті
Суреттерді түсірген Дмитрий ЕРОФЕЕВ