АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БІР КҮНДЕ ҚАТАРЫНАН ЕКІ КАДРЛЫҚ ӨЗГЕРІС БОЛДЫ

Уақыты: 05.05.2021
Оқылды: 1044
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін Талдықорғанда Алматы облысының активі өтіп, онда аймақ басшысы Амандық БАТАЛОВ өзінің жаңа орынбасарын таныстырды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа лауазымға Арлан Момышұлы Дәндібаев тағайындалды. Оның кандидатурасы Президент Әкімшілігімен келісілді.

Арслан Момышұлы 1975 жылы туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін халықаралық қатынастар, референт мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің маманы, атташесі болып бастады. Әр жылдарда Қазақстан Республикасының Стамбул қаласындағы Консулдығының, ҚР-ның Түркия Республикасындағы Елшілігінің атташесі, ҚР-ның Амсердам қаласындағы Бас консулдығының вице-консулы, ҚР-ның Нидерланд Корольдігіндегі Дипломатиялық миссиясының екінші хатшысы, бірінші хатшысы, ҚР-ның Түркия Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік протокол қызметі Мемлекеттік және үкіметтік сапарлар бөлімінің бастығы, ҚР Президенті Протоколының бас сарапшысы, консультанты, ҚР Бас консулдығының кеңесшісі, ҚР Стамбул қаласындағы Бас консулы, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Протокол қызметінің Басшысы, ҚР Сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік протокол қызметінің Басшысы, ҚР Президенті Протоколы Басшысының орынбасары лауазымдарын атқарды.

2019 жылдың наурызынан ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Протоколының Басшысы болған.

* * *

Бүгін Алматы облысында тағы бір тағайындау болды. Алматы облысы әкімінің өкімімен Ескелді ауданына жаңа басшы тағайындалды.

Бұрын облыс әкімінің орынбасары болған Рустам Әли Ескелді ауданы басшылығы қызметіне лайық деп танылды. Рустам Әлиұлы 1984 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және І.Жансүгіров атындағы мемлекеттік университетін шығыстану және қаржы мамандықтары бойынша бітірген. Философия докторы (PhD). Бірқатар ғылыми зерттеу кітаптарының авторы және бірлескен авторы.

Еңбек жолын Алматы қаласында «Деловая неделя» газетінің тілшісі болып бастаған.

Кейін сentralasiaonlaine.com сайтында фрилансер, «Каспий» Орта Азия мен Кавказдағы этномәдени және геосаяси зерттеулер журналының Қазақстандағы ресми өкілі, «Деловая неделя» газетінің халықаралық бөлімінің редакторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің оқытушысы, «Деловая неделя» газеті бас редакторының орынбасары, облыстық ішкі саясат басқармасы жанынан құрылған Талдықорған қаласындағы «Жетісу жастары» МҚКК директоры, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың журналистика кафедрасының оқытушысы, Ескелді ауданы Қайнарлы ауылдық округінің әкімі, «ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының» Алматы облысы бойынша филиалының оқытушысы, Алматы облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болды.

2020 жылдың тамызынан – облыс әкімінің орынбасары.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"