СЫЙЛЫҚТАР ТАРАТТЫ

Уақыты: 05.03.2024
Оқылды: 393

Қазақ қайырымдылық жасап қайырын көрген халық. Өзін қоя тұрып, өзгені ойлап, тұрмысы төмен отбасыға, тағдыры талқыға түскен ағайынына қолда барын бөліп беретін дарқан мінезді, кеңпейілді ұлт.

Мұндай игі істерден шегара сақшылары да қалыс қалып көрген емес. Жақында ҚР ҰҚК шегара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің бір топ әскери қызметшілері «Жетісу облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Айналайын» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне барды.

Әскери киім киген шегарашы офицерлерді бүлдіршіндер қуанышты көңіл-күймен қарсы алды. Бүлдіршіндер аға-әпкелеріне ән салып, би билеп, өлең оқып, өнерлерін көрсетті. Департаменттің аға офицері Жұлдызай Қапанова, ҰҚК шегара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің бастығы полковник Марат Нарбаевтың ыстық сәлемін жеткізіп, балаларға сыйлықтар тарту етті.

Шара соңында сөз алған «Үміт» отбасының тәрбиеленушісі, балалар кеңесінің президенті  Ирина Веснина:

– Біздің шаңырағымызға жомарт жандар көп келеді. Арнайы ат басын тіреп келген шегарашыларға менің алғысым шексіз. Бізге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мен бұған дейін дәрігер болуды армандап жүретінмін. Бүгін әскери киім киген сұлу әпкелерімді көріп, шегарашы болғым келіп кетті, – деді.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті